Осы күндері футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында Иранның ұлттық құрама командасының ойыншылары мен олардың туған-туыстарына қысым көрсетіліп жатыр. Бұл туралы «Чемпионат» хабарлады.
Атап айтқанда, бүгін Иран Ислам революциясының сақшылары АҚШ құрамасымен болатын матчтың алдында футболшылар өздерін «дұрыс ұстамаса», олардың туыстарының түрмеге қамалып, азапталатынын айтқан деген дерек бар.
Мәліметке қарағанда, қазір Ислам революциясы сақшылары корпусының он шақты офицері Иран командасының футболшыларын жіті қадағалап жүр. Ойыншыларға ұлттық құраманың орналасқан жерінен шығып, шетелдіктермен сөйлесуге тыйым салынған.
Ескерте кетсек, Иран — АҚШ матчы бүгін кешкі 22:00-де басталады. Бұл командалар «В» тобында ойнайды. Олардан басқа топта Англия мен Уэльс құрамалары бар. Англия топта 4 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші орынды 3 ұпаймен Иран командасы иеленіп отыр. Ал АҚШ екі ұпаймен 3-орында. Сондай-ақ осы топтағы Уэльс 1 ұпаймен соңғы орында тұр.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА