Шымкентте «Artsport» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің алдында берешектің болуына жол берген мәдениет басқармасының басшысы жазаланды.
Шымкент қаласының прокуратурасы қалалық мәдениет басқармасы тарапынан «Artsport» бағдарламасы аясында қызмет көрсеткен 159 кәсіпкердің 600 млн теңгеден аса берешегі бар екенін, әкімдік тарапынан оны өтеуге шара қолданбай жатқанын анықтады.
Бұл ретте кәсіпкерлерге берешектерді қайтару туралы қала әкімдігіне прокурорлық қадағалау актісі (заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыным) енгізілді.
Прокуратураның араласуынан кейін 159 кәсіпкердің 200 млн теңгеге жуық берешегі ішінара төленді. Қалған берешектер жыл соңына дейін қайтарылатын болады.
Берешектердің қалыптасуына жол берген қалалық мәдениет басқармасының басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 234-1-бабымен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 306 300 теңге әкімшілік айыппұл салу жазасы қолданылды.
Динара АМАНТАЙ,
АСТАНА