Ташкент қаласының «Пахтакор» стадионында футболдан Өзбекстан мен Қазақстан құрама командалары халықаралық жолдастық кездесу өткізіп, матчтың алаң иелерінің жеңісімен аяқталғаны белгілі.
Осы матч туралы Өзбекстанның Sport.uz сайты небәрі бес сөйлемнен ғана тұратын хабар берді.
«Сайыста біздің өкілдеріміз қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді. Алдымен, 11-минутта Ходжимат Эркинов матчтағы есепті ашты. 45-минутта Эльдор Шомуродов екінші голды соқты», – деп жазады сайт.
Одан кейін шағын хабарда: «Осылайша Сречко Катанецтің шәкірттері жеңіске жетті. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, біздің өкілдеріміз 20 қарашада Ресей құрамасымен ойнау үшін алаңға шығады», – деп түйінделеді.
Сайт тілшілері матчтан кейін Өзбекстан ұлттық құрама командасының капитаны және итальянның «Рома» клубының шабуылшысы Эльдор Шомуродовтан төмендегідей сұхбат алды.
– Қарсыластарыңыздың ойын деңгейі жөніндегі пікіріңіз қандай?
– Әуелі мен күннің суықтығына қарамастан, ойынды көруге келген жанкүйерлерге алғыс айтып алайын. Ойынға келсек, біз өзімізді жақсы жағынан көрсете білдік. Өзіміз алдын ала ойластырған жоспарымызды орындадық. Сонда да болса, олқылықтарымыз бар. Олар түзетілуге тиіс. Ал Қазақстан құрамасы өте жақсы ойын көрсетті.
– Ұлттық құрама сапындағы рекордты жаңарту үшін сізге енді бір гол салу ғана қалды. Сіз осыған ұмтылып жүрсіз бе?
– Әрине, менің де тарихта қалғым келеді. Осы себептен мен рекордты жаңартуға тырысамын. Құдай бұйыртса, оны да жасармын, содан кейін иықтан ауыр жүк алынып, ойын жеңілдей түседі.
– Алда Ресеймен кездесу тұр. Сіз Ресейде ойнап көрдіңіз, олардың мүмкіндіктерін жақсы білесіз. Жалпы, сіз бұл матч жөнінде не айта аласыз?
– Ресеймен ойын, бүгінгіге қарағанда, айтарлықтай қиын болып өтеді. Ендігі қарсыластарымыз тек дене күші жағынан ғана емес, сонымен қатар техникалық жағынан де анағұрлым күшті.
– Сіз негізгі матчтарда гол соғып жүрсіз. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Дәлірегі, егер сіздің «Ромадағы» ахуалыңыз жайына келсек.
– Мен қазір ұлттық құраманың сапында жүрмін. «Рома» туралы әзір ештеңе айта алмаймын.