• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда атан жілік, апайтөс алыптар анықталды

    Бүгінгі таңда төл  күресімізді дамытуда студент жастардың қосып жатқан үлесі зор.

    Кеше Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің шаңырағында Алматы қаласы ЖОО студенттерінің арасында қазақ күресінен жекпе-жектер болып өтті. Бұл жарыс студенттер арасында шаhардағы ең мықты түйе палуанды анықтауға арналған еді.

    Бұл белдесулер  бір жағынан жастардың ұлттық күресімізді  дәріптеп, құрметпен қарауына бағышталса, екінші жағынан,  студенттердің салауатты өмір салтына бет бұруды мақсат етіпті.

    Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тахир Оспанұлы Балықбаев айтулы белдесудің ұлттық күресіміздің дамуына қосар үлесі ерекше екендігіне тоқталып, палуандарға табысты жекпе-жектер тіледі. Сонымен бірге құрметті қонақтардың қатарында сөз алған, Қазақ күресі федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов пен осы ұйымның бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов қазақ күресінің болашағына жастарды көп тарту бағытында үлкен жұмыс жасап отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымына зор алғыстарын жеткізді. Ал, қазақ күресінің елімізде кеңінен өріс алуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың бірі, қазақ күресінің тұңғыш президенті, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Абай атындағы ҰПУ-нің Денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі, профессор Ерғали Мұхитдиновтың осындай аламанды ұйымдастыруда еңбегі ерен. Сондықтан да жарыс шымылдығы ашыларда сөйлеген сөзінде белгілі күрес маманы қазақ күресінің студенттер арасында өткізудің маңызы айрықша екендігіне тоқталып, палуандарға сәттілік тіледі. Сосын жекпе-жектер басталып кетті.  Расымен де Абай атындағы ҰПУ-нің Алматы шаhарында алғаш болып студент жастардың ата күресімізге үлкен сүйіспеншлікпен қарап, дамыту бағытында алғашқылардың бірі болып осындай  тартысты белдесулерді қолға алып ұйымдастыруы үлкен мақтауға лайық деуге болады.

    Сонымен бозкілемде Түйе балуан атануға үмітті қаладағы барлық ЖОО орындарының 30-ға тарта жас палуандары жеңіс үшін жан аямай белдесті. Жеңіс қашанда қандай спорт түрі болмасын, шын ниетімен жаттығуда барынша тер төккенге бұйырары белгілі. Бұл жолы да солай болды. Соңғы финалдық кездесуде айтулы оқу орнының  қос бірдей  студенті кездескен еді. Бір оқу ордасының екі бірдей студентінің соңғы сында жолығуының өзі кездейсоқтық емес еді. Өйткені, екі бірдей палуан да қазақ күресінен  әлем чемпионатының күміс жүлдегері, төл күресіміздің майталман маманы  Еркін Сайдақовтың қарамағанда  жаттығады. Сондықтан да бір-бірінің қимыл-қозғалысын жақсы білетін қос алыптың арасында жеңімпазды анықтау оңай болмасы анық еді. Дегенмен де  Өнер-мәдениет және спорт институтының  Денешынықтыру  және спорт факультетінің 1 курс  студенті 124 кг салмағы бар атаңжілікті жас палуан Ерсұлтан Жорабековтың мысы басым болды. Өйткені, Ерсұлтан – самбо күресінен жасөспірімдер арасында республикалық жарыстың жеңімпазы, қазақ күресінен жастар арасындағы ел чемпионы. Сонымен қатар, ол белбеу күресінен әлем чемпионатының  қола жүлдесін алып, жастар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігінде талай рет топ жарған спортшы. Осы жарыста да Ерсұлтанның жеңіске бір табан жақын екені бірден-ақ біліне бастады. Қарсыластарының барлығын алып та, шалып та жығып, финалға шыққан Ерсұлтанды бозкілемде Құқық және тарих инистутының Заң факультетінің 1 курс студенті  салмағы 143 кг жететін бұлан мойын, қақпан бел Хамза Нұрсұлтан күтіп тұрған еді. Тартысты өткен белдесудің алғашқы минуттарында-ақ, оңтайлы сәттің бірінде  жамбасқа салып лақтырған  кезде Хамза шарасыздан жерге шалқасымен түскен еді. Осылайша қарсыласының жауырынын жерге таза қойған Ерсұлтан жарыстың түйе палуаны атанды. Тіл көзден аман болса, Ерсұлтанның шығар биігі алда екендігіне көпшілікті көзі жеткендей болды. Талантты жас палуан жарыс ұйымдастырушысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қолдауымен бас бәйгеге тігілген қомақты қаржыны қанжығасына байлап кетті. Ал, жүлделі 3 орынды М.Тынышбаев атындағы  Қазақ Көлік және коммуникация академиясының 2 курс студенті Жапар Нұрбол  жеңіп алды.

    Студент жастардың ұлттық күресімізге деген сүйіспеншілігін арттыру аясында өткен бұл жарыстың болашағы жарқын. Сондықтан да осы белдесуді қалай өткізсек екен деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген Абай атындағы ҰПУ-нің Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жанатбек Ішпекбаев мырза жарыс соңында түйе палуан Ерсұлтан Жорабекті құрметпен марапаттап, қаржылай сыйлығын қошаметпен табыс етті.

    Негізі осындай аламанды өткізу оңай емес екені кімге болса белгілі. Біз кей-кезде жарысты тамашалаймыз да оны жасаған, дүниеге әкеліп халыққа тарту еткен былайша айтқанда қара жұмысына тер төккендерді ұмытып жатамыз. Ол дұрыс емес. Еңбек еш кетпей, әрқашанда бағаланып айтылуы қажет. Осындай үлкен байрақты сынды өткізуде, Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті мен  Денешықтыру және спорт кафедарасының ұжымына, жарысты тамашалаған халық алғыстарын аямай жаудырып жатты. Бұл да көңіл қуантарлық жәй.

    Жалпы, бұл доданы ұйымдастырудағы басты мақсат ол студенттердің ата күресімізге деген сүйіспеншілігін ояту, салауатты өмірге жол сілтеу.  Осындай дүбірлі жарыстарды қызықтаған жастардың ұлттық күресімізге деген қызығушылығы міндетті түрде арта түсері анық. Сондықтан алдағы жылы өтетін жарыс бұдан да артық тартысты әрі қызықты  өтетініне сеніміміз зор.

    Ендеше, атанжілікті жас палуандардың алар асулары әлі алда.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *