21 сәуір күні «Алматы Арена» спорт сарайында тоғызқұмалақтан қалалық жасөспірімдер турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, турнирге қаланың үздік тоғызқұмалақшысы №157 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Әйгерім Әлімжан қатысады. Ойын тоғызқұмалақтың рапид түрінен, 7 турдан, швейцариялық жүйе бойынша, үш жас ерекшелігі: 10, 12, 14 жастан жоғары қыздар, ұлдар арасында өтеді. Турнир аясында «Алматы Арена» спорт кешенінде Мусрят Елибакиев атындағы шахмат және тоғызқұмалақ клубының ашылуы болады. Айта кетейік, тоғызқұмалақ 4000 жылдық тарихы бар қазақ халқының ұлттық ойыны. Бұл ойын түркі тілдес халықтар арасында кең тараған. Бүгінгі таңда тоғызқұмалақтан Халықаралық, Республикалық, облыстық, қалалық федерациялар жұмыс жасайды. Алматы қаласында №16 олимпиада резервінің жасөспірімдер мектебінде тоғызқұмалақ бөлімі бар. Жыл сайын тоғызқұмалақтан республикалық, қалалық чемпионаттар, турнирлер өткізіліп тұрады. http://www.inform.kz/kz/almatyda-togyzkumalaktan-zhasospirimder-arasynda-kalalyk-sayys-otedi_a3018680