Бүгін Абзал Әжғалиев АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен өтіп жатқан Әлем кубогының екінші кезеңінде күміс медаль жеңіп алды.
Қазақстандық шорт-трекші 500 метрге жарыста тек канадалық Максим Лауннан қалып қойды. Үздік үштікті оңтүстік кореялық Ли Жун Со түйіндеді.
Бұдан басқа бүгін Нұртілек Қажығали 1500 метрлік сында финалда бақ сынап, бесінші сатыдан көрінді. Юта штатында Қазақстан толық құрамда сынға түсіп жатыр:
Ерлер – Абзал Әжғалиев, Нұртілек Қажығали, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов, Антон Хван;
Әйелдер – Алина Әжғалиева, Яна Хан, Малика Ермек, Алена Волковицкая, Анастасия Астраханцева, Ольга Тихонова;
Бас жаттықтырушы – Нұрберген Жұмағазиев. Солт-Лейк-Ситидегі жарысты Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Youtube арнасынан тамашалай аласыздар.
Канаданың Монреаль қаласында өткен алғашқы кезеңде ерлер құрамасы 5 шақырым эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізген. Қазір 5000 метрге жарыста әлем рейтингінде Ұлттық құрама 9-сатыда келе жатыр (12094 ұпай).
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА