Ташкент төріндегі әлемдік чемпионат қазақ жұртшылығын дүр сілкінтіп өтті. Естеріңізде болса, осыдан тура 39 жыл бұрын да Ташкенттен қанжығамыз майланып, арқа-жарқа боп оралғанбыз. Тарихта тұңғыш рет Советтер одағының чемпиондық атағын 4 қазақ боксшысы жеңіп алған еді. 1984 жылғы ССРО чемпиондары: Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов!
Енді, міне, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай дүниежүзілік чемпионаттың алтын тұғырында ат ойнатты. Жер шарында 7,5 млрд-тай адам барын ескерсек, әлемдегі 20 миллиондай ғана қазақ ұлты өрендерінің басқасын айтпағанда, әрқайсысында 1,5 миллиардқа жуық тұрғыны бар Қытай мен Үндістанның, 130-140 миллион адамы бар Жапония мен Ресейдің алдына шығуы нағыз ерлік емес пе!
Ал мұндай тарихи ерлік күнде туа бермейді. Мұндай адамзаттық деңгейдегі ерлікке қол жеткізу үшін ұлттың болмысы, жан дүниесі, табиғаты соған сай болуға тиіс. Және де іргетасы берік, жүйелі бапкерлік мектебі болмайынша ондай асқар шың асу бермейді. Біздің қазақ бокс мектебінің іргетасын совет империясының қандықол саясатынан ықпай, жұрт аты-жөнін жапа-тармағай «ов, ев-ке» көшіріп жатқанда, «Бөлтекұлымын» деп қасқиып тұрған ер Шоқыр бекітіп еді. Ұлтына деген пейілі таза, көңілі кіршіксіз адам негізін салған бокс саласы сонау 1947 жылдан бері қазақтың намыс туын қолдан берген емес. Бүгінгі жеңіс сол арқауы берік дәстүрдің заңды жалғасы.
Ендеше, ұста болмаса, қылыш ұстамайсың; ұстаз болмаса, шәкіртке жарымайсың, демекші, Ташкенттегі ұлы дүрмекте жеке-дара шыққан төрт оғыланның артында қаншама бапкердің тұрғанын ұмытпайық. Егер ұстазы келіспесе – бала жүз жерден дарынды, мың жерден күшті болса да алысқа шаба алмайды. Ендеше төрт чемпион мен күміс жүлдегердің жеке бапкерлерін қалың жанкүйердің алдында ілтипатпен атап өтейік: Нұржан Насанов – Санжар Тәшкенбайдың бапкері; Ілияс Оралбек – Махмұд Сабырханның бапкері; Ермек Ертаев – Асланбек Шымбергеновтың бапкері; Асқар Еркебаев – Нұрбек Оралбайдың бапкері; Нұрлан Ақүрпеков – әлем чемпионатының күміс медалисі Дулат Бекбауовтың бапкері.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов биылғы қаңтар айының 3-інен бастап тізгінді қайта қолға алды.
Аға жаттықтырушы – Марат Жақиев – әлем чемпиондары Ердос Жаңаберген (2005 ж.) мен Бекзат Нұрдәулетовтің (2019 ж.), қос бірдей Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің, әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахмановтың ұстазы.
Ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамы: Нұркен Андасов, Жәміл Жүсіпов, Нұржан Насанов, Ермек Ертаев, Азамат Мақажанов, Ғани Әшкеев, Талғат Жақыпбеков, Бағдат Оңғарбеков, Зәкір Сафиуллин.
Бұлардан басқа Қамшыбек Қоңқабаевтың бапкері Ғалымжан Байғондиев, Санатәлі Төлтаевтың жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаров, әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің ұстазы Қуанышбек Қоқышев, тағы басқа мамандар ұлттық құраманың сапында жүр.
Және де қазақ ұлттық құрамасының ғылыми-кешенді тобының жетекшісі Ғалия Біләлова, құрама дәрігері Ирек Сатов, массажшылар Жасұлан Икметов пен Әлібек Әбілов, литвалық маман Донатас әлемдік чемпионаттағы табысқа зор үлес қосты. Әлемдік сайыстарда жүгі қайта-қайта ауып, жеңілістен көз ашпай жүрген балуандарымыз бен жүзушілеріміз, қайықшыларымыз бен жеңіл атлетшілеріміз, тағы басқалар бокс құрамасынан үлгі алса деген тілегіміз бар.
Осы жерде Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев пен федерацияның атқарушы директоры Марат Мықтыбектің де ұлттық құрамаға сіңірген еңбегі зор екенін атап өту керек.
Ташкенттегі әлем чемпионатының қарсаңында Қазақстанның бокс құрамасы Түркістан облысындағы «Алматау» спорт базасында шешуші дайындығын жасады. Біз республикалық Спорт комитетінің тапсырмасымен үш күндей жігіттердің қасында болдық. Сонда байқағанымыз: боксшылар шетінен қазақи тәрбие көрген, кішіпейіл, еңбекқор жігіттер; ал жаттықтырушылар алқасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға дайын ұйымшыл ұжым. Ташкенттен оралған соң Мырзағали Айтжанов бір интервьюінде «Біз ынтымақтың және ерен еңбектің арқасында жеңіске жеттік», деді. Бұл сөзге ықыласпен қол қоюға дайынбыз.
Иә, өз баласына қимайтын асыл уақытын шәкірттеріне арнайтын жаттықтырушылар алқасына ел болып алғыс айтайық. Мұндай азаматтар барда ұлтымыздың жеңіс ұстаханасы әрдайым дүрілдеп тұрады!
Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт тарихшысы
АСТАНА