Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы, 26 жастағы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Теннисші екінші ойынын әлемдік рейтингіде кезінде 3-орынға дейін көтерілген, қазір 77-сатыдағы грекиялық, 29 жастағы Мария Саккаримен ойнады.
Қарсыластар осыған дейін бес рет ойнап, соның төртеуінде Рыбакина жеңген еді. Бұл жолы Рыбакина матчты сәтті бастады. Бірінші сетте 6:3 есебімен жеңді.
Екінші сетті қарсыластар брейк алмасумен бастады. Бұдан соң Елена Рыбакина дес бермеді. Есеп — 6:1.
Енді Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, даниялық Клара Таусон немесе рейтингіде 39-орындағы ресейлік Анна Калинскаямен ойнайды.