• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Түркістанда төл күресіміздің туы көтерілді

    Бүгін Түркістан қаласында қазақ күресінен Азия чемпионатының жалауы көтеріледі.

    Осы дүрмекті дода басталар алдында Qazaq Kuresi ассоциациясы Атқарушы комитетінің жиналысы болып, онда бірнеше мәселе қаралды. Атап айтқанда, қауымдастықтың жұмысының қысқаша есебі беріліп, стратегиялық бағдарын айқындап, шетелдік және облыстық федерацияларға тапсырмалар және есеп беру мерзімдері анықталды.

    Жиналыста Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов сөз сөйлеп, қауымдастықтың қызметіне есеп берді. Ол сөз алмас бұрын жиынға еліміз тәуелсіздігінің таңы арайлап атқан кезден бері төл күресімізді дамытуға қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауға атсалысқан Марат Жақит, Серік Түкеев, сонымен бірге қазақ күресін дамуына қызмет етіп келе жатқан маман Жеңіс Биткөзовтің қатысып отырғанынан хабардар етті.

    -Бүгін біз төл спортымыз – қазақ күресінің даму жолындағы жаңа кезеңінде тұрмыз.

    Ассоциацияның бастамасымен әлем және Азия чемпионаттары, әлем кубоктары мен халықаралық турнирлер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда қазақ күресінен 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы, сондай-ақ 6 Еуропа чемпионаты мен 2 Африка чемпионаты ұйымдастырылды. Сонымен қатар төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған бірыңғай аттестациялау мен біліктілікті арттыру курстары өтті, — деді ол.

    Сонымен бірге ол UWW және өзге де халықаралық федерациялармен жасалған серіктестік арқасында жарыстарды ұйымдастырудың электрондық заманауи Arena және Athena электрондық жүйелері толық қолданысқа берілгенін, осының барлығы ассоциацияның кәсіби деңгейде және халықаралық стандарттарға сай қызмет етуіне мүмкіндік бергенін атап өтті.

    -Қазақ күресін Азия ойындары бағдарламасына  енгізу критерийлері ассоциацияның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаты – қазақ күресін Азия және Олимпиада ойындарының бағдарламаларына қосу. Бұл бағыттағы жұмыстар Олимпиадалық Кеңестің (OCA) талаптарына сай жүргізудеміз.

    Қазақ күресін Азия ойындарына енгізу үшін келесі негізгі шарттар орындалуы тиіс, — деді қауымдастықтың бас директоры.

    Ол Азиялық олимпиадалық кеңеспен танылған Азиялық қазақ күресі ассоциациясын ашу, Азияның кемінде 25 елінде қазақ күресінің дамуы және кемі 12 елдің Азия чемпионаттарына қатысуы мәселесі негізгі шарттар болып отырғанын айтты.

    Сондай-ақ, ол құрлықтық федерацияның белсенді қызметіне, бірыңғай төрелік және жарыс ережелеріне, медициналық және допингке қарсы саясаттың сақталуына, ерлер мен әйелдер арасындағы тең мүмкіндіктерге барынша көңіл аударылатынын ескертті.

    -Қуантарлығы, бүгінде қазақ күресі осы талаптардың басым бөлігін сәтті орындап отыр. Қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде дамып келеді. Төрешілер UWW жүйесі бойынша лицензияланады, ал қазақ күресінің жаңартылған Ережесі халықаралық стандарттарға толық сәйкестендірілген.

    Сонымен қатар электрондық тіркеу, медициналық бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі енгізілді. Бұл нәтижелер біздің спорттың халықаралық аренадағы орнын айқындайды, — деді ол.

    Басқосуда ассоциацияның Атқарушы комитеттің құрылғаны хабарланды.

    Жиында белгілі болғандай, Қазақ күресінің тұрақты дамуы мен стратегиялық шешімдердің тиімді жүзеге асуы үшін қауымдастықта Атқарушы комитет құрылды. Бұл орган ассоциацияның ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асырып, қабылданған шешімдердің орындалуын үйлестіріп отырады.

    Атқарушы комитеттің құрамына туризм және спорт министрі, ассоциацияның президенті Ербол Мырзабосынов, Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы, қауымдастықтың вице-президенті Ринат Мұхамедқали, министрліктің Спортты дамыту дирекциясының директоры, вице-президент Ерлан Естек, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры, вице-президент Қайрат Пазылбек, Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры, хатшы Дамир Бекбосынов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аппаратының басшысы Батырбек Әбділдин, Шымкент қаласы көкпар федерациясының президенті Балтабай Асан кірді.

    -Атқарушы комитеттің құрамына спорт саласының тәжірибелі басшылары мен мамандары енді. Олар ұлттық және халықаралық деңгейде ұйымдастырушылық, әдістемелік және әкімшілік процестердің барлығын үйлестіріп, Ассоциация жұмысының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етпек. Осылайша, Qazaq Kuresi ассоциациясының басқару жүйесі қазіргі заман талабына сай институционалды деңгейге көтерілді.

    Сонымен қатар басқару тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында ассоциациямызда 8 комитет пен 3 департамент құрылған болатын. Олар төрелік, медицина, халықаралық ынтымақтастық, маркетинг, даму және кадр саясаты сияқты бағыттардағы нақты міндеттерді жүзеге асыруда, — деді Дамир Бекбосынов.

    Осыдан кейін ол Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясының құрылғанынан хабардар етті.

    -Осы орайда Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясының құрылғаны туралы жағымды жаңалықпен бөлісуге рұқсат етіңіздер. Бұл қазақ күресін Азиялық және Олимпиадалық кеңістікке шығару жолындағы келесі тарихи қадамдардың бірі екені сөзсіз.

    Бұл жаңа құрылым Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын біріктіріп, бірыңғай даму стратегиясы мен жарыс күнтізбесін айқындайды.

    Сондай-ақ спортшылар мен жаттықтырушылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз етеді және United World Wrestling (UWW) және Олимпиадалық Кеңес (OCA) стандарттарына толық сәйкес даму стратегиясын қалыптастырады.

    Ендігі кезекте сіздерді жаңадан құрылған ассоциацияның басшылық құрамымен таныс болыңыздар: Хариш Тияги – президент, Парвин Тияги – бас хатшы лауазымына тағайындалды.

    Осы орайда, алда Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясының Атқарушы комитетінің құрамы жасақталады деген үміттемін.

    Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры ретінде мен 2026 жылдан бастап біздің барлық шетелдік федерациялар міндетті түрде ересектер арасындағы ел чемпионатын жылына 1 рет өткізуді, әр тоқсан сайын ZOOM платформасы арқылы жиналысқа қатысуды тапсырамын.

    Біздің стратегиялық бағытымыздағы басты мақсатымыз – әр шетелдік федерацияның өзінің ұлттық олимпиадалық комитетімен мойындалуы және де мемлекеттік спорт түрлері реестріне қазақ күресін енгізу. Осы жолда сіздерді табысты жұмысты атқарасыздар деген сенімдемін. United World Wrestling-тің мүшелігінде болу да біз үшін маңызды. Себебі, біз халықаралық жарыстарымызды осы ұйымның аясында өткіземіз. Алдағы уақытта қазақ күресінің әдістемелік базасын, қауіпсіздік нұсқаулығын және қазақ күресінің жаңартылған Ережесін ресми сайтымызда жариялаймыз. Сондай-ақ қазақ күресінің 100 жаттығу видео нұсқаулығын дайындауды жоспарладық. Ассоциация тарапынан үнемі жан-жақты қолдау білдіруге дайынбыз, — деді ол.

    Сөз соңында баяндамашы келесі жылы Әзербайжанның астанасы Баку қаласында қазақ күресінен әлем чемпионатының ұйымдастыралатынын айтты.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    ТҮРКІСТАН

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *