Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Ғафу Қайырбеков
Біз анамыз Ұлмекен Төленқызын бала кезімізден «апа» деп айтып өскенбіз. Апамның немерелері де оны осылай айтатын еді. Ол кісі 1936 жылы туған. Өзі де «Тышқан жылы туғанмын» деп айтып отыратын. Апамыз әкеміз Омар Кенжалыұлына жастайынан тұрмысқа шыққан екен. Содан бері екеуі өмір бойы бір-бірінің қас-қабағына қарап, сыйласып өтті. Біздің үй ауылдағы көп балалы отбасылардың бірі болды.
Жалпы, бұрында ауылдық жерде бір шаңырақта 10-15 баланың болуы қалыпты жағдай еді. Біздің үйде де 14 бала болды. Апамыз кезінде осыншама құрсақ көтеріп, «Ардақты Ана» алтын медалін алған. Үйдің үлкені Жұмабек ағамыз болатын. Біз оны кішкентайымыздан «тәте» деп айтып өстік. Кейін ол елімізге белгілі журналист, жазушы, публицист, қоғам қайраткері болды. Еліміздегі бірнеше газет-журналды басқарып, бірнеше басылымның басын біріктірген «Қазақ газеттері» АҚ президенті болып қызмет етті. Апам үлкен ағамызды ерекше жақсы көрді. «Жұмабегім, менің маңдайымның жұлдызы ғой», деп айтып отыратын еді жарықтық. Кейін ол ел ағасы болғанда да ата-анамыз оны мақтан тұтты.
Біздің үйдің 1966 жылы туған қызы Залияштың сөзімен айтсақ, апамыздың өзі де ер мінезді, сыпсын әңгімеге жоқ, тазалыққа өте ұста, ісмер кісі болған. Үй шаруасындағы әйел болса да барлығымыздың білім алып, бір-бір кәсіптің иесі болуымызға бар жағдайды жасаған. Апамыз бізге жылы құшағын сыйлағандай қойдың жүнін жуып, тазалап, оны иіріп, әр түрлі тоқымалар тоқып беретін. Тоқыма тоқығанға өте шебер еді.
-Студент кезімде апамның тоқыған орамалын, шұлығын, қолғабын киіп жүретінмін. Сондай жылы әрі ыстық еді, – дейді Залияш.
Біздің апамыз мінезге де өте бай еді ғой. Біз оның көкемізбен бір ренжісіп, бір-біріне қатты дауыс көтергенін көрген емеспіз. Екеуі де бір-бірін қас қабағымен түсінетін. Сонымен де олар бүкіл Қайыңдыға, оған жақын маңдағы ауылдарға сыйлы болды. Мұны жақында Ұрқия Жақанқызы апамыз бен Мәлике Шалабайқызы тәтемізден анамыз туралы сұрағанымызда айтты. «Ұлмекен апамыз – Қыржігіттің қызы. Біз екеуміз «Ардақты Ана» алтын алқаның иегеріміз. Ол 14 құрсақ көтерсе, мен 17 баланы өсірдім, — деді Ұрқия апамыз. — Оны Омар аға көтермелеп жүрді. Ағамыз қызмет істеп, ауылда зоотехник, веттехник болды. Омар ағаның арқасында тұңғыштары Жұмабек те көз алдымызда үлкен азамат болып өсті. Бұрын ауылда көп жұмыс болмайтын. Соған қарамастан Ұлмекен қолдан келген жұмыстың бәрін істеді. Үй шаруасымен айналысты. Өте жақсы кісі болатын». Ал Мәлике тәтеміз болса, апамыздың Бөпіш әжемізге ұқсағанын жеткізді. Ол кісі апамыздың анасы.
–Бөпіш әжеміз де тазалықты жаны сүйетін кірпияз кісі болатын, – деді тәтеміз. – Біз бала кезімізде Жұмаш екеуміз (нағашымыз Cмағұл Төленұлының қызы) Омар әкеміздің үйінен шықпайтынбыз. Ұлмекен апам бізді жуындырып, шайындырып, шайымызды, тамағымызды беріп ұйықтататын. Бізге жақсы тәрбие беретін. Жалпы, біз бір ауылда тұрған соң Жалмағамбет бабамыздың ұрпақтары болып тату-тәтті өмір сүрдік. Бабамыздан алты ұл, бір қыз тараған. Біз сол алты ұлдың ұрпақтарымыз, – деді ол.
Біздің нағашы атамыз Төлен Ерманұлы мен оның жұбайы Бөпіш әжеміз дәулетті кісілердің ұрпағы болған екен. Өздері де бай-қуатты адамдар болған деседі. Бұл әңгімені біз туысымыз Кәдірбай Қалиевтен естідік. Оның айтуынша, Төлен атамыз сымбатты, әжеміз ажарлы кісі болыпты.
–Менің бала кезімде есімде қалғаны, Төлен атамыз есік алдында аппақ ұзын сақалын сипат отыратын. Ал Бөпіш әжеміз ұзын бойлы, ажарлы кісі еді. Көзкөргендер оны Бәтима әжеміз секілді аруақты адам болған дейді. Бәтима әжеміз – Жалмағамбет бабамыздың жұбайы. Олар да кезінде дәулетті кісілер болған екен. Менің есімде Бөпіш әжеміз айтты деген мына әңгіме қалыпты. Бұрын аштық жылдары олар бүкіл дүниесін тастап жаяулап Қарабалық (Федоровка) жаққа барыпты. Жолда заттары ауыр болған соң ба жолдың жиегіне байлар пайдаланған жезқұман, шәйнек, алтын, күміс, мыстан жасалған ыдыс-аяқтарды, қымбат-қымбат заттарды көміп кеткен екен. Сол кезде Бөпіш әжеміз: «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен», деп бағалы заттардан көңілі қалғанын айтқан деседі, – дейді ол.
Міне, апамыздың ата-анасы, біздің нағашы жұртымыз осындай адамдар болған. Сол аштық жылдарынан кейін анамыз да дүниеге келген. Бұл шамасы 1936 жыл болу керек. Апамыздың балалық шағы Сарыторғай елді-мекенінде өткен екен. Қайыңды ауылында ұзақ уақыт көрші тұрған Қарақойлы Құсайынқызы апамыздың айтуынша, ол анамызбен Екідің ауылында 6 класс оқып, Сарыторғайдан бір уақытта көшіпті. Содан кейін анамыз Ұлмекен Төленқызы көкемізге тұрмысқа шығып, Күлік деген елді-мекенде тұрыпты.
–Мен Ұлмекеннен бір жас кішімін. Біз Сарыторғайда бірге оқыдық. Содан бері екеуміз өмір бойы сыйласып өттік. Ол өте мейірімді, етінен ет кесіп бергендей сенгіш еді. Оның күйеуі Омар ағамыз да жақсы кісі болатын. Екеуі өмірдің қиыншылығын да жақсы жақтарын да бірге көрді. Көп баланы тәрбиелеп өсірді. Соңғы кезде қатты ауырды. Бір күні көшеде кетіп бара жатып Ұлмекенді көріп қалдым. Қолтығынан Ақжібек ұстап бара жатыр екен. Қасына жақындай беріп едім, «Білесің бе мен ауырып қалдым ғой», дегені есімде. Сосын төсек тартып жатқанын көрдік. Құдайға да жақсы адам керек екен. Қалғандары аман болсын!, – дейді Қарақойлы апа.
Біздің үй Күліктен Қайыңдыға 1972 жылы көшіп келіпті. Осыны Қайыңдыда тұрып жатқан Төлеубике Нақыпқызы апамыз да айтты.
(Әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Кенжалыұлы мен ағамыз Жұмабек Омарұлы)
–Қазір Күлікте – деді ол, – әлі күнге дейін біздің үйлердің орнында қалған қызыл көңдер бар. Осы жерде бәріміз туған-туыс болып тату-тәтті өмір сүрдік. Жақсы араластық. Барлығымыз екі-үш, төрт-бес атадан туыссақ да бір үйдің балалары, бауырлары болып тұрдық. Абысындар өте тату болды. Бұл әрине, бұрынғы көзкөрген адамдардың бізге берген тәрбиесі ғой. Содан кейін бәріміз Қайыңдыға көшіп келдік. Ұлмекен апамыз қайын сіңлілеріне ат қоятын. Мені Шырайлым дейтін. Апамыз өте жақсы жан еді. Сондай кішіпейіл, кеңпейіл, адал адам болды. Үлкен әкелеріміздің алдынан өтпейтін.
Екідің ауылында тұратын Күләш Ералықызы апамыз да анамыз туралы естелігін жасырмады.
–Ұлмекен апам мені еркелетіп Еркежан, ал әкемнің інісі Кенжебай атамның қызы Ханзаданы Қалқажан дейтін еді. Ол абысындарымен тату-тәтті араласты. Қайын сіңлілерін еркелетті. Бәрін жақсы көрді. Білетін нәрсенің бәрін үйретті, – деді.
Иә, айтса айтқандай, апамыз қандай шаруа болса да барлығының басында жүретін. Қандай жұмыс болса да ебін таба білетін.
–«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», дегендей сол көрген тәрбиемізбен бәріміз адами тұлға болып қалыптасып жүрміз. Апамның бір адами қасиетін тұрмысқа шығарда көрдім. Анама «Оңтүстіктің жігітіне шығамын», дегенімде үндемей, ләм-мим деместен бір ауыр күрсініп, «Бағың ашылсын, қызым» деп көзіме тік қарап, құшағына қатты қысқаны есімде. Ата-анамның бейнесі әрқашан жадымда мәңгі сақталып қалған. Қазір анамнан алған тәрбиемді өз балаларыма беріп отырмын, – дейді Залияш.
Біздің әкеміз – Омар Кенжалыұлы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, апамыз жоғарыда айтқанымыздай, кезінде «Ардақты Ана» алтын медалімен марапатталған. Екеуі де беткеұстар, кейінгі ұрпаққа үлгі болар кісілер болды. Үйдің 1968 жылы туған қызы Санияштың айтуынша, ол 4 класта оқып жүргенде анамыз совхоздың аспазы болып істеген.
–Мен апама асханаға барғанда үйдегі іні-сіңлілеріме тамақ беріп жіберетін. Жоғары класта Фараби інім екеуміз апама жұмыста көмектесетінбіз. 1981 жылы Мәрияш деген тәтеміз ауыр науқастан қайтыс болды. Апам осыны көп уайымдап, қайғырып ауыра бастады. Бір ауру жабысып, күннен күнге әлсірей берді. Сол кезде көкем Алматыда жұмыс істеп жүрген ағамды шақыртты. Жұмабек ағам үйдің тұңғышы еді. Ол апамның осындай халге түскенін уайымдап, Алматыға емдетуге алып кетті. Анам бір жылдай санаторийде емделді. Апам ағамды жақсы көретін. «Ағаларыңды сыйлаңдар. Көңілге қаяу салмаңдар. Сендерді жетелейтін осы ағаларың», деп айтып отыратын. Ал Жұмабек ағамды апам «Маңдайымның жарық жұлдызы», дейтін.
Анамыз 1992 жылы ауыр дерттен қайтыс болды. Апам бізді елден кем қалдырмай өсірді. Әкем де балажан болатын. Бұл кісілер сол заманның ардақты адамдары. Ата-анамды әрқашан ауыз толтырып мақтанышпен айтып жүремін, – дейді Санияш.
Иә, расында анамыз Жұмабек ағамызды ерекше жақсы көрді. Апамыз ауыр дертке ұшырап, үйде төсек тартып жатқанда ағамыз Алматыдан келген еді. Сол кезде ешкімді танымай жатқан апамыз оның келгенін естігенде сәл басын көтеріп: «Айым бе екен, күнім бе екен» деген екен…
…Апамыздың 14 құрсақ көтергенін айттық. Үйдің тұңғышы 1954 жылы туған тәтеміз болса, одан кейін Бейсенбек пен Дүйсенбек ағаларымыз дүниеге келді. Алланың жазғанына амал бар ма, Бейсенбек ағамыз бала кезінде қайтты. Ал Дүйсенбек ағамыз бертінде 1997 жылы Алматыда өмірден өтті. Осы ағаларымыздан кейін Ғалияш пен Мәрияш тәтеміз туған. Ғалияш қазір Арқалық қаласында тұрады. Ал Мәрияш тәтеміз 1961 жылы туып, 1981 жылы қайтыс болды. Одан кейін біз 1964 жылы Жұмағазы, 1966 жылы Залияш, 1968 жылы Санияш, 1970 жылы Фараби, 1972 жылы Еркебұлан, 1974 жылы Гүлбаһрам, 1977 жылы Гүлбаршын дүниеге келдік. Біздің үйдің кенжесі Дәурен 1980 жылы туған. Ол 2002 жылы Қайыңды ауылында бақилық болды. Гүлбаһрам мен Гүлбаршынның арасында Айнаш деген бауырымыз да болған. Ол кішкентай кезінде шетінеп кетті.
Бізді бағып-қағып өсірген әке-шешеміздің жарқын бейнесі ешқашан жадымыздан кетпейді. Апамыз өзі де бала кезінде жақсы тәрбие алған. Оның әкесі Төлен Ерманұлы бай-қуатты, елге сыйлы кісі болған деседі. Апамның Жүрсін, Тұрсын, Смағұл, Смағзам деген ағалары болған. Смағұл көкеміз Қайыңдыда шопан болып жұмыс істеген. Басқа ағалары бала кезінде қайтыс болған. Ал апамыз Жәмила апа Торғай жақта тұрып, бертінде астанаға көшіп келді.
Енді апамыз туралы естелікті бауырымыз Жұмағазы Омарұлының сөзімен аяқтауды жөн көріп отырмыз.
–Ана! Осы сөзді естіген әр пенденің бойын бір жылы сезім баурап алатыны белгілі. Апама деген сағыныш көз алдыма келеді. Кең дүниені шарлап, жер бетін араласам да Сізден қасиетті, ұлы жанды таба алмас ем?! Неге екенін білмеймін мына жалған өмірде, сен үшін «ең ыстық жан кім?» деп сұраған пендеге жауап ретінде, апа Сізді айтар едім. Сіздің мейірімге толған көз қарасыңыз, биязы жанға жайлы тиетін жылы сөздеріңіз көз алдымнан кетер емес.
Сіз біз үшін – ұлылардың ұлысы бола білдіңіз. Сол үшін де Сізге қарыздармыз. Сізге деген перзенттік сағынышым мына жалған дүниеде еш таусылмас. Әрқашан Сізді арайлап атқан таң нұрынан іздеймін. Сағынышпен еске алам, Сізді іздеймін. Осыдан біраз жыл бұрын Апа Сіздің замандасыңыз, ауылдасыңыз Жанайдар көкемнің үйіндегі Тойындық апамды көрдім, арнайы барып амандасып едім бірден таныды. Омар мен Ұлмекен жарықтықтардың баласысың ғой деп бірден танып жатыр. Сіз туралы Апа жақсы естеліктер айтты. Көзден кетсе де көңілден кетпейді ғой деп жылап та алды. Сол Тойындық апам да көп ұзамай қайтпас сапарға аттанып кетті.
Апа, Сіздер кеткелі де талай уақыт өтті ғой. Қанаттыға қақтырмай аялап бағып-қағып өсірген ұл-қыздарыңыз, перзеттеріңіз бүгінде ер жетіп, азамат болып бір-бір шаңырақ көтеріп, сол шаңыраққа ие болып отыр. Немерелеріңізде есейіп ер-жетеп алды отбасын құрып жатыр. Ұрпақ жалғастығы деген міне, осы. Көкем екеулеріңіздің аттарыңыз біз барда, немере-шөберелеріңіз барда ешқашан өшпейді.
Жатқан жерлеріңіз жайлы, топырақтарыңыз торқалы болсын, аяулы Апа. Пейіште нұрларыңыз шалқысын, – деп айтты Жұмағазы ағамыз.
Балаларыңыздың атынан жазып алған немереңіз
Дастан КЕНЖАЛИН