Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жалпы есебі 34 жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, 6 алтын, 12 күміс және 16 қола медальді иеленді.
Жарыста Юлия Башманова (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Полина Иванова (сырықпен секіру), Александра Залюбовская (400 метр), Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру), Иван Товченик (сырықпен секіру) пен Қазақстанның аралас 4×400 метрлік эстафета командасы алтын медальді жеңіп алса, Ирина Конищева (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Анна Черкашина (сырықпен секіру), Артур Гафнер (найза лақтыру), Мария Ефремова (үш қарғып секіру), Александра Залюбовская (200 метр), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Әділ Омарбеков (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Ақбілек Құралбай (1500 метр), Давид Ефремов (110 кедергілер арқылы жүгіру), Виктория Ан (100 метр), ерлер мен әйелдер құрамасы (4×100 метрлік эстафета) күміс жүлдеге ие болды.
Қола жүлдені Алина Чистякова (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Антон Боднар (биіктікке секіру), Диана Гейнц (найза лақтыру), Евгения Красаева (800 метр), Никита Изотов (800 метр), Евгений Прокудин (100 метрге кедергілер арқылы), Ақбілек Құралбай (5000 метр), Игорь Хрунин (1500 және 5000 метр), Иван Иванов (ядро лақтыру), Евгений Лабутов (диск лақтыру), Надежда Богданова (ядро лақтыру), Виталий Земс (200 метр), Эльнор Мухитдинов (400 метр), Виктория Ан (200 метр) мен Қазақстан әйелдер құрамасының екінші командасы (4×100 метрлік эстафета) қанағат тұтты, — делінген хабарламада.
Ғұсман Қосанов мемориалы World Athletics Continental Tour Bronze Level сериясына кіреді. Ол халықаралық маусымдағы маңызды кезеңдердің бірі болып саналады.
Атлеттер бұл жарыс арқылы алдағы қыркүйек айында Жапонияда өтетін әлем чемпионатына қажетті рейтингтік ұпайларды жинай алды.
Биылғы турнирге 17 елден 200-ден астам спортшы қатысты.