• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Ақиқат» журналының дәстүрлі додасы

    Алматыда осымен жетінші рет шахматтан «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін турнир өтті.

    Бұл жарыс 2012 жылы серіктестіктің бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы болған қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің ұсынысымен басталып, қазір журналистер арасындағы дәстүрлі турнирлердің біріне айналып отыр.

    Биылғы додаға 26 журналист қатысты. Турнир жылдағы дәстүр бойынша швейцариялық жүйе бойынша 5 турдан өтіп, оған  шахмат мектебінің директоры Дәулет Иманберлинов төрелік етті. Ал жарысқа «Айғақ» телерадиокомпаниясы демеушілік жасады.

    Турнирде бірінші орынды «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім жеңіп алды. Екінші орынды журналист Балтабек Түйетаев, үшінші орынды Тілек Абдрахимовтар иеленді. Ал Алданазар Жайлыұлы, Ерік Оспанов пен Ибраим Баратовқа ынталандыру сыйлығы бұйырды. Сондай-ақ, Асхан Өмірбаевқа «Белсенді қатысушы», аға буын өкілдері Мамадияр Жақып пен Аян Нысаналинге «Ардагер қатысушы» номинациясы бойынша ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.

    –Осы турнирге жылда қатысамыз. Сонда журналистер бір-бірін көріп қуанады. Осында дүниеден өтіп кеткен талай азаматтарды еске аламыз. Бұл турнирдің бастамашысы Жұмабек Кенжалин болатын. Енді осы жарысты Жұмабектің атына берсе де артық болмас еді. Алдағы уақытта оны жігіттер ойланар.

    Бұл жақсы дәстүр. Қазақ журналистикасында мұндай дәстүрлі нәрсе тым көп емес. «Ақиқат» журналы жақсы бастамасын жүйелі жүргізіп келе жатыр. Жарыс алдағы уақытта да жалғаса берсе деп ойлаймын. Өйткені, ол керек. Бұрын біз журналистер бір-бірімізбен жақын жүретінбіз. Ол кезде үлкен бір ғимаратта бірге жұмыс істедік. Ал енді бір-бірімізді көру үшін осындай кездесулер бізге керек-ақ. Сондықтан мен осыны ұйымдастырған азаматтарға рахметімді айтамын. Болашақта жақсы нәрсе жалғаса берсін деймін, – деді қазақ журналисткасының қайраткері Мамадияр Жақып.

    Ал турнирді өткізуші «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім бізге берген сұхбатында жарыстың мәні мен маңызына тоқталып, оған әріптестеріміздің жыл сайын көптеп қатысып келе жатқанын, турнирдің алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.

    Лайым солай болсын! Жүз жылдық тарихы бар аға журналдың жүлдесі үшін жарыстар көбейе берсін!

     
    Рүстем ЖҰМАНҰЛЫ,

     АЛМАТЫ
     
     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *