• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қажымұқан спорт мектебі – министрлік кубогының екі дүркін иегері (ФОТО)

    Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2007 — 2008 жылдары туған  спортшылары дзюдо, таеквондо, еркін күрес, бокс, грек-рим күресінен өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кубогын жеңіп алды.

    16-22 сәуір аралығында Талдықорған қаласында еліміздің 17 спорт-интернаттар арасында спорттың бес түрінен ұйымдастырылған дүбірлі додада спорт ордасының оқушылары осымен екінші рет Мәдениет және спорт министрлігінің кубогының иегері атанды.

    Бұл жарыстың өзі де биыл екінші рет өтті. Кубок жолындағы турнир аса тартысты және қызықты болды. Іріктеу сынында ұжымдар төрт топқа бөлініп жеңімпазды анықтады. Әуелі жүзден жүйрік, мыңнан тқлпан шыққандар жартылай финалға жолдама алып, финалға шықты. Финалда алаң иелелері — Жетісу облысының спорт интернаты мен былтырғы, яғни, тұңғыш осы кубоктың иегері – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт ордасы сынға түсті. Олар финалда дзюдо, грек-рим, таеквондо мен бокстан басым түсіп, былтырғы атағын қорғап қалды. Ал Жетісу облысының Жақсылық Үшкемпіров атындағы Олимпиада резервінің облыстық мектеп-интернат-колледжі бұл текетіресте тек еркін күрестен ғана алда болды.

    Финалда Қажымұқан спорт мектебінің сайыпқырандары басымдық танытып, екінші рет кубоктың иегері атанды.

    Жеңімпаз бен жүлдегерлерді Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спорт резерві басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов, Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, Жетісу облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл марапаттады.

    Бұл бәсекенің діттегені — дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасап, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Араларыңызда көбіңіз ерт.еңгі Ұлттық құрама өкілісіздер. Біз сіздерге зор сенім артамыз. Халықаралық жарыстарда жүлделі болып, жанкүйерлерімізді қуантқандарыңызды қалаймыз. Осы жарыс аталған даңғыл жолда тәжірибе жинауға зор септігін тигізеді деп ойлаймын, — деп айтты финал қарсаңындағы командалар шеруінде Аманбай Нұрмұханбетов.

    Ал қола жүлдеге Жамбыл облысының мектеп-интернат-колледжі ие болды. Олар бокс, таеквондо мен еркін күрестен жеңіске жетсе, қалған грек-рим күресі мен дзюдо бәсекесі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының (Түркістан облысы) пайдасына шешілді.

    Биыл кубоктың жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Жеңімпаз 5 миллионға ие болса, 2-орынға үш, қола медаль алған командаға 2 миллион беріледі.

    Айта кетейік, биыл 17 спорт оқу ордасынан келген 450-ден астам жасөспірім дзюдо, бокс, таеквондо, грек-рим және еркін күрестен сынға түсті. Таеквондо жарыс бағдарламасына алғаш рет қосылды. Оның ішінде бокста 7, қалған спорттан 5 салмақта жеңімпаз анықталды. Биыл 2007-2008 жылдары дүниеге келген шәкірттер бақ сынады.

    Барлық команда іріктеуде 4 топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездесті. Әр топта 1-орын алған оқу ордасы ғана жартылай финалға жолдама алған. Сосын, А мен С тобының, тағы В мен D тобының үздігі ақтық сынға шығу үшін таласты.

    Анықтама: Кешенді жарысты  Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады. Былтыр іріктеуі 4 қалада, ал финалы Астанада өткен алғашқы жарыста Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі чемпион атанған.

     

    Ардақ ТОҒЫМОВ,

    ФОТО: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *