Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында тағылымы мол кездесу болды, Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі.
Қазақтан шыққан кәсіпқой сумошы, Жапония төрінде топ жарып жүрген жалғыз қазақ Ерсін Балтағұл кәсіби спортшылармен және жас балуандармен жүздесті.
Кездесуге қазақ күресінің абсолютті салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген түйе балуандар, сондай-ақ Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев пен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдодан ұлттық құрама спортшылары қатысты.
Ерсін Балтағұл бүгінде Жапонияда жоғары нәтижеге жеткен Қазақстанның кәсіби сумошысы. Алматы қаласының тумасы спорттағы жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастап, ұлттық мектептің тәлімін көріп шыңдалған. Кейін Жапониядағы Нихон университетін тамамдап, кәсіби сумо әлеміне қадам басқан.
Кездесуде Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов Кинбозан Харуки лақап атымен танымал спортшыны отандық балуандарға таныстырып, оның халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды.
Былтыр Жапонияда өткен «Хацу басё – 2025» турнирінде Ерсін Балтағұл 15 күндік додада 13 жеңіске жетіп, үшінші орын иеленді. Бұл нәтиже ел спорты тарихындағы маңызды белестердің бірі.
Жас балуандар қадірменді қонаққа қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, ұлттық спорт пен сумо арасындағы үндестікті паш етті. Ал Ерсін Балтағұл өз кезегінде сумода жиі қолданатын сүйікті әдістерін таныстырып, Жапониядағы дайындық жүйесі, қатаң тәртіп пен дәстүрге негізделген сумо мәдениеті туралы кеңінен әңгімеледі.
Іс-шарада спортшы кәсіби сумода жеткен жетістіктерінің басты қағидаттарын да айтты.
– Кәсіби спортта табысқа жетудің басты кілті – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Мен спорттық жолымды қазақ күресі мен дзюдодан бастап, сол мектептің арқасында физикалық және рухани тұрғыдан қалыптасқанмын. Жапондарда «залдың рухын сезіну» және «татамидің тынысын аңғару» деген мағына беретін «Ондуошин и» деген ұғым бар. Мен де кілем мен залдың тынысын сезінуді төл күресіміздің мектебінен үйрендім. Бұған мысал келтіретін болсам, мен сумо белдесулерінде қазақ күресінің «Жамбас» әдісін жиі қолданамын, – дейді Ерсін Балтағұл.
Сондай-ақ, спортшы қазақ күресін Жапонияда дамыту мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
– Қазақстанда абсолютті салмақта өтетін «Қазақстан барысы» және «Еуразия барысы» сияқты турнирлер ірі денелі балуандардың әлеуетін көрсетіп отыр. Сондықтан Жапонияда қазақ күресін дамытуға, жергілікті балуандарды сумо күресіне тартуға толық мүмкіндік бар деп санаймын. Сумо жарысына шыққанда өзімнің қазақстандық екенімді, Алматы қаласының тумасы екенімді ешқашан ұмытпаймын. Яғни, мен үшін 146 миллион халқы бар Жапонияда ел намысын қорғау үлкен жауапкершілік деп білемін. Қазір Осака қаласында өтетін император кубогіне дайындалып жатырмын. Бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінуге бар күшімді саламын, – дейді спортшы.
Іс-шарада Мейіржан Берекетов Ерсін Балтағұлға Qazaq Kuresi Ассоциациясы ұжымының атынан құрмет көрсетті. Қазақ дәстүрмен иығына шапан жауып, кәдесыйларды табыс етті.
Баспасөз орталығында жалғасқан сұхбатта кәсіби сумошы ұлттық спорттан халықаралық деңгейге шығудың жолы, спорттағы тәртіп пен табандылықтың маңызы және алдағы жоспарлары жайында айтты.
Бұл кездесу бір спортшының жетістігін дәріптеу ғана емес, қазақ жастарына мотивация беретін тағылымды іс-шара болғаны сөзсіз. Төл күрестің мектебінен түлеп ұшқан балуанның Жапония төрінде атой салуы қазақ спортының әлеуетін айғақтайтын жетістік.
Оның бойы 195 сантиметр, ал салмағы 178 келі болатын Ерсін Балтағұл сумо күресінің ең жоғары дивизионы – Макуутиде өнер көрсетіп жүр.
Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі




SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары