Теннисші Елена Рыбакина алғаш рет Аустралия ашық чемпионатын жеңіп алды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Ол финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңді. Титулға барар жолда Қазақстанның көшбасшы теннисшісі ширек финалда жарыстың 2-ракеткасы Ига Швентектен, жартылай финалда алтыншы нөмірлі болып тіркелген Джессика Пегуладан айласын асырды.
2023 жылы Рыбакина мен Соболенко финалда ойнаған еді. Сол кезде матч үш сетте аяқталып, Соболенконың пайдасына шешілген болатын.
Бұл — Елена Рыбакина үшін ТОП-10-ға кіретін ойыншымен болған қатарынан оныншы жеңіс. Сондай-ақ соңғы 21 матчтағы 20 жеңіс, жекелей сында 2022 жылғы Уимблдоннан кейінгі «Үлкен дулыға» турниріндегі екінші және спорттық жолындағы 12-інші титул.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов отандастарымызды тарихи жеңіспен құттықтады.
-Бұл Australian Open Қазақстан үшін тарихи жарыс болды. Үш жасөспірімді қосқанда, біздің ойыншылардың рекордтық қатысуы — ұлттық теннис үшін елеулі жетістік. Елена Рыбакинаның жеңісі оның әлемдік рейтингтің үздік үштіктегі орнын нығайтып, спорттық жолындағы «Үлкен дулыға» турниріндегі екінші титулы болды.
Жұптық сында финалға шыққан Анна Данилина және жасөспірімдер арасында Мельбурнда Қазақстан теннисшілері арасынан бірінші болып жартылай финалға дейін жеткен Заңғар Нұрланұлы біздің мектептің деңгейін көрсетті. Мұндай табыстар жас ұрпақты жігерлендіріп, елде теннистің дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Біздің барлық теннисшілерге халықаралық аренада жаңа жеңістер, тұрақты алға басу және айшықты жетістіктер тілеймін, — деді ол.
Tennis Up to Date сайтының хабарлауынша, Елена Рыбакина қараша айынан бері 7 млн 996 мың 892 доллар (4 млрд 48 млн теңгеден астам) табыс тапты.
Бұған дейін дәл осындай аз уақытта ешкім мұндай көрсеткішке жетпеген еді.
Бұл серия өткен жылғы WTA қорытынды турнирінен басталды. Онда Рыбакина бірде-бір рет жеңілмей, 5 235 мың доллар табыс тапқан болатын. Бұл да рекорд еді.
Содан кейін Рыбакина жаңа жылды Брисбендегі (Аустралия) жарыстан бастап ширек финалға дейін жетті. Сол үшін 37,460 мың долларға ие болды. Ал Аустралия ашық чемпионатындағы чемпиондық атағы үшін теннисші 2 млн 724,432 мың долларды санап алды.

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары