Әлемнің 306-ракеткасы Жібек Құламбаева Сербияның Курсумлийска Баня қаласында өткен ITF W15 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Ол жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркеліп, финалда дүниежүзілік рейтингіде 751-орында тұрған сербиялық Драганья Вуковичпен алтын жүлдені атақты сарапқа салды.
Бірінші сетте Жібек Құламбаева 2:0 есебімен алға шыққанымен, корт иесі таразы басын теңестірді. Есеп – 2:2. Дегенмен, Құламбаева тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ. Осыдан кейін есеп 6:4 болды, — делінген хабарламада.
Екінші партияда есеп 4:4 болған кезде қазақ теннисшісі брейк жасай алды. Алайда содан кейін үш матчболын пайдалана алмады.
Тай-брейкте сербиялық спортшы 3:0 есебімен алға шыққанымен, Құламбаева бесінші матчболын өпайдаланып кетті. Есеп – 7:6 (7:5). Тартысты финалдық матч 2 сағатқа созылды.