• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Азия ойындарына қатысқым келеді – Жібек Құламбаева

    Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жылды қорытындылап, алдағы ой-жоспары жөнінде Қазақстан теннис федерацисы баспасөз қызметінің сұрақтарына жауап берді. Ол келесі жылы Азия ойындарында бақ сынап, ел намысын қорғағысы келетінін айтты.

    -Жібек, дүниежүзілік рейтингте жекелей сында 441-орында тұрсың. Жұптық сын сенің оң жамбасыңа келетін секілді. Қазір 201-сатыдасың. Алдымен өткен маусым несімен есте қалды? Соны айтып бересің бе?

    -Жалпы, маусым ойдағыдай өтті деуге болады. Жекелей және жұптық сында рейтингілік көрсеткішімді жақсарттым. Жұптық сында бірнеше рет жарыс жеңімпазы атандым. ITF25 және ITF15 турнирлерінде екі рет финалға дейін жеттім. Дегенмен, маусым соңында жарақат алып, аяғына дейін ойнай алмадым.

    -Ол не жарақат? Қатты мазалап жүр ме?

    -Тобығымнан жарақат алып едім. Қазір емделіп жатырмын.

    -Емделу қай кезге дейін созылуы мүмкін?

    -Екі ай.

    -Сонда қаңтар айында жаттығып, турнирлерге дайындала бастайсың ба?

    -Иә.

    -Биыл белгілі теннисші Ярослава Шведова тізгінін ұстаған ұлттық құрама алғаш рет командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде өнер көрсетті. Шотландияның Глазго қаласында ойнай алмасаң да, командамен бірге болдың. Қандай әсер алдың?

    -Биыл ұлттық құрама сапында екі рет болдым. Әуелі Билли Джин Кинг кубогының іріктеу сатысында Астанадағы Ұлттық теннис орталығында Германиямен ойнадық. Онда жұптық сында еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилинамен бірге өнер көрсеттім. Содан кейін Глазгоға жол түсті. Әрине, қыздармен бір командада болып, бірге жүрген, бірге жаттыққан өте пайдалы. Өйткені, олардың бәрі де – кәсіпқой спортшылар. Бәрі де жылды жақсы аяқтады. Әсіресе, Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирі – Уимблдон жарысының чемпионы атанғаны бәріміздің мерейімізді өсірді. Сондықтан олардан көп нәрсені үйренуге болады. Өз шеберлігіңді жетілдіре түсесің.

    -Қазір өз деңгейіңді қалай бағалайсың? WTA 125 деңгейіндегі турнирлерге қатыса аласың ба?

    -Жұптық деңгейде бақ сынауға дайынмын деп ойлаймын. Жекелей сында рейтингтегі орным әзірге мүмкіндік бермейтін болар. Сондай-ақ тәжірибесі мол, рейтингі жоғары теннисшілермен ойнап көрген жоқпын. Негізінен ITF 25, 60 додаларында өнер көрсетіп жүрмін. Онда деңгей төмендеу.

    -Өткен жылы Астанада WTA 250 турниріне қатысып көрдің ғой. Қалай ойлайсың, ITF жарыстарының деңгейі көп төмен бе?

    -Мен сол матчта болашақ чемпион, бельгиялық Алисон Ван Эйтванкке жол бергеніммен, барынша қарсылық көрсеттім. Ойын 4:6, 3:6 есебімен аяқталды. Тым сақ ойнадым. Дегенмен мұндай жарыстағы деңгейдің өзгеше екендігі байқалып тұрды. Ол шеберлігін көрсете алды. Ал менде олай болған жоқ.

    -Алдағы маусымда қандай мақсат-міндет қойып отырсың?

    -Жаңа жылда рейтингіде неғұрлым жоғарылап, өз ойынымды барынша жақсартсам деймін. Ең бастысы, маусым алдында жемісті еңбектеніп, дұрыстап дайындалу керек. Сосын маусым бойы табысты өнер көрсеткім келеді.

    -Алдағы жылы күзде Қазақстан спортшылары үшін басты жарыстардың бірі – Азия ойындары болады. Оған қатысу ойыңда бар ма?

    -Әрине! Ұлттық құрамаға алынсам, ойнауға дайынмын. Ел намысын абыроймен қорғаудан артық не бар!

    -Әңгімеңе рахмет. Алдағы жылы шеберлігіңді жетілдіріп, табыстарға жетуіңе тілектеспіз.

    Жібек Құламбаева 22 жаста, Алматы қаласының тумасы. ITF санатындағы турнирлерде екі рет жекелей сында жеңімпаз атанған. Оған қоса жұптық сында 19 титулды иеленген.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *