• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Астанада шаршы алаңға шойын жұдырықты жігіттер шығады

    Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» корпорациясының ұйымдастыруымен «Astana arlans» кубогының көрсетіліміне байланысты брифинг өтті.

    Оған «Qazsport»  телеарнасының директоры Павел Цыбулин, бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев пен Олимпиаданың қола жүлдегері Қанат Ислам қатысты.

    Жиында «Qazsport» телеарнасының басшысы спорт арнасының  отандастарымызды үнемі  қолдап келетінін,  Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Фируза Шарипова, Бейбіт Шүменов пен басқа да мықты боксшыларымыздың жекпе-жектерін, сондай-ақ, еліміздегі жарыстар мен халықаралық турнирларды тұрақты түрде арнадан көрсетіп жатқанын айтты. «Енді міне, 16 желтоқсанда «Astana Arlans» кубогын көрсетеміз. Бұл жарысты сол күні сағат 23:00-де «Qazsport»  арнасы  көре аласыздар», — деді ол.

    Осы күні Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде «QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оған Айдар Шарыбаев, Асхат Уәлиханов, Абылайхан Құсайынов, Елшат Нығыметоллаұлы мен Руслан Мырсатаев қатысады.

    Брифингте Қанат Ислам «Astana Arlans» турнирінің негізгі мақсатына тоқталды. Ол жарыстың мақсаты – елімізде кәсіпқой боксты дамыту екенін айта келіп, қазір біздің елде әуесқой бокстан ел біріншілігінің өзіне екі жүздей боксшының қатысатынын, оның жиырма шақтысы ғана құрамаға іліксе, соның біреуі ғана Олимпиадаға баратынын айтты. «Біздің елде әуесқой бокс жақсы дамыған. Оның өзіндік жолы, мектебі бар. Бір өкініштісі, балалардың бәрі жарыстарға қатысып, құрамаға ілікпей қалады. Қазақстан чемпионатына қатыспайтындары қаншама. Бізде әр облыста бес-алты мың бала боксқа барады. Ал Америка елдерінде әуесқой бокс та кәсіпқой бокс та жақсы дамыған. Сондықтан ол жақта ұлттық құрамаға ілікпеген боксшылар бос жүрмейді. Біз қазақтың жігіттеріне Америкадағыдай кәсіпқой боксқа жол ашқымыз келеді»,деді ол.

    Осыған байланысты Бақтияр Артаев та турнир туралы толығырақ мәлімет берді. Ол қазақ жігіттерінің арасында күш-жігері тасыған, алдына мақсат қойған боксшылардың көп екенін, солардың арманын орындау үшін осы бокс кешін ұйымдастырып жатқанын, кеште спортшылар әр түрлі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығатынын, соның ішінде жасы 60-тан асқан екі адамның да болатынын айтты.

    Жеңімпаздар «Astana» президенттік кәсіби спорт клубының  арнайы сыйлығы және кубогымен, «Турнирдің ең мықты боксшысы», «Жеңіске деген ерік үшін» — «Astana Arlans» кубогы, «Көрермендер көзайымы» — «Astana Arlans» кубогы   аталымдары бойынша марапатталады.

    «Astana arlans» кубогының жеңімпаздарын еліміздің  танымал спортшылары, Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, қола медалисі Қанат Ислам, Мерей Ақшалов пен  Қанат Әбутәліпов марапаттайтын болады.

    Рақымжан КЕМЕЛ,

     АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *