Астанада Аружан Сағындықова мен Екатерина Дмитриченко теннистен жұптық сында Президент кубогы үшін ITF сериясы бойынша өтіп жатқан W15 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Олар ширек финалда жарыстың 2-ракеткалары, ресейліктер Екатерина Маклакова мен Дарья Зелинскаяны жеңді.
Бірінші партияда фаворит саналған ресейлік дуэт айқын басымдылық танытты. Есеп 6:1 болып тіркелді. Екінші сетте Сағындықова мен Дмитриченко 6:2 есебімен алға шықты. Содан кейін супер тай-брейкте отандастарымыз дес бермеді. Онда есеп 10:7 болды.
Енді Аружан Сағындықова мен Екатерина Дмитриченко финалға шығу үшін Өзбекстан спортшылары Нигина Алимова мен Сабрина Олимжановамен ойнайды.