• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Реал» – Испания Суперкубогының иегері!

    Кеше Сауд Арабиясының Жидда қаласында футболдан «Реал» ( Мадрид) мен «Атлетико» (Мадрид) клубтарының арасында Испанияның Суперкубогы үшін финалдық матчтың болғанын білесіздер. Енді міне, кешегі ойыннан жақсы әсер алып, Ыстамбұлдың әуежайында астанамызға баратын ұшақты күтіп отырмын. Осы ойын туралы үйге жетсем асықпай жазамын деп ойлаған едім. Бірақ сапардан әсерім жақсы болғанымен көп жаза алмайтын сияқтымын. Оның орнына фотолар мен видеоларды сөйлетіп, соларға аз-маз өз ойымды қоса кетуді жөн көріп отырмын.

    Кешегі біз барған «King Abdullah Sports city» ( «Абдолла Корольдің спорт қаласы») стадионы соңғы үлгіде салынған арена екен. Ол шамамен 60 мыңнан астам жанкүйерге арналған. Арабтар спорт ордасын өте жақсы салыпты. Стадионда керек дүниенің бәрі бар. Біз Азия спорт баспасөзі ассоциациясының шақыруымен келген соң саудиттер Қазақстанға құрмет көрсетіп, ең жақсы орындарын берді. Бізден басқа матчты Пиреней түбегінен арнайы келген жанкүйерлер де тамашалады. Олар Жиддада 8 қаңтардан бері жүр екен. Сол күні Испания Суперкубогы үшін «Төрттіктің турнирі» басталған болатын. Енді ойын туралы не айтуға болады? Маған мысалы, бірінші, екінші тайм қызықсыз көрінді. Командалар шабуылдап, есепті бірінші ашқылары келіп, қауіпті жағдай жасағанымен бір-біріне гол соға алмады. Матчтың негізгі уақыты аяқталып, қосымша берілген екінші 15 минутта «Атлетиконың» жеңіске жетуге тамаша мүмкіндігі болды. Егер «Реалдың» қорғаушысы қақпашымен бірге-бір шығып бара жатқан «Атлетиконың» шабуылшысын құлатпағанда Зиданның ойыншылары жер сипап қалар еді. Бірақ, «Реалдың» ойыншысы қарсыласын аяқтан шалып, команданың қақпасын аман алып қалды. Сөйтіп, қарсыластар допты темір торға тулатай алмай, тең есеппен тарқасты. Содан кейін кезек пенальти сериясына келді. Мұнда «Атлетиконың» жүйкесі сыр берсе, «Реалдың» ойыншылары төрт доптың бәрін нысанаға дәл тигізіп, жеңісті суырып әкетті.

    Ал «Атлетико» клубы Суперкубокты ала алмай кетті. Жалпы, матчтың 90 минуты аса қызықты болмаса да ойыншылар сауатты ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерге тамаша сый жасады.

    Арабтар футболды жақсы көреді екен. Қазір Саудияда спорттың осы түрін дамыту қолға алынған. Саудиттер теңбіл доп өнерін елдің төрт бұрышына кеңінен насихаттап, дамыту үшін осындай үлкен турнирлерді өткізіп келеді.
    Кешегі матчтың үзілісінде екі кездесу өткіздім. Алдымен мені осы сапарға шақырған Азия спорт баспасөзі ассоциациясының өкілі саудит Абдолламен кездесіп, оған кәдесыйларды бердім.

    Ол бізді жылы қарсы алып, өздерінің жұмысы туралы айтты.

    –Біздің шақыруды қабылдап, Испания Суперлигасына келгендеріңе рахмет! Азия спорт баспасөзі қауымдастығы алдағы кезде де қазақ әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істей береді. Біз бірігіп жұмыс істесек, екі жаққа да тиімді болады. Сондықтан достығымыз ұзағынан болсын, – деді ол.

    Біз де үзіліс кезінде уақыт созбай, қазақ журналистерінің Сауд Арабия елінің ақпарат құралдарымен, Азия спорт баспасөзі ассоциациясымен байланысқа мүдделі екенін, екі жақ тығыз қарым-қатынаста болса алынбайтын қамалдың болмайтынын айттым. Одан әрі Абдоллаға кәдесыйды сыйға тарта отырып, картинада суреттелген қазақ батырының ежелден бері кең даламызды қорғап келгенін, қазақтар үшін жылқы арабтарға сияқты ең құрметті жануар екенін, біздің ата-бабамыз оны төрт түліктің төресі деп бағалап, ерекше жақсы көргенін атап өттім.

    –Сізге бұл сыйлықты беріп жатқанымның мәні мен маңызы бар. Атқа отырған батырды сыйлағанымның себебі, арабтар да өз елінде ешқашан аттан түспей, билікті әрқашан өз қолдарында ұстап отырсын дегенім. Екіншіден, қазақтың киіз үйін де сыйлап жатқаным, шаңырақтарыңыз биік болсын, оның керегесі кең, терезесі тең, босағасы берік болсын деген ниетпен беріп отырмын. Араб елдері әрқашан бірлікте болсын! Ислам елдері осындай шаңырақтың астында ынтымақтастықта, бір-бірімен жақсы қатынаста өмір сүрсін деген тілекпен осы кәдесыйды сыйлаймын, — дедім. Саудиттер осыған риза болып, сый-сияпатқа алғысын білдірді.

    «Көңіл көңілден су ішеді», демекші одан кейін Испания Суперкубогы үшін турнирді ұйымдастырушылардың бірі Лама ханыммен әңгімелесіп, оған да кәдесыйларды сыйға тарттым. Бізбен әңгімеде Лама ханым да Қазақстанды жақсы білетінін, алдағы уақытта байланысты дамыта беру керек деген тілегін жеткізді.

    Осылайша Сауд Арабиясына сапар аяқталды. Сіздерге Араб түбегінен берген қысқаша ақпаратым осы. Амандықта кездесейік!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    ЖИДДА – ЫСТАМБҰЛ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *