• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Криштиану Роналду «Реалдан» кетеді ме?

    Соңғы аптада мадридтік «Реалдың» ойыншысы Криштиану Роналду команда ауыстыратыны жайлы сыбыс көбейіп кетті. Португалиялық футболшы шын мәнінде Испаниядан кетеді ме?

    Marca басылымының ақпараты бойынша Криштиану Роналдуды бұл іске итермелеген – салық мәселесі. Яғни, 7-нөмірлі ойыншыға салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып отыр. Ал осы тұрғыда Флорентина Перес бастаған клуб басшылығы оны лайықты деңгейде қорғамай отырғаны Роналдудың көңіліне келген секілді.

    Британиялық Independent басылымының мәліметіне сәйкес, Роналду ұлттық құрамадағы әріптестеріне де, «Реал» басшылығына да «Сантьяго Бернабеуге» қайтып оралмайтынын айтыпты. Мадридтік ұжым оның трансферлік құнын 400 млн еуроға бағалап отыр. Португалиялық ойыншы шын мәнінде Мадридтен кетер болса, «Пари Сен Жермен» мен «Манчестер Юнайтед» клубтары оны сатып алуға ниетті.

    Дегенмен, клуб басшылығы Конфедерация кубогы кезінде бұл райынан қайтады деп үміттеніп отыр. Агенті Жорже Мендеш «Реал» басшылығына Англия, Франция, Қытай елдерінің командалары қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

    Ал Tuttosport мәліметі бойынша «Манчестер Юнайтед» Криштиану Роналду мен Альваро Мората үшін негізгі қақпашысы Давид Де Хеа мен 210 млн еуро ұсынуға дайын. Ал лондондық «Челси» рекордты деңгейде қаржы жұмсамай, оны басты жұлдызы Эден Азармен алмастырғысы келеді.

    Айта кетейік, Испания прокуратурасы оның 2011-2014 жылдары 150 млн еуро көлемінде табысынан 14,7 млн еуро салық төлемеді деп айып тағып отыр. Бұл айыптау расталған жағдайда, ойыншыға 28 млн еуро айыппұл салынып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *