Жапондар дзюдосын, кәрістер таеквондосын әлемге қалай танытқаны сияқты бізде өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі төл күресімізді төрткіл дүниеге кеңінен насихаттау жолында бар күш-жігерімізді, қолымыздан келген мүмкіндігімізді аянып қалмауымыз керек.
Елімізде қазақ күресінің дамуы жолында өтетін дүбірлі жарыстар көп деп айта алмаспыз. Солардың бірі әрі бірегейі Райымбек Түкеұлы атында жасөпірімдер арасында республикалық дәстүрлі аламан жекпе-жек болып саналады. Батыр бабамыз Райымбек туған жерімізден жау жоңғарды қуып шығуға ерен ерлігін паш еткен әйгілі қолбасшы, әулие болған бір туар жан.
Ата күресіміз бүгінгі таңда айырықша мазмұнға ие болып, жастарымыз сүйіп жаттығатын спорт түріне айналып келеді. Дегенменде бір орында тоқтап қалмай, алдымен қазақ күресін Азия ойындарына, сосын Олимпиада ойындарына кіргізу жолында алға мақсат қойып, тынымсыз тірлік жасау басты міндетіміз.
Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ақтарғанда Ұлы даламызға төнген қауіп-қатердің алдын бөгеп, жауларын тықсырта қуып, туған елімізді азат еткен аймүйізді батыр бабаларымыздың ерліктерін көріп тәнті боламыз. Иә, Кеңес өкіметі кезінде сол батырлар мен билеріміздің ел қорғауда жанын бергені туралы жазылған тарихи жыр-дастандар назардан тыс қалып, айтылмай келген еді. Дегенмен де, еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бастап, тарих беттері жаңаша жаңғырып, жоғымыз табылып, өшкеніміз қайта жанды. Сол қазақтың әйгілі батырларының арасынан Райымбек Түкеұлының да алар орны айырықша. Райымбек батыр жеті атасынан бері ат құлағында ойнаған, ержүрек батыр, ер қаруы – бес қаруды ұршықша иірген білекті де жүректі тұқымнан тараған. Райымбек батыр алты, жеті жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, ел мойындаған батыр атанады. Әсіресе, батыр бабамыздың Торайғыр мен Сөгеті арасындағы мидай жазықтағы «Ойрантөбе» шайқасында жау жоңғарды тас-талқан еткен жеңісі тарихта ұмытылмастай орын алған. Жоңғарларға қарсы қантөгісте Сатай, Бөлек, Қызылбөрік, Қойгелді, Қыстық, Малай, Есен, Байсейіт секілді батырлармен бірге иық тіресе соғысқан. Райымбек батыр жекпе-жек өнерінің шебері еді. Айталық, қылыштасу, күресу, найзаласумен қатар ат үстінде түрлі айла-тәсілді жауынгерлеріне үйрете білген, айлалы атбегі, тақымы мықты шабандоз, сайыскер қолбасшы болған.
Міне, осындай қазақ тарихында аты айшықты батыр тұлғаны еске алуға арналған іс-шаралардың ішінде қазақ күресінен жасөпірімдер арасында өтетін дәстүрлі жекпе-жектің орны бөлек. Өткен сенбі, жексенбі күндері Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген кентіндегі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шаңырағында қазақ күресінен қазақтың хас батыры, әйгілі қолбасшы, әулие Хангелді Райымбек Түкеұлының атындағы жасөспірімдер арасында дәстүрлі 24 жарыс жалауын жебіретті.
Бұл байрақты жарыс ұлттық күресімізден әлем, Еуропа жарыстарында топжарған бірқатар апайтөс балуандардың тұсауын кескен жолашар жарыс болып келеді. Негізі Райымбек батырдың атындағы осы жарыстан көптеген елге белгілі балуандар қанаттары қатайып өсіп шықты. Мысалы, әлем чемпионы мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бауыржан Тәліп, Еркін Сайдақовтар айтулы турнирде білек күшін сынап бақтары ашылған балуандар. Сонымен қатар Нұрсәт Бекасылов – әлем чемпионы (2011 жылы), Жұмажан Нұржан – Азия чемпионы (2011 жылы), Әмір Хабибуллаев – әлем чемпионатының қола жүлдегері (2004 жылы), Жанат Есембердиев – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Қуанжан Еркебұлан – самбо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Райымбек баба атындағы жарыстың алғашқы жеңімпазы, Рантаев Райымбек – әлем чемпионы (2011 жылы), Бақдәулет Төлегенов – әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2003 жылы), Табиғат Арман – Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Міне, осы аттары аталған балуандар батыр бабамыздың жарысында күресіп, шыңдалып танылған талантттар.
Қаншама жарыстар бүгін ашылып, көп ұзамай тоқтап қалып жатады. Ал Райымбек бабамыздың атындағы бота балуандардың бағын ашып келген бұл аламан 24 жыл бойы тоқтаусыз ұйымдастырылып келеді. Оның бар құпиясы Алланың осы жарысқа деген оң ықтияры болса, екінші батыр бабамыздың расыменде көзсіз батыр ғана емес, әулиелік құдіретінің күштілігінде ме деген ой еріксіз келеді. Сонымен қатар осы жарысқа 24 жыл бойы қолдау, көмек көрсетіп, барлық облыстың мұзбалақ жас балуандарын басын қосып, жолдарын ашып, осындай аламан белдесуді жоғары деңгейде ұйымдастырып келген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, батырдың тікелей ұрпағы Рауан Қапаров сынды қазақ күресінің жанашырының арқасы болса керек.
Қапардың өзі қазақ күресінің елімізде дамуына және Жетісу өңірінен мұзбалақ, апайтөс аты елге танымал балуандарды жаттықтырып шығарған төл күресіміздің білікті маманы. Жетісу өңірінде соның ішінде Алматы облысы Іле ауданында ата көресіміздің қарқын алуына өлшеусіз үлес қосып келген ұлттық күресіміздің аты айшықты жанашыры.
«Бүгінгі күн кешегі күннің шәкірті», демекші, кешегі өткен бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырып кеткен осы бір құдіретті де бекзат өнеріміздің еркін құлаш жая түсуіне бұрынғы өткен балуан бабаларымыздың үлесі зор екенінде дау жоқ. Сол төл өнерімізді бүгінгі ұрпаққа шашаусыз жеткізіп беріп кеткен жандардың алдында бас июге болады. Жандары жаннаттан болғай дейміз. Ал, ата күресіміздің шарықтау жылдары еліміз егемен алған жылдардан бастау алары баршаға аян. Еліміз тәуелсіз ел атанғаннан соң, төл күресімізді жаңа заман арнасына бұра отырып, жаңаша түлетіп әлем аренасына шығарған бірден – бір тұлға Серік Адамұлы Түкеевтің де есімін ерекеш атап өткен орынды шығар. Серік Адамұлы Дүниежүзілік қазақ күресі федеарциясын басқарған жылдары төл күресіміз Азия ойындарының жабық кешенді бағдарламасына кіріп, ерекше дамып әлем аренасына шыға бастады. Және де Серік Түкеев осы Райымбек батыр бабамыздың турниріне ерекше ықыласпен жанашырықпен қараған жанның бірі. Өйткені, ауыл таланттарын ашатын Райымбек батырдың жарысы секілді дүбірлі бәсекелерден қазақ елінің атанжілікті апайтөс болашақ балуандары өсіп шығатынын жақсы білген еді. Сондықтан қазақ күресі дегенде осы ата күресіміздің дамуына орасан үлесін қосқан жандардың есімідерін еске алып отырғанның ғибраты зор деп білеміз.
Хош, сонымен Райымбек Түкеұлының атындағы республикалық турнирге еліміздің барлық өңірінен 13 команда, яғни 400-ге жуық жасөспірім бота балуандар келіп жеңіс үшін бозкілде аямай тер төкті.
Жарыстың бас хатшысы Қуанжан Құлпейсовтың айтуынша биылғы жылғы қатысушы балуандардың күрес деңгейлері өте жоғары көрінеді. Күрес кілемінде белдескен балуандар шеберліктері бірінен бірі өтетін болғандықтан жеңімпаздарды анықтау оңай емес екенін ардагер балуан айтып отыр. Оның басты себебі, біріншіден бүгінгі таңда ата күресімізге деген жас буынның қызығушылығының артып келе жатқаны болса, екіншіден қатысушылардың жыл санап саны арта түскенінен-ақ білуге болады. Иәғ расыменде осындай аламан жекпе-жектердің қазанында қайнап шыңдалған жас балуандар болашаққа батыл қадам жасай түсетіндері белгілі. Сондықтанда Райымбек бабамыздың бұл жарысын жасөспірмдер жыл бойы асыға күтіп дайындықтарын барынша шыңдап келеді.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған қазақ күресінің тұңғыш президенті, профессор Ерғали Мұхитдинов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, Алматы облысының құрметті азаматы Тоққожа Естенов, сынды ардақты ақсақлдар төл күресімден өткелі отырған айтулы туинирдің ерекшелігіне тоқталып өтіп, жасөспірім балуандарға ақ баталарын берді. Сонымен қатар Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқарамасы Спорттық инфроқұрылым мен Бұқаралық және ұлттық спортты дамыту бөлімінің басшысы Жасұлан Болатұлы Қалиақпаров пен Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Қарабайұлы Ақшамбаевтар дәстүрлі түрде өткізіліп келген Райымбек батырдың атындағы жекпе-жектің елімізде ұлттық күресіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келген бірегей жарыстың бірі екенінен тілге тиек етіп, сын кілеміне шығатын балуандарға сәттілік тіледі.
Салтанатты ашылуы рәсімі аяқталғаннан соң балуандар күресі жалғасын тапты. Жарыстың алғашқы күнгі қортындысы бойынша 9 салмақ дәрежесі бойынша күрескен жеңімпаз балуандардың есімдері белгілі болды. 46 кг салмақта Жетісу облысының балуаны Сембай Нұрым алтын жүлдегер атанса, 50 кг Алматы қаласынан Рахымбай Заманбек бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар 55 және 60 кг салмақтарда қызылордалық Жүсіп Нұрсәулет пен Шымкент қаласынан Серікбай Сағындықтар өз салмақтарында топ жарды. Сонымен қатар 65 кг,70 кг,82 кг және 82 кг жоғары салмақтарда Қарағанды облысынан Ертарғын Асхатұлы, Жетісу облысынан Жиһангер Мұрат, Жамбыл облысынан Досымжан Тұраш, Шымкент қаласынан Нұрасыл Асқар мен Қарағанды облысынан Әлішер Салық айтулы республикалық Райымбек батырдың атындағы аламан жарыстың жеңімпаздары атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылардың дайындаған медаль, кубоктарымен қоса ақшалай сый-сыяпаттармен марапатталды. Осылайша қазақтың батыры, әйгілі қолбасшы Хангелді Райымбек Түкеұлының атындағы 24 мәрте өтіп отырған аламан жарыс сәтті аяқталып, тарих қойнауына енді. Иә, әрбір алаш азаматы төл күресімізді Олимпиада ойындарынан көргісі келеді. Кім білсін, ол күннің де ауылы алыс емес шығар. Талай-талай қабырғалы балуандардың томағасын түрген бұл турнир ешқашан туын түсірмесе екен дейміз. Өйткені, балуандар үлкен жарыстар арқылы шыңдалады, өседі. Ал, осы орайда Райымбек батырдың атындағы байрақты жарыстың алар орны айрықша.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
Фото: Торғын НҰРҒАБЫЛҚЫЗЫ