• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ер есімі ел есінде

    Қазақ спортында өшпес із қалдырған тау тұлғалы есімдердің арасында Жақсылық Үшкемпіровті айырықша атайтынымыз мәлім. Жақсылық ағамыз — грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қарадомалақ қазақтың баласы болғандықтан есіл ердің есімі ел есінен бір сәтте ұмытылмайтын, қазақ халқының біртуар перзенті.

    Аты аңыз балуанның арамыздан фәни жалғанға аттанып кеткеніні біраз жыл болса да аты әйгілі балуанның рухы жақындай түскен сияқты. Жақсылық Әмірәліұлының 75 жылдығына орай К. Ахметов атындағы Олимиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде үлкен бір еске алуға арналған тартымды кездесу болды.

    Оған дарынды жасөспірім спорт шеберлері де қатысты. Кездесу тұлғаны тануда тәрбиелік, тәлімдік мән-мағынасы өте жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған ОРРММИК директоры Жайдар Сайлаубаев, Салтанат Орынқызы мен бірге Гулмира Желдібаева, Нұргүл Сарбаева, Алтынай Байбосынова мен Нұргул Мұрат секілді айтулы мектептің ынтымақ бірлігі жарасқан ұстаз тәрбиешілер ұжымы өте ықтиятты жауапкершілікпен дайындалған екен.

    Басқосуға келген құрметті қонақтардың арасында Жақсылық Үшкемпіровтың туған ұлы Елдос Жақсылықұлы, грек-рим күресінен спорт шебері Жақаңның өмірінің соңына дейін достық қатынаста болып, бозкілемді бірге күрескен балуан досы Есенкелді Сахариев, Ыдырысхан Ахишев, Бағдат Мадалиев пен Жақсылық ағамыздың жиені Жәнібек Күдериев сынды спорт саласының ардагерлері ат басын бұрып арнайы келіп, аты аңыз балуан туралы естеліктерін айтты.

    Ғасырда біртуар балуанның туған ұлы Елдос әкесінің сол кездегі шовенистік солақай саясаттың теперішін көрсе де мойымай өзінің төзімділігі мен еңбекқорлығының арқасында олимп шыңана жеткенін айтып берді. Расыменде 1976 жылы Монреаль Олимпиадасына Жақсылық ағамыздың баруға толықтай мүмкіндігі болған. Бірақ сол кезде сыңар езу сайқал саясат батырды жолдан қақпалап жібермеді. КСРО чемпионатында 48 кг салмақта қарсылас шақ келтірмеген апайтөс ағамыз талай шеттетуді басын өткеріп, тіпті, күресті тастауға да ниеті болған екен. Дегенменде Олимпиада Мәскеуде өтетін болып, амалсыздан арда ағамызды тізімге қосқан екен. Нәтижесінде дарынды балуан 1980 жылы Олимпиада чемпионы атанса, келер жылы әлем чемпионатының алтынын жеңіп алады. Яғни, әлемде бұл салмақта теңдесіз мықты екенінін атойлап тұрып дәлелдейді. Міне, Жақсылық ағамыздың өмір жолына көз салғанымызды ұлы жеңістер жолында шелектеп төгілген маңдай тер, жан арпалыс, қайсарлық, шыдамдылық пен төзімділіктің арқасында жеткенін көріп білеміз.

    Осы кеште сонау жастық шақта Семейде оқып жүрген кездерден бастап Жақаңның ерекше қасиеттерін айтқан ардагер балуан Есенкелді ағамыз жастарға ғибраты зор естеліктері айтты.

    Жиында лед экраннан Жақсылық ағамыз туралы соңғы берген сұхбаты туралы түсірілген деректі фильм көрсетілгенде жасөспірім спортшылар тырып етпей тыныш отырып, үлкен әсер алды. Иә, асыл ағамыз туралы таңды таңға атырып айтуға болтыны белгілі. Жақсылық ағамыздың су астында 4 минут астам дем алмай жүзе беретінінін біреу білсе біреу білмес. Сонда ұлы балуанға Жаратушы бір Алла тыныс жолдарында елден ерек етіп жаратқан екен ғой деген ойға келесің. Сонымен кездесуде сахна төріне айтулы мектеп интернаттың өнерлі жастары ортағы шығып ән салып, домбырамен күй шертіп, келген қонақтардың көңілін бір көтеріп тастады. Әсіресе «Жақсылық ағаны жоқтау», деп аталған арнауды нақышына келтіріп, жан тебіренте орындаған грек-рим бөліміндегі 11ә сынып оқушысы Заңғар Әбдіреш салған әніне тіпті, келген қонақтар да көздеріне жас алып қалды.

    «Бүгінгі күн — ертең тарих»,  деген қанатты сөз бар. Осындай әсерлі кездесуден үлкен өнеге-өсиет алған жас спортшылардың бұл күнді көпке дейін ұмытпасы анық. Өйткені жастарды «Тұлғалар арқылы тәрбиелеу», деген қағиданың ұрпаққа берер пайдасы зор екенін осындай кездесулер арқылы білуге болады. Ғұмыры спортпен өрнектелген қазақтың біртуар дарабоз балуаны Жақсылық Үшкемпіров ағамызды еске алуға арналған кеште ойға түйген бір жәй, жасөрендер ел намысы үшін отқа түссе күймейді деген ұғымды саналарына құйғандай болды.

    Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы — еңбекке, адалдыққа, елге адал қызмет етуге, еңбекқорлыққа, төзімділікке, жеңіске әркез сеніммен ұмытылуға бағышталған өрелі жол. Жақаңның аты қазақ спорт тарихында алтын әріппен таңбаланып қалды. Асқар тау ағаның жарқын жолы жасұрпаққа күш жігер берері хақ.

    Оның күрестегі ерекше бір қасиеті шаршауды білмейді екен. Сол 9 минут белдесуде әр кезең сайын күшіне күш қосылып, шеберлігі арта түсетін Алла берген бір қасиет болса керек. Жарықтық өзі шаршамай қарсыласының күшін сарқып алып шаршатып тастайтын бойында бір ерекшелік болғанын бірге күрескен Есенкелді секілді ағалар сағына еске алады. Иә, ұлы тұлғаның есімі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Жақсылық ағамыз көзі тір кезінде: «Шіркін менің артымнан ізімді жалғар Олимпиада чемпионы атанған бір қазақ баласын көрсем», деп армандап кетті.

    Кім біледі, бүгінгі тұлғаны еске алу кешін тамашалап келген грек-рим күресінің жасөспірім балуандарының арасынан аты аңыз ағамыздың арманын орындап, Олимпиада асуында жеңімпаз болатын алтын алқалы қазақ баласы отыруы бек мүмкін. Біз қазақ ұлттық дәстүрге берік, ырымшыл халықпыз ғой, ендеше үмітімізді үкілеп жастарға Жақсылық ағаның жолын берсін деп тілейік.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

    АЛМАТЫ

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *