• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда «Өмірлері өнеге – Желтоқсан батырлары» жарысы өтті

    Егемендігімізді алып, дербес ел ретінде әлемге таныла бастағанымызға біріншіден, сонау 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басты себепкер болғанын ешқашанда ұтытпауымыз керек. Осы оқиғаға қатысқан жастардың ерлігі қазақ тарихында үлкен орын алды.

    Алматы қаласында Желтоқсан батырларына арналып үлкен шаралар жиі өтіп тұратынын білеміз. Өткен сенбіде Мұхтар Әуезов атындағы стадионның спорт кешенінде шағын футболдан Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен БАҚ өкілдері арасында дүбірлі турнир болып өтті.

    Желтоқсанның сақырлаған  сарышұнақ аязында,  азаттықтың ақ таңын  аңсаған қазақ жастары   Кеңес Одағы бойынша алғаш болып советтік жүйеге қарсы тұрған еді.  Сол кездегі «Елім, жерім»,  деп жанын құрбан еткен боздақтар мен бүгінде бастары ағарып  ортамызда жүрген  Желтоқсан қаhармандарының ерлігін жасұрпақ  мақтанышпен үлге етуге парыз.

    Негізі Оңтүстік астанамызда желтоқсандықтарды еске алуға арналған байрақты шаралар жиі өткізіліп тұрады. Дегенмен де шағын футболдан Желтоқсан батырларының қатысуымен өтетін жарыстар сирек екені анық. Бұл бәсекеге Желтоқсан ұйымы өз алдына  бір команда жаратып алып келіп қосқан екен. Саламатты өмір салтын дәріптеудің маңызы зор десек, жылдар жастарын ұрлап алса да, бойында қайрат жігерлері тулаған Болат Құрымбаев, Ермек Айтуаров, Ғани Қалмақбаев, Нұрдәулет Жайнақов сынды Желтоқсан қайраткерлері ойын алаңында бар шама-шарқынша өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті.

    Жарыс  егеменді еліміз үшін  шейіт болған боздақтарды бір минуттық еске алып  тағзым етумен басталды. Желтоқсанға қатысты ұйымдастырылған бұл спорт шарасына қазақ спортына белгілі тұлғалар да келіп қатысты. Солардың арасында Абай атындағы Қаз ҰПУ  Өнер, мәдениет және спорт институтына қарасты Денешынықтыру және спорт  кафедрасының меңгерушсі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ерғали Мұхитдинов ағамыз да бар. Құрметті ұстаз әрі спорт ардагері Желтоқсан қайраткерлерінің әрбір игілікті шараларын әрдайым  қолдауға дайын екендігін білдіріп, команда ойыншыларына сәттілік тіледі.

    Сонымен жарыс алаңына шыққан 6 команда жеңіс үшін күн ұзақ тартысты ойындарын көрсетті. Финалда «Ер намыс» пен «Қазпочта» командалары кездесіп, құрамында Желтоқсан ардагері, теңбіл доптың теңдессіз шебері  Сайфутдин Шамсутдинов бастаған  «Қазпочта» командасы тамаша ойын үлгісін көрсетіп, бас жүлдені  жеңіп алды. Иә, жыл басын осындай жақсы шаралармен басталғанына  қуанышымызды жасыра алмаймыз. «Жақсы адам жүрген жеріне кент», болар демекші, осындай аламан жарысты ұйымдастырып көпшілікке  шексіз бір қуанышты көңіл-күй сыйлаған Желтоқсан оқиғасына қатысушы,  Журналистер Одағының мүшесі Ақын Ордабайұлының еңбегін ерекше екшеп, елеп айта кеткен орынды болар. Өйткені, осындай заман ағысында қалтасынан қаржысы төгіліп жүрсе де еліне, туған жеріне шарапатын тигізер сәтте теріс айналып кететін шық бермес Шығайбайларды көре отырып, жақсылық үшін жоқтан барды жасап шапқылып жүрген ардагер журналистің бұл тірлігіне қалай ғана риза болмассың. Ақын ағамыз сонымен бірге «Спорт – денсаулық кепілі», демекші өзінің желтоқсандық достары Қаден, Серік, Дархан, Нұрдәулет, Ертай, Батыр сынды азаматтардың басын қосып, аптасына үзбей екі мәрте футбол ойнауды ұйымдастырып, спортқа тартып  жүрген азамат. Осындай дүбірлі жарыс ешқашан  қолдау, қамқорсыз өтпесі белгілі.  Желтоқсанға деп үлкен көңілмен ойын алаңы мен басқадай жағынан қолдау көрсеткен Абай атындағы Қаз ҰПУ басшылығы мен  «Футбол әлемі» спорт дүкендерінің иесі Біржан секілді ұлтжанды азаматтардың турнирге жасаған қолдау көмектеріне алғыс айта кетсек артық болмас.

    Жарыс  соңында жеңімпаз команда мен жүлдегерлер құрметпен марапатталды. Ойын алаңында тамаша  шеберлік көрсеткен Сайфутдин Шамсутдинов үздік шабуылшы атағына ие болса, үздік қақпашы мен үздік қорғаушы атағына Ғалымжан Демесінов пен Бауыржан Сырымбетовтер лайық деп танылды. Сонымен бірге жарыста белсенді ойын көрсеткен «Желтоқсан» командасы ойыншылары назардан тыс қалмады. Оларға   ұйымдастырушылар тарапынан айрықша алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, Желтоқсан батырларын еске алуға арналған алғашқы турнир мәресіне жетіп, қатысушалар алған әсерлерін  жарыса айтып тарқады. Бұл жарыстың дәстүрлі болуын сұраушылар қатары бұл күні көп еді. Оны жарыс  ұйымдастырушысы Ақын Ордайұлы: «Алла бұйыртып келер жылға басымыз аман, бауырымыз бүтін жетіп жатсақ, міндетті түрде жасауға тырысамыз» деп сендірді.

    Иә, Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардақты азаматтарды  осындай  игілікті шаралармен еске алып, қуаныш сыйлаудың маңыз зор деп білеміз. Олар туралы аңыз қылып айтар уақыт күн  өткен сайын жақындай түсуде. Желтоқсан батырларын осындай  игілікті істер арқылы еске алып, құрмет көрсету жалғасын үзбесе екен деген тілеудеміз. Өйткені, қазақ қашанда батырын әспеттеп, барын дәріптеген ұлы халық. «Жақсылық қылсаң, бүгін қыл», деген бабаларымыз. Жасар жақсылықты  кеш қалдырмасақ болғаны.

     

    Қуаныш РАХМЕТ,

    Фото: Серік ИМАНҚҰЛОВ

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *