Әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Берлин қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 139-орында тұрған, іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, 20 жастағы ресейлік спортшы Полина Кудерметовамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 5:4 болған кезде Елена брейк жасады. Бірінші сет осылай 6:4 есеппен аяқталды.
Екінші сетте Рыбакина 3:0 есебімен алға шықты. Сосын ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Сөйтіп, қорытынды есеп 6:4, 6:2 болды.
Матч бір сағаттан астам уақытқа созылды. Осы уақытта Елена Рыбакина 9 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, Полина Кудерметованың әпкесі, әлемнің 13-ракеткасы Вероника Кудерметова да Берлинде өтіп жатқан турнирге қатысып жатыр.
Енді Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА