Мен бұл мәселені Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық спорттың дамуына саналы ғұмырымды арнаған азамат әрі қазақ күресінің тағдырына бейжай қарай алмайтын маман ретінде көтеріп отырмын.
Қазақ күресі — менің кәсіби өмірімнің ғана емес, жүрегімнің де бір бөлшегі. Сондықтан бүгінгі қазақ күресінің жетістігіне қуанып, кемшілігіне алаңдау — мен үшін сырт көздің сыны емес, осы спорттың қалыптасуы мен дамуына белгілі бір деңгейде жауапкершілік арқалаған азаматтың парызы деп білемін.
Қазақ күресінің тарихына көз жүгіртсек, оның бүгінгі биігіне бірден жетпегенін көреміз. Ұлттық күресіміз талай тарихи кезеңді, талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Әсіресе, кеңестік кезеңде ұлттық спорт түрлерінің тағдыры оңай болған жоқ. Қазақ күресі де сол дәуірдің саясатынан тыс қалмады. Бір кезеңде оның болашағы бұлыңғырланып, тоқырау шегіне жеткен тұстары да болды. Ол бір өте қиын да күрделі кезең еді.
Сол қиын кезеңдердің бірінде қазақ күресінің тағдырына алаңдап, ел басшыларының алдына арнайы барып, хат жазып, ұлттық күрестің халық үшін қажеттігін, оның тәрбиелік әрі спорттық маңызын дәлелдеуге тура келді. Біз сол кезде бар мүмкіндікті пайдаланып, қазақ күресінің жоғалып кетпеуі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Өйткені, ол кезде өз спортымыздың тағдырын шешуге мүмкіндік те, еркіндік те бүгінгідей кең болған жоқ. Ал, бүгінгі жағдай мүлде басқа.
Еліміз тәуелсіздік алды. Өз алдына зайырлы мемлекет. Өз билігіміз — өз қолымызда. Ұлттық спортты дамытуға қажетті заңнамалық мүмкіндік те, мемлекеттік қолдау да, ғылыми әлеует те, ұйымдастырушылық тәжірибе де бар. Демек, бүгін бізге қазақ күресін сақтап қалу үшін күресудің емес, оны жаңа биікке көтерудің жолын іздеу қажет. Бұл — кешегі кезеңнен бүгінгі кезеңнің басты айырмашылығы.
Бұрын барымызды сақтап қалу үшін күрессек, бүгін барымызды бағалап, оны ұқсата білуіміз керек. Өкінішке қарай, кейде қолымыздағы мүмкіндіктің қадірін толық сезіне алмай, бар жетістігімізге тоқмейілсіп қалатын тұстарымыз да бар. Ал, спортта тоқмейілсу — дамудың емес, тоқыраудың бастауы екендігі әлімсақтан ақиқат. Әсіресе, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырған ұлттық спорттың жауапкершілігі де соған сай болуы тиіс.
Сондықтан мен бүгін қазақ күресінің кемшілігін тізіп, біреуді кінәлау үшін қалам алып отырған жоқпын. Керісінше, қазақ күресінің тағдырына жаным ашығандықтан, оның болашағын ойлағандықтан, көп жылдық тәжірибесі бар маман әрі ғалым ретінде өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім. Менің мақсатым — қазақ күресінде қордаланған мәселелерді ашық айтып қана қою емес, олардың шешу жолдарына назар аудару. Өйткені, мәселені айту оңай, ал оның шешімін табу — үлкен жауапкершілік.
Бүгінгі қазақ күресінде кешегі кеңестік кезеңдегідей оны сақтап қалу қаупі жоқ. Керісінше, оның алдында әлдеқайда ауқымды міндет тұр. Ол — қазақ күресін ұлттық спорт деңгейінен халықаралық деңгейге көтеру, әлемдік спорт кеңістігінде лайықты орнын қалыптастыру. Бұл мақсатқа жетуге қажетті алғышарттардың басым бөлігі бізде бар. Мемлекеттік қолдау бар. Халықтың ынта-ықыласы бар. Ғылыми-зерттеулер бар. Жаттықтырушылар мектебі бар. Тәжірибелі мамандар бар. Халықаралық жарыстар өткізу тәжірибесі қалыптасты. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» секілді ауқымды жобалар қазақ күресінің әлеуетін көрсетіп келеді. Сондықтан, осындай мүмкіндіктердің бар кезінде біз неге одан да биік нәтижеге ұмтылмасқа? Неге қазақ күресін Азия және әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстардың тұрақты бағдарламасына енгізудің нақты жолдарын қарастырмасқа? Неге балалар күресінен бастап ересектер арасындағы жоғары жетістіктер спортына дейінгі бірыңғай, сабақтас жүйе қалыптастырмасқа? Неге ғылым мен тәжірибені бір арнаға тоғыстырып, қазақ күресінің өзіндік ұлттық мектебін жаңа ғылыми негізде дамытпасқа? Міне, осы сұрақтар мені толғандырады.
Жақында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы қазақ күресінен Қазақстан құрамасының нәтижесі де осы мәселелерге қайтадан назар аударуға себеп болды. Бұл жерде жекелеген спортшыларымыздың еңбегін бағаламау немесе олардың жеңісін төмендету туралы сөз жоқ. Керісінше, сол нәтижеге кәсіби тұрғыдан қарап, қазақ күресінің жалпы әлеуеті мен көрсеткен нәтижесінің арақатынасын саралау қажет. Өйткені, сын — қазақ күресін әлсірету үшін емес, оны күшейту үшін айтылуы керек. Менің бұл ойларымды оқырман қауым дәл осы тұрғыдан қабылдағанын қалаймын.
Қазақ күресінің болашағы бір адамның немесе бір ұйымның еншісіндегі мәселе емес. Ол — бүкіл қазақ спортының, спорт мамандарының, ғалымдардың, жаттықтырушылардың, федерациялардың және ең бастысы, ұлттық мүдденің мәселесі. Сондықтан төменде қазақ күресінің бүгінгі жағдайына қатысты өзім көріп жүрген бірқатар түйткілді мәселелерді, олардың себептері мен шешу жолдарын, сондай-ақ ұлттық күресімізді халықаралық деңгейге көтерудің мүмкін болатын алғышарттарын ортаға салуды жөн көрдім.
Бұл — сын айту үшін емес, ойлану үшін жазылған пікір. Өткенді жоқтау үшін емес, болашақты бағдарлау үшін айтылған сөз. Ең бастысы — қазақ күресіне деген жанашырлықтан туған азаматтық ұстаным.
Қазақ күресі — қазақ халқының сан ғасырлық тарихымен бірге жасап келе жатқан төл өнері, ұлттық рухтың, қайсарлық пен намыстың, ерлік пен жігердің айнасы. Ол — жай ғана спорт түрі емес. Қазақ күресінің бойында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, тәрбиелік дәстүрі мен елдік болмысы жатыр. Сондықтан қазақ күресінің бүгінгі жағдайы туралы сөз қозғағанда, мәселені тек бір спорт түрінің жетістігі немесе жекелеген жарыстардың нәтижесі ретінде қарауға болмайды. Бұл — ұлттық мұраның тағдыры, Қазақстан спортының халықаралық беделі және ұлттық мүдде мәселесі.
Бүгінде қазақ күресіне бұрынғыдан әлдеқайда мол мүмкіндік жасалғаны анық. Республикалық және халықаралық жарыстар тұрақты өткізіледі. Жоғарыда атап өткен «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сияқты ауқымды додалар қазақ күресінің танымалдығын арттырып, палуандарға үлкен бәсеке алаңын ұсынып келеді. Мемлекет тарапынан спортшыларды даярлауға, жарыстар өткізуге, спорт инфрақұрылымын дамытуға және ұлттық спортты қолдауға айрықша көңіл бөлінуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 11 қыркүйекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушыларды мемлекеттік марапатпен марапаттау кезінде сөйлеген сөзінде ұлттық спорт түрлерін дамытуды Үкімет пен әкімдіктердің маңызды міндеті ретінде атап өтті. Президент елімізде ұлттық спорт бағытында жұмыс істейтін отыздан астам арнайы мекеме бар екенін, Ұлттық спорт университеті ашылғанын, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» жұмысын бастағанын, жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен мыңнан астам жарыс өткізілетінін айтты. Ең бастысы, Мемлекет басшысы ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерінің заң жүзінде тең мәртебеге ие болғанын атап көрсетті.
Бұл — ұлттық спорт үшін тарихи мүмкіндік. Бірақ кез келген мүмкіндік үлкен жауапкершілікті де қатар алып келеді. Егер мемлекет қазақ күресіне осындай деңгейде қолдау көрсетіп отырса, онда қазақ күресінің нәтижесі де сол қолдауға сай болуы керек емес пе? Қазір осы сұрақты ашық қоюға тура келіп отыр.
Біздің кезімізде қазақ күресі бүгінгідей үлкен спорт индустриясына айналған жоқ еді. Күрес көбіне ауылдағы тойларда, мерекелік жиындарда, елге белгілі азаматтарды еске алуға арналған астар мен тойларда ұйымдастырылатын. Палуанның атағы ел арасында тарайтын. Оның жеңісі ауылдың ғана емес, ағайынның абыройы саналатын. Алайда, сол кезде арнайы федерациялық құрылым, халықаралық жарыс жүйесі, ғылыми-әдістемелік база, кәсіби спорт менеджменті, тұрақты халықаралық күнтізбе секілді бүгінгі мүмкіндіктердің басым бөлігі болған жоқ.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағытта үлкен өзгерістер басталды. Қазақ күресінің федерациялық құрылымы қалыптасты, ережелері жүйеленді, оқу-әдістемелік еңбектер жарық көрді, ғылыми-зерттеу жүргізілді, диссертациялар қорғалды. Жоғары оқу орындарында қазақ күресін оқыту мен зерттеуге байланысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Яғни, бізде теориялық база да, тәжірибелік мектеп те, тарихи дәстүр де бар. Ендеше, бүгінгі басты сұрақ — осының бәрі неге халықаралық деңгейдегі тұрақты нәтижеге толық айналмай отыр? Мәселе осында.
Жақында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осы сұрақты қайтадан күн тәртібіне қойды. 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен бұл дүбірлі додаға 113 елден үш мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы 74 медаль жеңіп алды: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола. Бұл — ұлттық спорттың көптеген түрінен спортшыларымыздың жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын көрсететін маңызды нәтиже. Алайда, қазақ күресіне келгенде жағдай басқаша көрінді. Шолпан-Атада өткен бәсекеде Қазақстан балуандары қазақ күресінен бір алтын және екі күміс медальмен ғана шектелді.
Әрине, бұл спортшыларымыздың еңбегін жоққа шығару емес. Керісінше, олардың жеңісі мен жүлдесі құрметке лайық. Ернұр Сүлейменнің чемпиондығы — қазақ күресі мектебінің әлі де мықты спортшылар тәрбиелей алатынының нақты дәлелі. Бірақ мәселе жеке палуандарда емес. Мәселе — мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отырған, Қазақстанда бұқаралық сипаты қалыптасқан, «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сияқты ауқымды жарыстары бар қазақ күресінің жалпы халықаралық нәтижесі оның мүмкіндігі мен әлеуетіне қаншалықты сай? Міне, осы сұраққа мамандар шынайы әрі кәсіби тұрғыдан жауап іздеуі керек. Өйткені, Көшпенділер ойындары — қазақ күресі үшін жай ғана кезекті жарыс емес. Бұл — ұлттық спорттың халықаралық беделін көрсететін маңызды алаң. Оның үстіне ойындар түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытатын ауқымды халықаралық жоба ретінде өтіп отыр. Мемлекет басшысы да Көшпенділер ойындарының мәртебесін ортақ абыроймен байланыстырады. Сондықтан Шолпан-Атадағы нәтиже бізді ренжіту үшін емес, ойландыру үшін қажет. Қазақ күресіне қазір қолдау жеткіліксіз деп айту қиын. Керісінше, қолдаудың жаңа деңгейіне көтерілгенін Мемлекет басшысының өзі атап өтті. Ендеше мәселе тек қаржыда емес. Мәселе — сол мүмкіндікті қалай пайдалануда.
Спортта қарапайым бір қағида бар: қаржы, жарыс және инфрақұрылым өздігінен чемпион қалыптастырмайды. Оның артында жүйелі селекция, ғылыми негізделген жаттығу әдістемесі, білікті жаттықтырушы, сапалы медициналық және функционалдық дайындық, допингтік талаптар, психологиялық даярлық, халықаралық тәжірибе және кәсіби спорт менеджменті тұруы қажет. Қазақ күресінде осы компоненттердің барлығы бір жүйеге бірігуі керек.
Бүгінгі таңда ғылымда қазақ күресінің техникасы мен әдістемесіне арналған көптеген зерттеулер бар. Диссертациялар қорғалды, ғылыми мақалалар жарияланды. Бірақ ендігі кезеңде «қанша еңбек жазылды?» дегеннен гөрі, «Сол ғылыми зерттеулердің қаншасы ұлттық құрама дайындығына енгізілді?» — деген сұрақ маңызды. Ғылым боз кілемнен алшақ тұрмауы керек. Ғалым, жаттықтырушы және спортшы бір команда ретінде жұмыс істегенде ғана ғылыми зерттеудің нақты спорттық нәтижеге айналу мүмкіндігі артады. Бұл бұрыннан бар тәжірибе.
Қазақ күресінің дамуы туралы сөз болғанда басқару мәселесін де айналып өте алмаймыз. Қазақ күресі төңірегінде бірнеше федерациялық құрылымның қатар жұмыс істеуі спорттың дамуына қатысты пікір алуандығын туындатып отыр. Құрылымы мен мақсаты ұқсас ұйымдардың әрқайсысы ұлттық күрестің дамуына өзіндік үлес қосуды көздегенімен, халықаралық аренадағы үлкен мақсат ортақ үйлесімді талап етеді. Бұл жерде мәселені кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екеніне тіреудің қажеті жоқ деп санаймын. Ең басты сұрақ:
— қазақ күресінің ортақ ұлттық стратегиясы бар ма?
— егер бар болса, оның нақты индикаторлары қандай?
— алдағы бес жылда қандай халықаралық жарыстарға ену жоспарланған?
— қандай салмақ дәрежелерінде әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті палуандар қалыптасады? Балалар резерві қалай жасақталады?
— жаттықтырушылардың біліктілігі қалай бағаланады?
— халықаралық төрешілер қанша? Қазақ күресінің шетелдегі клубтары мен мектептері қанша?
— қай елдерде тұрақты жарыстар өткізіледі?
Осындай нақты сұрақтарға нақты жауап беретін жүйе керек.
Бұл жерде Өзбекстанның Кураш спортын дамытудағы халықаралық тәжірибесіне назар аударған жөн. Кураштың халықаралық жарыстар жүйесінде орнығуы бір күнде немесе бір адамның бастамасымен келген жоқ. Өзбекстандық Кураш федерациясының қазіргі тәжірибесінде жаттықтырушылар мен төрешілерді халықаралық стандарттарға сай даярлау, лицензиялау және семинар өткізу жеке бағыт ретінде қарастырылған. 2026 жылғы жоспарында 12 халықаралық семинар, 6 лицензиялық курс және төрешілік бойынша 5 курс өткізу, 500-ден астам жаттықтырушы мен төрешіні даярлау мақсаты көрсетілген. Мұндай деңгейге жету үшін ұлттық спортты балалар спортынан бастап ересектер арасындағы жоғары жетістіктер спортына дейін жүйелі дамыту, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу, жарыстар географиясын кеңейту және мемлекеттік қолдауды стратегиялық мақсатқа бағыттау қажет.
Қазақ күресінің мамандары да осы тәжірибені ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан терең зерттеуі керек. Бұл өзбек тәжірибесін тікелей көшіріп алу емес, өзімізге қажет тиімді модельді таңдап, оны қазақ күресінің ұлттық болмысы мен ерекшелігіне бейімдеу үшін қажет.
Қазақ күресін Азия ойындары, Ислам ынтымақтастығы ойындары сияқты ірі халықаралық жарыстардың бағдарламасына енгізу туралы мақсат қойылса, бұл жұмысты тек федерацияның міндеті деп қарау жеткіліксіз. Бұл — мемлекет, спорт басқармасы, федерациялар, ғалымдар, жаттықтырушылар және халықаралық спорт менеджерлері бірігіп атқаратын кешенді жұмыс.
Менің ойымша, бүгінгі ең өзекті мәселенің бірі — қазақ күресін дамытудың нақты, кезең-кезеңімен орындалатын ұлттық бағдарламасын әзірлеу. Бұл бағдарламада кемінде мынадай бағыттар қамтылуы тиіс деп санаймын:
1) балалар мен жасөспірімдер арасындағы бірыңғай ұлттық даярлық жүйесін құру;
2) спорттық резервті іріктеудің ғылыми негізделген жүйесін жасау;
3) жаттықтырушы кадрлардың кәсіби деңгейіне жаңа талаптар енгізу;
4) қазақ күресі бойынша ғылыми-зерттеу орталығы мен ұлттық құрама жұмысының өзара байланысы күшейту;
5) спортшылардың функционалдық жағдайын, жүктемесін, қалпына келуін және техникалық-тактикалық дайындығын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйесін енгізу;
6) халықаралық төрешілер мен спорт менеджерлерін даярлау мәселесіне ерекше мән беру;
7) қазақ күресінің шетелдердегі мектептері мен клубтарының жүйесін кеңейту;
халықаралық жарыстардың тұрақты күнтізбесін қалыптастыру;
9) әрбір төрт жылдық кезеңге ғана емес, он жылдық стратегиялық мақсатқа бағдарланған жұмыс жүйесін жасау.
Ең бастысы — осы бағдарламаның орындалуын бағалайтын ашық әрі нақты көрсеткіштер болуы тиіс.
Мемлекет басшысы ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерінің заң жүзінде тең мәртебеге ие болғанын атап өтті. Сонымен бірге Президент ұлттық спорт саласындағы маңызды шараларды сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігіне баса назар аударды. Бұл сөздер ұлттық спорт мамандары үшін үлкен сенім ғана емес, үлкен міндет деп қабылдануы керек. Алдағы уақытта ұлттық спортқа «ұлттық болғаны үшін ғана» қолдау көрсетудің кезеңі біртіндеп өзгеруі тиіс. Себебі, ұлттық спорт ұлттық болғаны үшін құрметтеледі, ал халықаралық деңгейде орнығуы үшін кәсіби жүйе қажет.
Қазақ күресіне де дәл осындай көзқарас керек. Оны тек дәстүрлі мұра ретінде сақтап қою аз. Оны әлемдік спорттың талаптарына жауап бере алатын заманауи, бәсекеге қабілетті спорт түріне айналдыруымыз қажет. Бұл үшін қазақ күресінің ұлттық сипаты мен халықаралық спорт талаптарын бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ деп санаймын. Керісінше, екеуін өзара сабақтастыру керек. Бұл — бір ғана федерацияның емес, бұл ұлттық спорттың мәселесі. Жалпы, қандай спорт түрі болсын оның болашағын талқылағанда біреуді кінәлау ең оңай мәселе. Сондықтан одан қордаланған мәселелер шешілмейді. Бізге айыптаудан гөрі жауапкершілік мәдениеті қажет. Федерация — ұйымдастыруы керек. Министрлік — стратегиялық бағыт пен мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуі керек. Ғалымдар — ғылыми негіз ұсынуы керек. Жаттықтырушылар — сол ғылыми негізді жаттығу үдерісіне енгізуі керек. Спортшылар — ел намысын қорғауы керек. Ал, барлығының үстінде бір ортақ мақсат тұруы қажет: Ол қазақ күресінің әлемдік деңгейдегі беделін көтеру. Сондықтан бүгінгі мәселені «Қай федерация дұрыс?» деген сұрақтан бастап емес, «Қазақ күресін қалай әлемдік спорт кеңістігіне шығарамыз?» — деген сұрақтан бастау әлдеқайда маңызды.
Мен осы мәселелерді терең саралай келіп: «Халық кеңесі» сияқты «Қазақ күресін дамыту жөніндегі ұлттық кеңес» құрып, оған: Мемлекет басшысының өкілі; Үкімет; Ұлттық Олимпиадалық комитет; Туризм және спорт министрлігі; Qazaq Kuresi және Дүниежүзілік қазақ күресі федерацияларының өкілдері; ғалымдар; білікті жаттықтырушылар; беделді спортшылар мүше болуы керек деп санаймын. Бұл менің жеке пікірім. Бұл жөнінде сала мамандары өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін білдіре жатар. Ал, федерацияның президенті ретінде тәжірибелі, халықаралық қауымдастықта абыройлы, кәсіби спорт менеджері жұмыс істеп, оның қызметі нақты KPI арқылы бағалануы тиіс. Бұл қазақ күресін халықаралық деңгейде ілгерілетуге институционалдық тұрғыдан мүмкіндік береді деп санаймын.
Басқа ұлттық спорт түрлеріне қарағанда қазақ күресін әлемдік аренаға шығарудың мүмкіндігі мол. Атап айтар болсақ: 1) қазақ күресінің қалыптасқан тарихи негізі бар; 2) елімізде халықтық қолдауы бар; 3) тұрақты жарыс өткізу тәжірибесі қалыптасқан; 4) ғылыми және педагогикалық зерттеулер жүргізіліп келеді; 5) мемлекет тарапынан саяси және құқықтық қолдауға мүмкіндіктер қарастырылған; 6) қазақ күресін халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік беретін қазіргі ақпараттық технологиялар мен медиаресурстар бар және т.б. Қазіргі таңда бізге жетіспейтіні — осы мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстыратын жүйелі ұлттық стратегия. Қазақ күресін әлемге таныту — тек спорттық міндет емес. Бұл — Қазақстанның мәдениетін, тарихын, ұлттық дүниетанымын әлемге танытудың бір ғана жолы. Көшпенділер ойындары кезінде әлем назарын түркі халықтарының тарихи мұрасы мен ұлттық спортына аударады. Президент те Көшпенділер ойындарының мәртебесін ортақ абыроймен байланыстырып, Ұлы дала өркениетінің мұрасын сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Осындай жағдайда қазақ күресінің халықаралық деңгейде биік тұруы — біз үшін тек спорттық жетістік емес, ұлттық абырой мәселесі.
Қазіргі таңда спорт сүйер қауымды келесі 2028 жылы өтетін Көшпенділер ойындарына дейін не өзгереді деген үлкен сұрақ мазалайды? Бұл бүгін қойылуға тиіс ең нақты сұрақ деп санаймын. Ол үшін:
— келесі Көшпенділер ойындарына дейін қазақ күресінде қандай өзгеріс болады?
— қанша жаңа спортшы дайындалады?
— қанша халықаралық жарыс өткізіледі?
— қанша елде қазақ күресінің тұрақты мектебі ашылады?
— жаттықтырушылардың қаншасы халықаралық деңгейде даярлықтан өтеді?
— ғалымдардың қанша зерттеуі ұлттық құрама жұмысына енгізіледі?
— қазақ күресінің халықаралық беделін арттыру үшін қандай нақты қадамдар жасалады?
Міне, осы сұрақтардың әрқайсысына бүгіннен бастап жауап іздесек, онда келесі Көшпенділер ойындары біз үшін тек медаль санайтын жарыс емес, жүргізілген реформаның нәтижесін көрсететін үлкен есеп алаңы болар еді.
Қазақ күресі — бізге ата-бабамыздан қалған аманат. Аманатты сақтау — оны мұражайда ұстап қою емес. Аманатты сақтау — оны заман талабына сай дамытып, әлемге танытып, келер ұрпаққа бұрынғыдан да биік деңгейде жеткізу. Бүгінде мемлекет қазақ күресіне бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер беріп, Мемлекет басшысы ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, оның дамуына нақты бағыт көрсетіп отыр. Енді осы сенімді ақтайтын жүйелі жұмыс қажет.
Шолпан-Атадағы Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен алынған бір алтын мен екі күміс — спортшыларымыздың еңбегін таразылайтын нәтиже. Бірақ дәл осы көрсеткіш бізді тоқмейілсуге емес, «Неге бұдан да жоғары нәтиже көрсете алмадық?» — деген кәсіби сұраққа жетелеуі тиіс. Өйткені, қазақ күресінің алдында тұрған міндет — келесі жарыста бірнеше медаль алу ғана емес. Басты міндет — қазақ күресін әлемдік спорт кеңістігінде орнықтыру. Бұл мақсатқа жету үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ортақ жүйе, кәсіби менеджмент, ғылыми негіз, білікті жаттықтырушы кадрлар, сапалы спорттық резерв және ең бастысы — ұлттық мүддені жеке мүддеден жоғары қоятын ортақ ұстаным қажет.
Менің жеке пікірім бойынша, қазақ күресі әлемдік деңгейге шығуға әбден лайықты. Оның бұған тарихи да, ұлттық та, спорттық та негізі жеткілікті. Қазақ күресінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, халық арасындағы беделі, өзіндік техникасы мен әдістемесі, ғылыми-зерттеу базасы, тәжірибелі мамандары және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауы — осының бәрі оның халықаралық спорт кеңістігінде лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір маңызды алғышарттар.
Бүгінгі мәселе — қазақ күресінің әлемдік деңгейге шығуға лайық екенін қайта-қайта айтып, дәлелдеу емес. Ендігі мәселе — оның лайықты екенін нақты нәтижемен көрсету. Ол үшін сөзден іске көшуіміз керек. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қазақ күресін дамытудың нақты әрі ұзақ мерзімді стратегиясын қалыптастыруымыз қажет. Федерациялар арасындағы үйлесімділікті күшейтіп, мемлекеттік органдармен, ғылыммен және тәжірибелі жаттықтырушылармен бірлескен жүйелі жұмыс жүргізу керек. Балалар мен жасөспірімдер спортынан бастап ұлттық құрамаға дейінгі сабақтастықты қамтамасыз етіп, спорттық ізбасарлар даярлаудың сапасын арттыруымыз қажет.
Шолпан-Атада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтиже де бізге осыны ойландыруы тиіс. Ол жекелеген палуандарымыздың еңбегін бағаламау үшін емес, жалпы жүйеміздің мүмкіндігін саралау үшін қажет. Әрбір жарыстың нәтижесі бізге кемшілігіміз бен олқылық тұстарымызды көруге, дұрыс бағытты айқындауға және келесі белеске дайындалуға мүмкіндік беруі керек.
Бізге енді жарыстар санын көбейту жеткіліксіз. Әр жарыс спортшының шеберлігін арттыруға, әр оқу-жаттығу жиыны нақты мақсатқа, әр ғылыми-зерттеу тәжірибелік нәтижеге, әрбір жұмсалған қаржы халықаралық жетістікке қызмет етуі тиіс.
Меніңше, қазақ күресін дамытудың түпкі мақсаты тек — медальдар санын көбейту емес. Негізгі мақсат — қазақ күресін халықаралық спорт жүйесінде орныққан, өзіндік мектебі мен тұрақты жарыс күнтізбесі, білікті мамандары мен үздік спортшылары бар, әлемнің әр түкпірінде мойындалған ұлттық спорт түріне айналдыру. Бұл мақсатқа жету бір күннің немесе бір адамның жұмысы емес. Ол табандылықты, кәсіби біліктілікті, жүйелілікті және ортақ жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы — ұлттық күрестің мүддесін жеке мүддеден жоғары қоятын біртұтас ұстаным қажет.
Біз кезінде қазақ күресін сақтап қалу үшін күрестік. Қазір оны сақтап қалудың емес, әлемге танытудың жаңа кезеңі келді. Кезінде ел басшыларының алдына барып, қазақ күресінің қажет екенін дәлелдеуге тура келсе, бүгін қазақ күресін дамытуға қажетті мүмкіндіктің барлығы дерлік қолымызда. Ендеше, сол мүмкіндікті толық пайдалану — біздің азаматтық әрі кәсіби жауапкершілігіміз. Сондықтан бүгін бізге «Қазақ күресі әлемге шыға ала ма?» деген сұрақтан гөрі, «Оны әлемдік деңгейге шығару үшін біз бүгін не істеуіміз керек?» — деген сұрақ маңызды. Менің сенімім — қазақ күресінің бұған мүмкіндігі де, әлеуеті де жетеді. Бұл — бүгінгі қазақ күресінің алдында тұрған ең үлкен сын. Сонымен бірге, бұл — оның ең үлкен мүмкіндігі.
Қазақ күресін дамытуға атсалысып жүрген майталман мамандарға, білікті жаттықтырушыларға, ғалымдарға, төрешілерге, спортшыларға және ұлттық спорттың болашағына еңбек етіп жүрген барша азаматтарға ақ жол, толағай табыс тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болып, қазақ күресінің абыройы асқақтай берсін!
Жастарымыздың жеңісі елдің мерейін өсіріп, көк байрағымызды биікте желбіретсін. Қазақ күресінің әлемдік аренадағы беделі артып, өзіне лайықты орнын иеленуіне барша азамат болып атсалысайық.
Ең бастысы, қазақ күресі Азия ойындарының және келешекте Олимпиада ойындарының бағдарламасына енетін күнді нәсіп етсін! Ұлттық спортымыздың осындай биік белестерге көтерілуіне Жаратқан Иеміз қолдау көрсетсін!
Бірлігіміз бекем, еңбегіміз берекелі, мақсатымыз айқын болсын! Қазақ күресінің туы биікте желбіресін!
Ерғали МУХИДДИНОВ,
Қазақстан Республикасының Қазақ күресі
федерациясының тұңғыш президенті,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
профессор





SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары