• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Атырауда «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі басталады

    Бүгін Атырау қаласындағы «Атырау-ақпарат» ғимаратында 12 қазанда өтетін «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» аламан бәйгесі мен «Дарабоз-2019» турниріне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлады.

    Жиынға қатысқан БАҚ өкілдеріне Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің ұйымдастырылуы мен Атырау өңірінде өткізілуі себептерінен бастап, алдағы аламан бәйгеге қатысатын атақты жүйріктер туралы айтты.

    –12 қазан күні Атырау қаласына таяу Талдыкөл елдімекені аумағында өтетін «Алтын тұлпар» бәйгесінің 2014 жылдан бастап төрт мәрте Нұр-Сұлтан қаласы аумағында өткізілгені баршаңызға белгілі. Өткен жылы ұйымдастырушылар алқасы «Алтын тұлпар» бәйгесін  елорда төңірегінде ғана емес,  еліміздің басқа өңірлерінде де өткізген жөн деп шешті. Сөйтіп, бұл бәйге екі жылда бір рет ұйымдастырылатын болды. Биылғы аламан бәйгенің ресми атауы – «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» V республикалық турнирі. Қашықтығы – 51 шақырым. Бас бәйгесі – 10 миллион теңге. Жалпы жүлде қоры – 22 миллион теңге. Алдыңғы келген тоғыз жүйрікке бәйге бар. Қазіргі кезде  «Алтын тұлпар» бәйгесі Қазақстанның ең үздік сәйгүліктері қатысатын, айтулы атбегілердің асыға күтетін мерекесіне айналды, – деді Н.Ибрагимов.

    Одан әрі ол айтулы ат жарысының Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында,  Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамытуды қолдауымен өткізіліп отырғанын және осындай аламан бәйгенің өтуіне қолдау көрсеткен «Нұр-Отан» партиясына, партияның бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа  шексіз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ ол Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарынан жарысқа қатысатын бірнеше әйгілі жүйріктердің есімі мен атбегілерін атап өтті.

    –11-12 қазанда Атырау қаласы күніне орай, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының,  облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының ұйымдастыруымен, Махамбет ауданы Талдыкөл ауылында «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі  өтеді. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және  құнан бәйге,  жорға жарысы, құмай тазы жарыстары сынды ұлттық спорт түрлерінен өтетін бұл турнирге Қазақстан және шетел командалары қатысады. Жарыстың жүлде қоры – 32 180 000 теңге, – деді ол.

    Жиында бұл туралы  Атырау облысы ұлттық спорт федерациясының басшысы Асланбек Жанбалаев кеңірек айтты. Ол ұлттық спорт түрлерінен өтетін «Дарабоз-2019» турнирі, Атырау өңіріндегі ұлттық спорттың дамуы  жайлы әңгімелеп берді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *