• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Сәпиевті де жаттықтырған». Жасы 80-ге таяған бапкер балаларға бокс үйретіп жүр

    Қарағанды облысында қарттар үйінде тұрса да балаларды жаттықтырып жүрген бапкер бар. Жас кезінде талай шыңды бағындырған ол енді шәкірттерін жетістікке жетелемек, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

    Жасы 80-ге таяса да спортты серік еткен Есіркеп Жақсыбаев өзі тұрып жатқан Шахан кентінде мектеп оқушыларына бокстан шеберлік сағатын өткізіп жүр. Ол күнделікті 2 сағат уақытын спортқа арнайды. Бұл – бала кезінен қалыптасқан әдеті. «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген спорттық дәрежесі бар.

    Оны Шахан кентінде бәрі біледі. Тіпті Серік Сәпиевті де жаттықтырған. Бір ерекшелігі, ол бізге боксшы өз талпынысы бар намысты, мықты адам болу керек деп үйретті, — дейді жергілікті оқушы Бақыт Асан.

    Есіркеп Жақсыбаев бұрынғы Қарағанды дене шынықтыру техникумының түлегі. Одан соң спорт шебері атанған ол Қазақ КСР біріншілігінің жүлдегері, республикалық жарыстардың жеңімпазы болған. Қысқасы, жас шағында Еуропа елдерінің рингтерінде жасындай жарқылдаған.

    Шәкірттерім көп болды. Екеуі әлемдік турнирлерден жеңіске жетті. Солармен мақтанамын. Мен өзім қарттық дегенді білмеймін, бар өмірімді спорт саласына арнадым. Қазір де осы спорттың арқасында ауру-сырқауды білмеймін. Адам көп жүру, көп жүгіруі керек, — дейді Есіркеп Жақсыбаевтың өзі.

    Былғары қолғап шеберінің ақындығы да бір төбе. Спорт залынан шыққан соң қалың дәптерін қолға алады екен. Туған жерге деген махаббатын, мамандығына деген адалдығын қария өлең етіп орыс тілінде жазады. Бұдан бөлек, тағдырластарын да спортпен, бимен айналысуға үгіттейді.

    Биді өте қатты жақсы көреді. Сосын өлең шығарғанды ұнатады. Күнде таңертең осы мекмеден бастап, Шахтинск қаласына дейін жүгіріп барып келеді. Есіркеп Қамайұлының туған інісі бар. Ол осында кісі жиі келіп тұрады, — дейді «Шахтинск қаласының арнаулы әлеуметтік кызмет көрсету орталығы» КММ директоры Ерлан Жәукімов.

    Жаттықтырушы 2011 жылдан бері қарттар үйінде екен. Бір ұлы қаза тапқан, ал қызы шетелде тұрады. Қазір қарттар үйінде өзімен тағдырлас 90 адам бар.

     

    Еркеғали БЕЙСЕНОВ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *