Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасы мен Мәскеудің ЦСКА клубының шабуылшысы Юлия Мясникова осылай деп айтты
— Юлия, Ресейде доп теуіп жүрген санаулы қазақстандықтың бірісің. Мұндағы футбол деңгейі қандай?
— Әрине, Ресейде қыздардың футбол лигасының деңгейі басқаша. Біз былтыр чемпион болдық. Алайда, мұнда бәсеке өте күшті. Мысалы, Қазақстанда 1-2 клуб қана деңгейлес. Қалғанының дәрежесі де, деңгейі де төмен.
— ЦСКА командасында ойнағандықтан ерлер клубының ойынын тамашалап тұратын шығарсың.
— Әлбетте, біз барлығымыз бір клубпыз. Жалауымыз да, киіп жүрген жейдеміз де бір. Жаттығатын жеріміз де түбі бір болатын сияқты. Ерлер командасында біздің жерлесіміз Бақтиер Зайнутдинов ойнайды.
— Сіз оның ойындарын көріп жүрсеңіз, бір-біріңізбен жақсы араласатын шығарсыз?
— Әрине. Жаттығу кезінде, алаң сыртында да көріп тұрамын. Соншалықты жиі кездеспесек те, байланыс үзбейміз. Қанша дегенмен Қазақстаннан болғандықтан, бір-бірімізді жылы тартамыз.
— Бас жаттықтырушы Григорян мырзамен сөйлестім. Ол кісі сені ерекше мақтады. Қарағандылық болғандықтан, кеншілерге тән мінез бар дейді.
— Жаттықтырушыға бәрі сырттан көрініп тұрады ғой. Мен қазір қапталда ойнаймын. Көбінесе қорғанысқа жауап беремін. Аракідік өзге де позицияларды жүремін. Бақтиер Зайнутдинов — әмбебап футболшы. Кез келген жерде ойнайды. Менде сол секілді нағыз кәсіпқой футболшы болуға тырысып жүрмін.
— Эльвира Тодуа Ресей құрамасының негізгі қақпашысы: «Юлия өте шебер ойыншы» деп мақтау сөз айтты. Оның ЦСКА ойынына қандай әсері бар?
— Эльвира Зурабқызы өте тәжірибиелі адам. Оның орны ерекше. Команданы ұстап тұратын 2-3 адам болса, соның бірі дер едім. Ол мен жайлы жақсы пікірде екенін байқадым. Бүкіл қаптал бойынша жүгіріп, талмай еңбек етіп, қорғаныста қате жібермесем мақтамасына амал жоқ.
— Қыздардың футболшы болғаны әлі де біртүрлі болып саналатындай көрінеді. Олардың тұрмыс құрып, ана болуға талпынысы жоқ па?
— Біздің командада 3-4 футболшының бала-шағасы, күйеуі бар. Олардың біразы футболшыларға тұрмысқа шыққан. Бала туып болған соң 2 жылдан кейін қайтадан футболға келгендері де жоқ емес. Ал мен жеке өміріме келетін болсам, әзірге ұнатып жүрген жігітім жоқ. Күнде таңертең жаттығуға кетемін. Сосын, үйге барып түскі ас ішемін. Бір сағат ұйықтап аламын да, кешкі жаттығуға қайта барамын. Одан кейін үйге барып жуынып, тамақ пісіріп жүргенде кеш батады. Ал ертесіне таңғы 8-де қайтадан жаттығуға баруым керек. Осылай күнде қайталанады. Осының ортасынан уақыт тауып адамдармен сөйлесудің өзі қиын. Негізі жігітім қазақстандық болғанын қалаймын.
— Әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен Ермұхамед МӘУЛЕН
Мәскеу,
Ресей Федерациясы