Қазақстан футбол федерациясы және Errea Sport компаниясы УЕФА-ның құрама командалар үшін жаңа футбол экипировкасын дайындау бағдарламасы аясында ұлттық құрама командаларының жаңа ойын жейдесін таныстырды.
ҚФФ-ның хабарлауынша, былтыр Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА ұлттық құрамалардың жаңа футбол экипировкасын дайындау мен қамтамасыз ету жөніндегі келісімге келген. Келісім жаңа, қайталанбас өзіндік дизайнды жасауға мүмкіндік береді.
Барлық экипировка денсаулыққа жағымсыз әсер ететін заттарға қарсы стандарт енгізген «100 ОЕКО-ТЕХ» сертификаттауынан өткен.
Ойын жейдесі үш түрлі – үйдегі (сары), қонақтағы (көк) және қосымша (қара). Экипировканың дизайны Қазақстандағы ең үлкен спорттық дизайн жасаушы компания – Creeeon-ның Errea Sport мамандарымен бірлесуі арқылы жасалды. Процесс барысында біз жанкүйерлеріміздің ойын тыңдап, ұлттық нақыштағы бейнелер мен символикаларға дауыс беруіне мүмкіндік бердік, — делінген хабарламада.
Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа жейдесімен алғашқы ойындарды маусым айында Сан-Марино және Солтүстік Ирландия құрама командаларына қарсы өткізеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА