• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Туризм және спорт министрлігі

    Министр таеквондодан жазғы Универсиада мен Азия чемпиондарын марапаттады

    Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов таеквондодан XXXII жазғы Универсиада мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпиондары мен  осы жарыстардың жүлдегерлерімен кездесті. Оған Халықаралық таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

    Жиында министр доктор Чоуға таеквондоны әлемдік деңгейде дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

    Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, олардың жетістіктері бүкіл ел үшін мақтаныш екенін атап өтті. Германияда өткен XXXII жазғы Универсиадада Самирхон Абабакиров алтын медаль жеңіп алса, Малайзияда жалауы желбіреген жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Айым Серікбаева, Бунед Бахрамқұлов пен Аружан Найманбаева топ жарды.

    Сары құрлық додасында ерекше көзге түскен Айым Серікбаева турнирдің үздік спортшысы атанса, оның жеке жаттықтырушысы Еркебұлан Ермекәлиев спортшыны дайындағаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

    Сондай-ақ министр ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Есбол Сұлтановқа отандық таеквондоны дамытуға қосқан елеулі үлесі және командамен табысты жұмысы үшін алғыс айтты.

    Бүгінде мемлекет сіздердің жоғары жетістікке жетіп, шеберліктеріңізді шыңдауға барлық жағдай жасап отыр. Әрқайсыңызбен жеке жұмыс істейтін жаттықтырушыларыңыз бар.

    Бүгінгі жетістіктер – көп жылдық еңбектің, жүйелі дайындықтың және өз ісіне адалдықтың нәтижесі. Сіздер әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап, елімізді бүкіл әлемге танытып жүрсіздер, – деді министр.

    Спортшыларға Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар мен федерация атынан сертификаттар табыс етілді.

    14-16 тамыз күндері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі болады.

    Додаға әлемнің 22 елінен 750-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтингтің көшбасшылары бар. Жарыс кадеттер, жасөспірімдер мен ересектер арасында болады.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *