• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Әлем чемпионатына өзге ел атынан қазақ боксшылар қатысып жатыр

    Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатына өзге мемлекеттердің атынан тегі қазақ боксшылары да күш сынасып жатыр. Олар Қытай, Бахрейн, Өзбекстан мен Моңғолия ұлттық құрамаларының сапында жарысқа қатысуда.

    Қытай Халық Республикасының құрамында тегі екі қазақ былғары қолғап иесі бар. Олар 80 келі салмақтағы Таңатхан Тоқтарбек (Tanglatihan Tuohetaerbieke) мен аса ауыр салмақтағы Данабек Байғазы (Danabieke Bayikewuzi). Жақшаның ішінде олардың рингке көтерілер алдында ағылшын тілінде жазылған аты-жөні берілген.

    Бұл екеуі де әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Таңатхан Тоқтарбектің жасы – 26-да. Ол Жапонияның Токио қаласында өткен Олимпиялық ойындарға қатысқан. Өз салмағында ҚХР чемпионы атанған. Боксшы бірінші жекпе-жегінде Арменияның өкілі Хамбардзум Акопянды жеңді.

    Қытайдың атынан шаршы алаңға шығып жатқан тағы бір қандасымыз Данабек Байғазы да бірінші кездесуінде жеңіске жетті. Ол 1/32 финалда тағы бір Арменияның спортшысы Давид Чалоянды ұтты. Данабек — әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

    Бахрейн құрамасында 51 келі салмақтағы Азат Махметов (Azat Makhmetov) қолғап түйістіріп жатыр. Ол Қазақстанда туған. Соңғы екі жылдан бері Бахрейнде тұрады. Осы елдің азаматтығын алған.

    Өзбекстан командасында 63,5 келі салмақтағы тегі Руслан Абдуллаев (Ruslan Abdullaev) деген қандасымыз бар. Ол әлем чемпионатында алтын жүлдеге үміткерлердің бірі болып саналады. Руслан осыдан үш жыл бұрын Қазақстанға оралып, Шымкент қаласы атынан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысқан. Бірақ елде бір-ақ жыл болып, қайта Өзбекстанға қоныс аударған. Қазір осы елдің нөмірі бірінші боксшысы.

    Моңғолия құрамасында 92 келі салмақтағы Бекнұр Қали (Byeknur Khali) жарысқа қатысып отыр.

    Биылғы әлем чемпионатында қазақ жаттықтырушылары да өзге елдің ұлттық құрамаларын жаттықтырып жатыр. Мысалы, Болат Ниязымбетов додаға Сербия командасын бастап келсе, Марокконың боксшыларын Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерік Алғабек алып келді.

    Сонымен бірге  Моңғолия құрамасында Қайнар Қайсанай, Түрікменстан жасағында Теңелбек Жұмақұлов, Түркия командасында Ерғали Бекмұрзаев деген жаттықтырушылар бар.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *