• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жетісу қолдобы мектебі – қазақ спортының болашағы

    Қолдобы спорты дененің барлық мүшесін ширатып, қыздыратын, тартысты тамаша бір спорттың төре түрі. Қазақстанда айтулы спорт түрі әсіресе, қыздар арасында ерекше дамып келеді.

    Жуырда Испанияда  қолдобынан өткен әлем чемпионатына Қазақстан қыздар құрама командасының қатысқанын жақсы білеміз. Бүгінгі күні қолдобы спорты еліміздің қай өңірінде ерекше дамып келеді деген сұраққа жауап іздеп көргенде, Қызылорда мен Алматы облысын ерекше бөліп айта кетер едім. Ал, егер нақтырақ айтсақ, өз басым Алматы облысындағы  дамуды назарға ала отырып, Қазақстандағы қолдобы спортының болашағын көргендей боламын.

    Жетісу өңірінде бүгінгі таңда гандбол мектептері көптеп ашылып, жастар қызығушылық таныта бастады. Оған дәлел Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері білікті басшы, білгір маман Нұрбақыт Теңізбаевтың спортты, соның ішінде қолдобын насихаттау аясында дұрыс жолға қойған жарқын  бағдарламасының арқасында бұл спорт айырықша даму үстінде. Қай жерде жағдай мен қолдау сабақтасып келген кезде нәтиже де күттірмейтіні анық. Сол секілді Жетісу аймағының дарынды спортшылары спорттың қай түрін алып қарасақ та қамшы салдырмай алда келеді. Ал, қолдобына келсек, облыстың әр ауданында бөлімшелер ашылып, сол залдарда жаттығып жатқан ұл-қыздар Алматы облысының абыройын ел чемпионаттарында табысты қорғауда.

    Енді Жетсу өңірінде қолдобының дамуы Алматы маңындағы  Өтеген батыр кентінде орналасқан Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тікелей байланысты десек артық айтқандығым емес. Бұл спорт мектебі Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасы ММ Гандболдан және футзалдан  МБЖСМ» КММ 2018 жылы іргесі қаланғаннан бері Жетісу өңірінің қолдобының бойына қан жүгіргендей болды. Өйткені, Алматы облысының атынан  республикалық және халықаралық жарыстарға  айтулы спорт мектебінің түлектері сынға түсіп, жарқын жеңістерімен қуантып келеді.

    Спорт мектебінің директоры Дархан Әшіров басшылық тізгінін ұстағаннан бастап, қолдобынан білікті бапкерлер мен талантты ойыншыларды айналасына ұйыстырып,үлкен жетістіктерге жете бастайды. Мектепте талантты жасөспірім спортшылар қолдобы, футзал және бандминтон секілді спорттың үш түрімен айналысады. Дарынды жастар Талдықорған қаласы, Іле, Талғар, Панфилов, Алакөл, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Ескелді аудандарына барып  оқу-жаттығуларын өткізіп, даланың саф таза ауасын жұтып, қыр төсінде шыңдалып қайтады екен. Бұл да бір айтулы спорт мектебі басшылығының жаттығу жұмысындағы ұтымды ойластырылып жасаған тиімді бағдарламасы сияқты. Қолдобы спортының өңірдегі филиалдары жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істеп келеді. Ал, енді шеберлерді дайындап шығарып жатқан бейнебір ұстахана іспеттес ат төбеліндей ғана спорт мектептің жеңісті жолдарын алға тартсақ.

    Гандбол мен футзалдан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері 2018 жылы  Өтеген батыр кентінде 2003 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында 1 орынды жеңіп алса, 2019 жылы Қостанайда 2002 туған жасөспірімдер арасында ел чемпионатының күміс жүлдесін, 2021 жылы айтулы қалада 2002 жылғылар арасында  3 орынға ие болады. Сонымен бірге Қостанай қаласында өткен жоғары лига  арасындағы чемпионатта  Алматы облысының 2005 жылы туған жасөспірімдер құрамасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізеді. Қолдобынан  ұлдар да қыздардың  жеткен жетістіктерінен  артта қалуды намыс көріп, Риддер қаласында өткен ел біріншілігінде жүлделі қола медальдарды  жеңіп алады. Міне, бұл тек ішкі Қазақстан біріншіліктеріндегі Гандбол мен футзалдан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлектерінің бар жоғы 3 жылдың төңірегінде жеткен жетістіктері еді. Сонымен қатар айтулы спорт мектебінің қыздар командасы  Қазақстаннан өзге, халықаралық жарыстарда да тамаша өнер көрсетіп топжарғанын айтпаса болмас. Мысалы, Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен халықаралық жарысқа алғаш рет қатысып, күміс жүлдемен оралады. Ал, 2019 жылы Өзбекстанның Наманган қаласында қолдобынан Тәуелсіздік кубогы үшін өткен  дүбірлі жарыста қарсыластарын жеңіп, бас жүлдені  жеңіп алса, 2021 жылы Самарқанд қаласында өткен байрақты жарыста чемпион атанады. Бұл енді қыр асып барып ел намысын абыроймен қорғап олжамен оралған  бір ғана спорт мектебінің жеткен жеңістері.  2021 жылы  мектеп басшылығы Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың қолдауымен келісімге отырып, Гандбол мен футзалдан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлектерінің негізін алып,  «Жетісу» клубын құрады. Дарынды қыздар командасы «Жетісу» командасының Қазақстанда топжарып алға шығуына зор үлестерін қосады.

    Жуырда Қазақстанның суперлига сайысында  «Жетісу» командасы 9 команданың арасынан суырылып  шығып, 29-шы ел чемпионы атанды. Әрине, суперлиганы жеңіп алу, Жетісу өңірінде қолдобынының қарқынды дамып келе жатқанының айғағы деуге болады. Ал сол «Жетісу» командасының негізі Өтеген батыр кентіндегі Гандбол мен футзалдан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері болатын. «Ұстазсыз шәкірт тұл», демекші, Алматы облысының «Жетісу» қыздар құрама командасының аға жаттықтырушысы, білікті бапкер Жанатты Ойнарқызы Байарыстанованың шәкірттері еліміздегі ең үздік команда екендігін паш етті.

    Жуырда Испанияда өткен  әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен «Жетісу» қолдобы командасының қос түлегі Ирина Александровна мен Камила Серікбаевалардың асқан шебер ойындарын тамашалаған Қазақстан жанкүйерлері үлкен әсерде қалған еді. Айталық, Ирина Александрова Испанияда өткен әлем чемпионатында ең үздік ойыншылар арасынан  43 гол салып, екінші сатыға көтерілген екен. Ал, талшыбықтай талантты қызымыз Камила да сол кездесуде жақсы ойын көрсете білді. Сол әлем чемпионатында  Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған  қос арудың екеуі де Өтеген батыр кентіндегі Гандбол мен футзалдан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен өсіп шыққан түлектер.

    «Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап жас өсер», демекші Өтеген кентіндегі айтулы мектепте бүгінгі күні талантты қыздардың саны көбейіп келеді. Әрине, жағдай жасалып, қамқорлық болған жерде береке де келіп кіреді емес пе. Мектеп директоры Дархан  Әшіров команда қыздарының  болашағынан үлкен үміт күтеді. Алда әлі талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр. Дегенменде жаттығуда аямай тер төккен, жарыста жеңіске жететіні  белгілі аксиома. Бір айта кетер жәй, осы спорт түріне өзіміздің қаракөз қыздарымыздың көптеп келе бастағаны қуантады. Күндердің бір күнінде Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында үздік үштіктің қатарына қосылып, сол команда қыздарының арасынан жетісулік қыздарды танып жатсақ таңғалмаспыз деген ойдамыз. Өйткені, олар Жетісу мектебінен өсіп шыққан қазақ қолдобы спортының болашақтары.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

    Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

    АЛМАТЫ

     

    Бір пікір

    1. Регистрация в казино икс

      Очень интересная информация.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *