Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Ол үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, бельгиялық Элисе Мертенспен ойнап, жеңіске жетті. Бұған дейін екеуі бір-бірімен алты рет ойнаған еді. Соның бесеуінде рыбакинаның мерейі үстем болған.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина қарсыласынан 4:6 есебімен жеңіліп, екінші сетте 6:3 есебімен жеңді. Ал үшінші, шешуші партияда есеп 5:5 болған кезде отандасымыз брейк жасап, 6:5 есебімен алға шықты. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ. Есеп – 7:5.
Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты ойында Рыбакина 11 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды.
Енді Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен ойнайды.