• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

    Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы

    Әбдісағит Тәтіғұлов жөнінде

    Бұл азамат жөнінде кезінде республика баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Өйткені, оның қазақ сәулет өнерінде, құрылыс саласында, ғылымында алар орны ерекше-тін. Атақты сәулетші сұлу шаһар Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің жобасы үшін бір топ авторлармен бірге Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алды. Иә, Әбдісағит Тәтіғұловтың сызған негізгі жобасы бойынша көркем де сұлу Алматы шаһарындағы тұрғызылған көп қабатты «Қазақстан» қонақ үйінің өзі бір кітапқа арқау боларлық әңгіме. Осы қалаға жолы түскен адам әлгі аталған алып мейманхананы көрмей кетпейді. Сондай-ақ қаланың шырайын келтірген Орталық мемлекеттік музей, Ұлттық банктің әкімшілік үйі, «Атакент» халықаралық бизнес және сауда, «Алма»  сауда орталықтары, «Рахат Тауэрс» көп қызметті, «Нұрсая» тұрғын үй кешендерінен оның айшықты қолтаңбасы көрініп тұрады. 

    Ел азаматтарына өнеге еді

    Әбдісағит Шаймұханбетұлы 1940 жылы 13 наурызда Қостанай облысы Федоров ауданына қарасты Трактов елді мекенінде дүниеге келді.

    Жастайынан елгезек, парасатты болып өскен тұлға шығармашылыққа айрықша ден қойды. Өзі сонау мектеп қабырғасында тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдастары секілді білім алып жүрген кездің өзінде келешекте құрылысшы атанып, аспанмен тілдескен биік ғимараттар тұрғызуға үлес қоссам деп армандайтын. Әрине, мұндай көксеген мақсатына жету үшін тиянақтылық пен ізденімпаздық танытып, жоғары білім алу қажеттігін жете түсінді. Сол себептен ол да еліміздің бұрынғы астанасы Алматы шаһарына аттанып, асыл арманын жүзеге асыруға талпынды. Содан ол осы әлемге танымал шаһардағы Қазақ политехникалық институтының архитектура-құрылыс факультетіне түсіп, ондағы білікті мамандардан көп жайды көңіліне түйді. Сәулет өнерінің өзіне беймағлұм қырлары мен сырларына жете үңілді. Сол шақтың өзінде тек еңбек қана биік мұратқа жетелейтіндігін ұғып, студенттік жылдарды да барынша мазмұнды да жемісті өткізді. 1962 жылы аталмыш жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмәмдады.
    Ол өзінің құрылыс инженері ретіндегі еңбек жолын Тың өлкелік тресінде бастады. Осы көпке танымал үлкен ұжымда 1975 жылға дейін қызмет атқарды. Бұл жерде құрылыс учаскесінің басшысы болған кезеңде де еңбекқорлығымен көзге түсті. Алматы тұрғын үй құрылысы тресінің 17-ші құрылыс-монтаж басқармасында шебер, прораб болған жылдардың да бергені мол. Осы саланың мамандарымен қоян-қолтық араласа жұмыс істеудің арқасында адам өмірінде ұжымның қандай орын алатындығын терең ұғынды. Өз саласын жетік білетін мұндай білікті құрылысшы назарға тез ілінді. Әбдісағит Шаймұханбетұлы Қазақ КСР мемлекеттік құрылыс комитетінде аға инженер, содан кейін жобалау және ғылыми-зерттеу жұмыстары басқармасының бас маманы ретінде де есімі көпке танылды.

    Абырой мен бедел мұны өзі іздеп тапты. Азаматтық құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарған кезінде де кісілік келбетімен, қарамағындағыларға деген қайырымдылығымен әріптестерінің ең сыйлы адамына айналды. Көпті көрген, өз мамандығы бойынша бай тәжірибе жинақтаған аяулы жан 1975 жылдан бері Қазақстан қала құрылысы жобалау институтының (1993 жылдан «KAZGOR» жобалау академиясы) директоры, 2003 жылдан бері сол академияның президенті болып қызмет атқарды.

    Атағына азаматтығы сай

    Бұл көрнекті тұлғаның жан дүниесі кім-кімді де еріксіз баурап алатын. Сондықтан да онымен кездесіп, сұхбаттасқан адам ерекше қуанышқа кенеліп, оның тағылымды сөздерінен айрықша ұлағат алатын.

    Дегенмен де әйгілі сәулетшінің тікелей ықпалымен көпшіліктің назарын аударған зәулім ғимараттар туралы айтпаса, оның жарқын бейнесі толық ашылмайтын сияқты.

    Аса танымал жерлесіміздің ғылыми еңбегінің өзі оның ізін басып келе жатқан әріптестеріне, келешекте сәулетші, құрылысшы боламын деген дарынды жастарға қай жағынан алсақ та ғибрат. Осы кезге дейін академиктің бес монографиялық күрделі зерттеулері, 4 томдық оқулығы жарық көрді.

    Әсіресе, талантты жанның 1994 жылы жұртшылық назарына ұсынылған «Архитектуралық-құрылыс терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» уақыт өте оның ұйытқы болуымен толықтырылып, «Қазақша-орысша, орысша-қазақша» терминологиялық сөздік деген атпен көп том болып шыққанынан да хабардар екенімді жасырмаймын.

    Қазақ «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзді босқа айтпаған. Осы ұлағатты ұғым дәл біздің ардақты ағамыз Әбдісағит Шаймұханбетұлына арналып айтылғандай. Өйткені, қолы ашық, жүрегі жомарт жан өзінің тікелей қаржысына Қостанай облысындағы Амангелді кентінде Жәуке, Иман, Қошқар батырлар, Сарыторғайда Тәтіғұл, Бозай, Тоқсанбай кешенді ескерткіштерін тұрғызғаны да барша замандастарының жадында мәңгілік сақталып қалды. Ал 2018 жылы Әбдісағит аға Амангелді ауданының 90 жылдығына байланысты өткен шараларға үлесін қосып, қаржы аударып, аудан орталығындағы «Шұғыла» Жастар сарайы алдында Даңқ обелискін салып берді. Бұл жерде Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдардың есімдері тасқа қашалып жазылды.

    Жалпы, 1990 жылдары қазақ тарихының тамырына қайта қан жүгіріп, жылдар бойы жоғалған жәдігерлеріміздің жаңғырып жатқан кезі болатын. Сол кезде қоғам қайраткері, публицист, журналист інім Жұмабек Кенжалиннің «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» кітабында жазылғандай, Төлек Жәуке батырдың тағдыр-талайына да қатысты, елжандылық, отансүйгіштік, батырлық қасиеттерін зерделейтін еңбектер жарық көрді. Бұл шаруа өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қолға алынып, батырдың ұрпақтары өзгеге өнеге боларлықтай іс тындырды деуге болады. Сол шаруалардың басы-қасында біздің ағамыз Әбдісағит Тәтіғұлов та жүрді. Бір ғана мысал айтсам, оның қолға алуымен Төлек Жәуке батыр рухын ұлықтау шараларын атқаратын ынталы топ құрылды.

    Төлек Жәуке батыр (Жәуке Назарғұлұлы) 1822 жылы туған, 1904 жылы қайтыс болған. Ол кешегі Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың қаһармандарының бірі. Осы ынталы топтың ұсынысымен Торғай облысы әкімдігінде батыр бабамыздың туғанына 175 жыл толу мерейтойын ұйымдастыруға байланысты арнайы мәжіліс өткізілді. Мерейтойды өткізуге облыс әкімі Жақан Қосабаевтың көмегі көп тиді. Ол Қаулы шығартып, батыр рухын ұлықтау шаралары Амангелді ауданы «Сарыторғай» кеңшарында атап өтілетін болды. Осыған байланысты дайындық шараларын ұйымдастыратын арнайы комитет құрылды. Оған облыс әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Ырысты Сариева жетекшілік етті. Комитет мәжілісі бірінен соң бірі өткізіліп, арнайы іс-шаралар пысықталып отырды. Соның нәтижесінде Сарыторғай ауылының жанындағы Ақшығанақ түбегінде Төлек Жәуке батырдың күмбезді кесенесі бой көтеріп, ескерткіш тас қойылды. Мерейтой өте жақсы өтті. Оны ұйымдастыруға Әбдісағит аға мен сол кездегі «Халық кеңесі» республикалық газетінің бас редакторы болған інім Жұмабек Кенжалин басшылық етті. Елден қаражат жиналды. Әбдісағит Шаймұханбетұлының тікелей атсалысуымен Алматыдан академик Манаш Қозыбаев, Қазақстан Республикасы Тарих және мәдени ескерткіштерін қорғау комитетінің төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шота Уәлиханов, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хәкімжан Наурызбаев, жазушы Сәбит Досанов, профессор Сайлау Байзақов пен басқа да ғалым, жазушы, журналистер келіп қатысты.

    Ардақты ағамыз үлкен жүректі азамат еді. Бәріне қамқор болып, алдына келген адамға көмегін аямай беретін. Ол Жұмабекпен де ағалы-інілі болып сыйласты. 2017 жылы Жұмабек Омарұлы арамыздан кеткенде Әбдісағит ағамен бір көлікте үйге барған едік. Сонда Әбекең: «Сабыржан, Жұмабек екеуің мені жөнелтесіңдер ғой деп ойлап едім. Жұмабектен айырылып қалдық» деп, көзіне жас алды. Одан кейін: «Енді Кенжекең (Кенжеғали Сағадиев) екеуің жөнелтесіңдер ғой. Алланың жазуы солай» деді. Сол кезде ағамыздың ауырып жүргенін білетінбіз. Бірақ қаншама уақыт науқастанып жүрсе де оны Жәуке батырдың аруағы желеп, жебеп жүрді. Бұл кісі қажының ұрпағы. Алтынның сынығы ғой. Өте парасатты, адал еңбектің адамы болатын. Адал еңбек демекші, маңдай тер тиісті бағасын алатынына оның ғұмыры айқын дәлел.

    Ол «Архитектура және жобалар негіздері» деп аталатын төрт томдық оқулығы үшін архитекторлардың халықаралық «Сәулетшілік-2001» фестивалінде Архитекторлар Одағы Халықаралық қауымдастығының І дәрежелі дипломымен марапатталды.

    Сондай-ақ ол сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендеріне де ие болды. Архитекторлық ғылымдардың кандидаты, профессор. Қазақстаннның мәдениет қайраткері, Халықаралық сәулет өнері академиясының академигі. Басқа да марапаттары аз емес-ті.

    Мәңгілік кім бар дейсіз. Кеше ғана арамызда күндей жарқырап жүрген асыл ағам, туысқаным Әбекеңнің дүниеден өткеніне де біраз уақыт болып қалыпты. Оны біз ешқашан өлместей, жанымызда болатындай көріппіз. Бірақ кенеттен қайтыс болғанда төбемізден біреу суық су құйғандай есеңгіреп қалдық. Ардақты тұлға бақилық болмас бұрын қаралы жиынды көрнекті академик Кенжеғали Сағадиев пен маған өсиет етіп қалдырыпты.

    Қайталанбас тұлғаны соңғы сапарға шығарып салар алдында Кенжекең шетелде болды да, өзіме аманатты орындауыма тура келді. Марқұмды Алматыдағы Кеңсай зиратына жерледік. Жиналған халық өте көп болды. Бұл да болса аса білікті азаматтың елімізде қаншалықты сыйлы да абыройлы болғанын көрсетеді. Сөйлеген адамдардың сөзінен үлкен тебіреніске түсіп, көңіліміз құлазыды.

    Әбдісағит Шаймұханбетұлы өз саласының майталманы болып қана қойған жоқ. Бір әулеттің биік бәйтерегі еді. Жастай сүйіп қосылған жан жары, яғни асыл жеңгеміз Мағрипа екеуі бақытты ғұмыр кешті. Жеңгеміз отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады. Ерлі-зайыптылар қос ұлдарына тағылымды тәрбие берді. Екеуі де әке жолын қуды. Үлкендері Әбуәли – елімізге танымал сәулетші. Екінші ұлы Айдар болса, «KAZGOR» жобалау академиясының президенті. Әбекеңнің ғұмыры жетпеген армандарын енді солар жүзеге асырады деген үлкен сенімдеміз. Текті жердің ұрпағы Әбекең абыз ақсақал, ардақты ата болды. Немерелері де оның атына кір келтірмеуге тырысып, қызметте де, оқуда да алғы шептен көрініп келеді. Соған шексіз қуанып, шүкіршілік дейміз.

    Иә, атақты академик тіршілікте өшпес ізін қалдырды. Оның тікелей басшылығымен атқарылған жобалар халықтың жадында болса керек. Сондықтан да оның есімі ешқашан да ұмытылмайды. Осы жерде айта кететін нәрсе, алдағы уақытта Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдісағит Тәтіғұловтың есімімен қаланың бір көшесі аталады деп ойлаймын.

    Әбдісағит ағамыздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде сақталады. Оның жетпеген жасын ұрпақтарына берсін. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы серік болсын. Асыл ағамыз көзден кетсе де, көңілден кетпейді.

     

    Сабыржан АХМЕТОВ,
    Мемлекеттік қызметтің ардагері,
    Қостанай облысының құрметті азаматы

    ҚОСТАНАЙ

    http://anatili.kazgazeta.kz/?p=56827

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *