Астаналық теннисші Альбина Какенова Австралиядағы жасөспірімдер турнирінің финалында өнер көрсетті.
«Мельбурн Паркінің» кортында Австралияның ашық чемпионатына арналған Asia-Pacific Elite 14 & Under Trophy жасөспірімдер турнирі аяқталды. 14 жастағы жерлесіміз Альбина Какенова финалдағы тартысты бәсекеде Жапония өкілі Хикари Ямоммотоға есе жіберіп алды. Есеп – 7:6, 4:6, 2:6.
Әрине, шешуші матчта жеңіліп қалғаныма мұңайып отырмын. Финалға жету үшін қаншама көп күш жұмсадым. Дегенмен жылды жақсы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл – мұндай беделді турнирдегі бірінші финал. Тамаша апта және жақсы турнир болды. Мен одан тек оң нәтиже ала аламын, — деді жас спортшы.
Альбина Какенова – Астана теннис мектебінің тәрбиеленушісі. «Дәулет» теннис орталығында Марат Шариповтың жетекшілігімен жаттығады.
Жалпы, өткен жылы 14 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Азия рейтингінде Қазақстан маусымды 1-орында аяқтап, ATF (Asian Tennis Federation) Juniors сериясының жалпы төрт турнирінде жеңіске жеткен болатын.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
АСТАНА