Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнімен бірге менің әріптесім, досым, ағам, замандасым Ақын Ордабайдың жеке мерекесі — көптен күткен мерейтойы да келіп жетті.
60 жас! Ел ағасы жасы! Тамаша сан!
Спорт саласында жүрген азаматтар қатарында Ақынды білмейтін жан жоқ шығар.
Өз өмірін 30 жылдан астам спорт журналистикасына «қиған» тұлға бүгінде өз жемісін көруде: С. Бердіқұлов атындағы жүлденің лауреаты, қанды Желтоқсан қозғалысының сыйлы ардагері, қоғам қайраткері, жазушы, 10-ға жуық кітаптың авторы.
2025 жылдың 28 маусымы ерекше күн болды. Шағын футболдан ардагерлер арасындағы турнир мерейтой иесінің құрметіне жақсы деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың көңілінен шықты.
Туризм және спорт министрлігінен арнайы марапат жеткізіліп, Ақынға мемлекеттік награда табыс етіліп, төс белгісі тағылды.
Одан бөлек, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардан да той иесіне аса құрмет көрсетіліп, марапаттар мен сыйлар тапсырылды.
Мен де, осы ыстық күндерге қарамай, ат терлетіп, Арқаның қақ ортасынан келіп, досыма деген сый-құрметімді, ыстық ілтипатымды көрсеткен жайым бар еді.
Екі күндік мерекелік іс-шара өз мәресіне жетіп, тойланып, оң нәтижеге ие болды!
Құрметті Ақын досым! Әсел — жеңгем!
Қос қанаттарың — Дана мен Дарын! Сіздерге Алматы төрінде аяғымды жерге тигізбей, үстімнен шаң қағып, қонақжайлық көрсетіп, жылы күтіп алғандарыңызға мыңда бір алғыс! Мерей жасын тағы да құтты болсын, Ақынжан!
70 жылдығыңды да футбол алаңында қарсы алайық, досым!
Ардақ ТОҒЫМОВ,
АСТАНА-АЛМАТЫ-АСТАНА