Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина теннистен Дубайда өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Рыбакина екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен кездесіп, оны 7:5, 6:2 есебімен ұтты. Бұған дейін екеуі бір-бірімен үш рет кездескен еді. Сонда Рыбакина үш ойында да жеңген болтын.
Бұл жолы Рыбакина матчты брейкпен бастағанымен, Боузкова таразы басын теңестіре алды. Дегенмен қазақстандық тенниісші тағы бір брейк жасап, 6:5 есебімен алға шықты. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ. Есеп — 7:5.
Отандасымыз екінші партияны да брейкпен бастады. Содан кейін тағы бір эйс жасап, матчты жеңіспен түйіндеді. Есеп — 6:2.
Енді Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Коко Гауфпен кездеседі. Ол екінші айналымда рейтингте 43-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичті 6:0, 6:4 есебімен ұтты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА