• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстанда шаңғыдан халықаралық жарыс өтуі мүмкін

    Ерназар БЕКСҰЛТАНОВ, Қазақстан Ұлттық шаңғы жарысы федерациясының атқарушы директоры:

    «Қазақстанда шаңғыдан халықаралық жарыс өткізуіміз мүмкін»

    Қысқы спорт түрлерінен 2017 жылғы маусым аяқталды.Қазақстан спортшылары биыл Алматыда өткен қысқы Универсиада, Жапониядағы Азия ойындарына және әлем біріншіліктері мен көптеген халықаралық жарыстарға қатысты. Өмірзақ Шөкеев басқаратын Қазақстан Ұлттық шаңғы жарысы федерациясының атқарушы директоры Ерназар Бексұлтановпен 2017 жылғы маусымның қорытындысы және алдағы жоспарлары туралы сұхбат құрған едік.

    – Ерназар мырза, алдымен биылғы қысқы маусымды бір қорытындылап өтсеңіз?

    – Биылғы қысқы маусым аяқталды. Біздің спортшылар Алматыда өткен бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындары мен Жапонияның Сапорро қаласындағы Азия ойындарына қатысты. Біразы жүлделі орындарға ілікті.  Дегенмен кейбір танымал шаңғышаларымыз әр түрлі себептерге байланысты үздік үштіктен көріне алмады. Бірінші кезекте денсаулықтарына қатысты. Енді алда Олимпиада ойындары бар. Биылғы маусымда спортшыларымыз әлем чемпионаты мен Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) өткізетін әлем кубогының кезеңдерінде көбірек ұпай жинауға тырысты. Соның арқасында Олимпиада ойындарында лицензия алатын шаңғышыларымыздың қатары артты.

    – Кейбір БАҚ өкілдері Алматы қаласы шаңғы жарысынан әлем кубогының бір кезеңін өткізеді деген ақпарат таратқан еді. Бұл жағынан біздің мүмкіндігіміз қандай?

    – Әлем кубогының кезеңдерінің бірін өткізуге негізі мүмкіндігіміз бар. Жақында шаңғы федерациясының өкілдері Ақмола облысының Шучинск қаласына барып келді. Ол жақта қазіргі кезде шаңғы және трамплиннен секіруге арналған база салынып жатыр. Осы жұмысты өз қолдарына алған компания басшылары құрылыс жұмыстарын келесі жылы толық аяқтаймыз деп өз уәделерін берді. Енді, бұйырса, база ашылатын болса, халықаралық жарыстар өткізуге болады. Сонымен қатар Алматы қаласындағы «Алатау» шаңғы базасы халықаралық стандарттарға сә    йкес. Өздеріңіз тамашалаған Универсиада ойындарындағы шаңғы жарыстары дәл осы базада жоғары деңгейде өтті. Сондықтан Оңтүстік Кореядағы Олимпиада ойындары аяқталған соң, Шучинск немесе Алматыда халықаралық жарыс өткізу жоспарымызда бар. Тағы бір қуанышты жаңалық осы жылы Алатау баурайында Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) ұпай беретін Қазақстан кубогы өтеді. Бұл жарыс FIS-тің ұпай санына кіретін болады. Оған шетелдік спортшылар да қатыса алады. Мүмкіндіктері бар.

    – Биылғы оқу-жаттығу жиындарын қай елде өткізуді жоспарлап отырсыздар?

    – Осы жылы Қазақстан чемпионатын өткізгенбіз. Біріншіліктің қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталды. Сонымен қатар бапкерлердің басын қосып жиын өткіздік. Сол отырыста күнтізбе жасалды. Оқу жаттығу жиындарын Эстония, Финляндия, Беларусь мемлекеттерінде және өзіміздің Риддер қаласында өткізу жоспарланған. Риддердің бір жақсысы, жылдың барлық мезгілінде қар болады. Қазір құрама сол жақта жиналып жатыр. Ал Олимпиаданың алдындағы соңғы оқу жаттығу жиыны Алматыда болады.

    – Қысқы Олимпиада ойындары 2018 жылдың 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. Медаль әкелетін спортшылар бар ма?

    – Жаттықтырушылар штабының алдына тапсырма қойылды. Өткен жыл спортшылардың көрсеткен өнері аса қатты көңілден шыға қойған жоқ. Бірақ бәрібір де үмітті үзбейміз. Талантты спортшылар бар. Ал медаль жағын енді уақыт көрсетеді. Алдын-ала болжам жасау дұрыс емес деп ойлаймын. Жалпы, шаңғышылардың мүмкіндіктері әлем кубогының алғашқы кезеңдерінде байқалады ғой.

    – Жастардан кімдерден үміт күтуге болады?

    – Биыл Федерацияның қолдауымен Алматы қаласындағы «Алатау» базасында 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында 7 ауданның ішінде 9 спортшы және 1 бапкерді таңдап алып, оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Ол жақта еліміздің жоғары деңгейлері бапкерлері, Олимпиадалық даярлау орталығының жаттықтырушылары, ұлттық құрама мүшелері болады. Жасөспірімдер ересек спортшыларға қарап көп нәрсе үйренеді деп ойлаймын.

    Ал қазіргі кезде көзге түсіп жастар туралы айтар болсақ, Дәулет Рахымбаев, Виталий Пухкало, Олжас Климиндер бар. Қыздардан Ангелина Шурыгина, Валерия Тюленева болашағынан үлкен үміт күттіреді. Бұл аталған есімдер қазірдің өзінде құрамада өнер көрсетіп жүр. Олардан алдағы уақыт жақсы нәтиже күтеміз.

    – Шаңғы жарысы мен биатлонды шатастырып жататындар бар. Жалпы, шаңғы биатлонның көлеңкесінде қалып қояды деп ойламайсыз ба?

    – Биатлон өзі шаңғыдан шыққан спорт қой. Бұл жерде екі спорттың жалғыз айырмашылығы қару. Биатлонда атуға болады. Ал шаңғыда тек жарыс. Ал бір спорт екінші спорттың көлеңкесінде қалып қояды деп ойламаймын. Спорт өзі керемет отбасы. Грек-рим мен еркін күрес бір федерацияның құрамында болса да, екеуі өздігінше бөлек спорт. Бір-бірінің көлеңкесінде қалып қойғанын естіген емеспін. Сол секілді шаңғы мен биатлон жеке спорт түрлері.

    – Жанкүйерлер ұлттық құрама көшбасшысы Алексей Полторанинді Саппородағы Азия ойындарына қатысады деп күткен еді. Бірақ Жапониядағы жарыста Алексей болмады. Осының себебін түсіндіре кетсеңіз?

    – Шаңғыда өзі көп жарыс өтеді.  Әрбір спортшының маусымда негізгі басымдық беретін додасы болады. Біз Полторанинің әлем чемпионатында бақ сынағанын дұрыс көрдік. Сөйтіп, ол әлем чемпионатына дайындалып, жетінші орын алды. Бапкері ұлттық құрама көшбасшысының жүлдеден тыс қалуына жарақаты себеп болды деп айтты. Дегенмен Алексейдің Олимпиадаға бару мүмкіндігі жоғары. Тіпті лицензияға қол жеткізіп тұр десек артық айтқанымыз емес. Ұпайы өте жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, Полторанин әлемдік аренада танымал спортшы. Өзге елдің шаңғышылары Қазақстан деген кезде бірінші Алексейді айтып жатады.

    – Қазақстанның шаңғы жарысы ұлттық федерациясының алдағы жоспарлары туралы айта кетсеңіз?

    – Президентіміз Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің алдымызға қойған мақсаты бар. Сол бойынша жұмысты бастап кеттік. Оның үстіне, өздеріңіз білесіздер, биыл спортқа қатысты жаңа заң қабылданғалы жатыр. Онда спортты қаржыландыру ұлттық Олимпиада комитеті арқылы жүргізіледі. Соған сәйкес олимпиадалық спорт түрлеріндегі федерациялардың рөлдері күшейеді. Оған қарамастан да біраз жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Жақында Шучинск қаласына барған сапарымда қалалық спорт басқармасының басшысымен келіссөз жүргіздім. Қысқы спорт түрі дамыған аймақпен меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ жылда бүкіләлемдік қар күні өтеді. Бұл FIS-тің аясында өтеді. Биыл осы күнді жоғары деңгейде өткізсек деп отырмыз. Танымалдылығын арттырып, жас баладан ересектерге дейін қатысатыруды жоспарлап қойдық.

    Алматыда жүгіруден, велосипедтен марафондар өтіп жүргенін білесіздер. Біз осындай бұқаралық шараны шаңғыдан да ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Ол келесі жылы Олимпиададан кейін наурыз айында өтеді. Астана қаласында болады. Ең ұзақ қашықтық 50 шақырым. Бағалы сыйлықтар тағайындалады. Тіркеу жұмыстары туралы алдын-ала хабарлаймыз.

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Әңгімелескен Бек ТӨЛЕУОВ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *