Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Швейцарияның Гштаад қаласында ATP 250 турнирінде үздік шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Ол осыған дейін ATP турнирлерінде 12 рет финалға шығып, соның бесеуінде жеңімпаз атанған. Сондай-ақ бұл — Бубликтің топырақ төсенішіндегі жарыстағы алғашқы финалы. Отандасымызбен финалда дүниежүзілік рейтингіде 109-орында тұрған Хуан-Мануэль Серундоло ойнады.
Финалдық матчты қарсыластар брейк алмасумен бастады. Бублик партияны 6:4 есебімен брейкпен аяқтады.
Екінші сетте есеп 2:2 болған кезде Серундоло брейк жасап кетті. Есеп — 3:2. Дегенмен Бублик таразы басын теңестірді. Бірақ сол бойда ойында қате жіберіп, өз геймін қарсыласына беріп қойды. Серундоло сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жібермеді. Ал үшінші, шешуші партияда Бублик брейк жасап, 5:2 есебімен алға шықты. Ақыры ойынды 6:3 есебімен жеңді.
Осылайша Александр Бублик алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде жеңімпаз болды. Бұл – оның спорттық жолындағы ATP жарыстарындағы алтыншы, биылғы екінші титулы.