Кеше түн жарымы ауғанша Американың Вашингтонында болған 2026 жылы АҚШ, Мексика және Канада мемлекеттерінде өтетін кезекті доп додасының, яғни, әлем чемпионатының, жеребе тарту рәсімін тамашаладым. Өзім ғұмырымда бес рет куә болған әлемдік доп додалары (Испания-82, Мексика-86, Италия-90, Франция-98, Бразилия-2014) көз алдымда, бұл жаңа ғасырда да төрт жылда бір айналып соғар футбол тойына тура бір өзім баратындай-ақ аузым аңқайып, тележәшікке кіріп кете жаздаған күй кештім!
Күй кешіп отырғаным да бекер емес. Алла оң көрсе бұл футбол тойына да баруға бел буып отырмын. Өтінішімді ҚФФ арқылы ФИФА-ға жолдап қойдым. Ол ұйымның электронды миында менің жоғарыдағы әлем чемпионаттарына барғандағы жүрген жолдарым, көрген ойындарым,тәртібім,мәдениетім, әсіресе, Футболға ғашықтығым, тышқан ізіндей боп жазылып қалғандықтан,оған қоса, УЕФА-дан осыдан бұрынғы Еуропа чемпионатына аккредитация алғандығым тіркеліп тұрғандықтан, бұйыртса, біздің мемлекетке бұл әлем чемпионатына да бір түйір аккредитация берер деген сенім бар. Тек Алла жүріп тұрар қол-аяқты,сөйлесіп-келісетін жақ пен тілді аман қылғай деңіз. Біздің елден түнеу Әмрикада өтетін футбол додасына баруға таласып,ұмтылушылар көп бола қоймас: жер түбіне барып-келу де қиын,үш мемлекетті аралаудың жол ақылары,жатын орын,тамақ та қымбатқа түседі — футболды өмірінен артық көретін мен секілді миы ауысқан жан (…Осы жерде ұлы ұстазым Сейдахмет Бердіқұловтың бір шетелдік сапарда бірге болған атақты ғалым Шора Сарыбаев жайлы жазбасындағы: «…Ол өзі футболға байланысты көрінген нәрсені сыпырып-сиырып сатып ала беретін «жазылмайтын коллекцияшы!» дегеніндегі Шора ағаға футбол көрмей бір күнімді өткізбейтін өзімді ұқсатамын…)
Вашингтондағы жеребе тартудың табысы да, кемшілігі де ФИФА-ның жеребе тарту сахнасына аталған үш елдің басшыларын алып шыққаны болды. Оның үстіне ФИФА президенті Джанни Инфантино мырза АҚШ президенті Дональд Трамп мырзаның мойнына бейбітшілік медалін ілді. Ол Трамп мырзаның президенттікке қайта келгеннен бері Бейбітшілік жолындағы тынымсыз еңбегін бағалауға арналған ниет болатын. Оны зал толы футбол саңлақтарының қалай бағалағанын ешкім білмейді. Тек Норвегия құрама командасының бас бапкері Столе Сольбаккеннің Жеребе тарту кеші жайлы: «Бұл – «Кембағылдардың Шоуы» болды!» дегенін есту қиын, түсіну одан да қиын.
Әлемдік футбол додасы жұмыр жердегі ең теңдессіз спорт жарысы. Оның стадиондардан бас-аяғын жүздеген миллион адам, ал тележәшіктен 4-5 миллиардқа жуық жанкүйер көруі мүмкін. Яғни, ондай бүкіл жер шары көз тіккен жарыстан мемлекет басшыларының да шет қалмауы — өз елін әлемге таныта түсудің бір әдісі. Әйтсе де сол жарыстың Жеребе тарту кешіне бір емес, үш бірдей елдің басшыларын жіпке тізіп шақырып,кедергісіз келтіре алу да өнер әрі бедел.
Инфантино мырза мұнан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамппен екі рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанын өз басым тележәшіктен тапжылмай отырып көргенмін. Трамп — адамды өзіне баурап тартып алуда алдына жан салмайтын басшы. Бұл да өнер. Трамп осы кездесуге куә болған өз Ақ үй Кеңсесінің адамдары алдында Инфантиноны теңдессіз жан, ұлы қайраткер дегенге дейін барған. Инфантино да айды аспанға шығарып, бұрын ФИФА-да болмаған Бейбітшілік медалін Трамптың мойнына тағып кеп жіберді. Ол жүлдені ФИФА қашан жариялады, оны Трампқа беру жайлы кім ұсынып, кім дауыс берді ол жағы да доп секілді домалақ сұрақ-жауаптар.
…Сонау 2018-19 жылдары Трамп бірінші рет АҚШ президенті болғанда бір кездесуде Ресей басшысы Владимир Путин Трампқа өз елінде өтетін әлем чемпионатының добын сыйлаған. Енді Дональд мырзада доп та бар,алтын медаль да бар… Келесі жылы әлем чемпионатының түгелге жуық ойындары осы Америкада өткелі отыр — енді тек АҚШ құрама командасы әлем чемпионы атанса болды, ұпай түгел!
…Ол кездесулерде де (Инфантиноның Трамппен болған екі кездесуін айтамын. — Н.Ж.) болашақ әлем чемпионатының біраз дүниелері ақылдасылып,шешілген секілді. Үш бірдей ел басшыларының жеребе тартысынан соны түсіндік. Бұл бір футбол секілді онсыз да маңдайы жарқырап тұрған спорт өнерін одан әрі шарықтатып дамытуға орасан әсер ететін оқиға. Сонысымен де үш басшыны Жеребе тарту кешінің сахнасына шығара алу — табыс! Осындай бастама-бағдарлар біздің еліміздің басшысына да жұғымды болса деп армандаймыз іштей.
Кемшілігі дедім бе?.. Кемшілігі бола ма, кем-кетігі бола ма, бұл кешке үш басшыны шақырып, оларға құрмет көрсетіп, сөзбен кезек-кезек бесікке бөлегенше түннің ортасы болды. Осы бір бас-аяғы жарты сағаттық кеш үшін дүниенің төрт бұрышы, бес құрлығынан ұшып келген тіке қарасаң көз ұялатын, атын естіп, жасыл алаңдағы өнерін есіңе түсірсең жанарыңа жас келетін теңбіл доп сиқыршылары футболға емес, елбасыларға арналып айтылған екі таймға да симайтын мақтау-мадақтаулардыы аяқтарындағы допсыз тыңдады да отырды… Қанша ұзақ болса да таусылмайтын уақыт бар ма: арнаулар да аяқталды, елбасылар да табанынан тік тұрып шаршады, Инфантино да ауыр жүгін иығынан жерге түсіріп,кеш тізгінін Жеребе тарту рәсімін өткізетіндерге өңгеріп беріп құтылды…
(Жалғасы бар)
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары