Теннисші Заңғар Нұрланұлы Кореяның Чхунчхон қаласында өткен ITF Juniors J200 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Жарыста ол бірінші нөмірлі спортшы ретінде тіркелді. Финалда Заңғар Нұрланұлы кореялық Мин Хук Чоны 6:3, 6:4 есебімен жеңді. Турнир отандасымыз қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ.
Бұл жеңіс Заңғар Нұрланұлының ITF Juniors аясындағы жекелей сындағы алтыншы титулы болды. Бұған дейін ол J100 Aizkraukle, J200 Shymkent, J100 Izmir, J30 Tsaghadzor, J30 Trnava турнирлерде топ жарған болатын.
Келесі аптада Заңғар Кореяның Вонджу қаласында өтетін ITF Juniors J300 турнирінде бақ сынайды. Бұл дода 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы бейресми Азия чемпионаты саналады.
Қазір теннисші әлемдік рейтингінде 25-орында келеді.