Алматыдағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй бірқатар журналистермен ресми түрде брифинг өткізіп, Шыңжаң өлкесінің дамуына ерекше тоқталды.
Брифингте ҚХР бас консулы Цзян Вэй қаламгерлердің толғандырған сұрақтарына жауап берді. Жуырда біраз журналист Шыңжаң -Ұйғыр автономиялық ауданына пресс-тур сапарымен барған болатын. Себебі, биыл Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының құрылғанына 70 жыл толған еді. Сол іс-шара аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бұл мерейтойға арналған салтанатты жиналысқа қатысып, Үрімжідегі барлық этностардың өкілдерімен бірге мерекені тойлаған-ды.
Алматыда ірі логистикалық көлік ашу жоспарлануда. Бұның өзі шекаралық сауда саласын күшейтпек. Алайда тек экономикалық, техникалық қана емес, Шыңжаң ауылшаруашылық тұрғысынан да елімізге тиімді ұсыныс жасамақ. Цзян Вэй ханым Алматыда шетелден келетін әдемі гүлдердің көптігін, алайда бағасы тым қымбат екендігіне қынжылды. Ал мәселен Шыңжаңда небір түрлі әсем гүлдердің көптеп өсіріліп жатқандығын, егерде ол гүлдер Қазақстан нарығына енсе әлдеқайда арзан бағада сатылатындығын атап өтті.
Туризм мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәселен, 2022 жылдан бастап биылғы жылға дейін, яғни соңғы 3 жылда Үрімшіге ішкі және сыртқы туризмді санағанда 700 миллионға жуық адам келгендігін тілге тиек етті. Осының өзі Шыңжаң өлкесінің туристерді аса қатты қызықтыратындай табиғаты мен салынып жатқан небір түрлі жобалар, инфрақұрылым, демалыс орындары және басқа да салалардың көбейіп жатқандығын растайды.
Брифингтің басты тұздығы Алматыдағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй дипломатиялық миссияның аяқталуына байланысты еді. Сондықтан басқосуда экономика, саясат, туризм, мәдениетпен қатар жылы лебіздер мен атқарылған игі істер де айтылды. Журналистер қауымы Цзян Вэй ханымға ризашылығын білдіріп, кәделі сыйлықтар табыс етіп, естелікке суретке түсті.
Шыңжаң – ежелгі Жібек жолының орталық аймағы. Ол ежелден Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды түйін болды. Шыңжаң мен Қазақстан арасындағы түрлі саладағы алмасулардың ұзақ жылғы тарихы бар. ШҰАР жаңа дәуірінде экономикалық және әлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге жетті.
Шыңжаң мен Қазақстанның іс жүзіндегі ынтымақтастығы өркендеп, «Бір белдеу, бір жол» құрылысының жоғары сапалы бірлескен жұмыстары ілгерілеуге ерекше серпін беруде. Бұл жер Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік пен екі елдің әртүрлі салалардағы ынтымақтастығын дамытуға «Шыңжаң үлесін» қосуда.
ШҰАР Қытайдың солтүстік-батысында, Еуразияның бел ортасында орналасқан. Шыңжаңның ауданы – 1 миллион 664 мың 900 шаршы шақырым. Бұл – Қытайдың ең үлкен провинциялық әкімшілік ауданы болып табылады. Қытай жерінің шамамен алтыдан бір бөлігін алып жатыр. Ол сегіз мемлекетпен шектеседі. Соның ішінде Ресей, Моңғолия және Қазақстан мемлекеттері бар. Осынау әсем де құнарлы өлкеде 56 халық бірлік пен ынтымақта өмір сүруде.
Нұрлан ҚҰМАР,
АЛМАТЫ