• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ еліне жеңіс сыйлау біз үшін мәртебе – ұлттық құраманың ойыншылары (ВИДЕО)

    Бүгін түнде Белфаст қаласында 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының турнирінің іріктеу матчында футболдан Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландия құрамасын 1:0 есебімен ұтып, Н тобындағы турнир кестесінде екінші орынға шықты.

    Ойынның 87-минутында алаңға шыққанына көп уақыт бола қоймаған шабуылшы Абат Айымбетов ұлттық құрама сапындағы сегізінші голын салып, Қазақстан құрамасы жеңіс сыйлады. Ол осымен биылғы матчтарда ұлттық құрамаға екінші рет жеңіс голын салып отыр. Осының алдында «Астана Арена» стадионында еліміздің бас командасы Дания құрамасын 3:2 есебімен ұтқанда жеңіс голын әкелген осы Абат Айымбетов болатын.

    Ұлттық құрама Даниямен ойындағыдай осы матчта да жақсы өнер көрсетті. Оны матчтан кейін болған баспасөз мәслихатында Солтүстік Ирландия командасының бас жаттықтырушысы Майкл О’Нил де мойындады.

    Ойынның бірінші таймында футболшыларымыз жасыл алаңға құлшынып шықты. Олардан бір қобалжу, өздеріне деген сенімсіздік байқалмады. Оны матч кезінде де көрмедік. Керісінше, футболшылар бас жаттықтырушының жоспарын толығымен, тіпті артығымен орындап шықты деуге болады. Бұл туралы бас бапкер Магомед Адиев пен ойыншылардың өздері матчтан кейін айтты.

    Бұл жерде (Киім ауыстыру бөлмесі, — ред.) ештеңе айтпай-ақ қоюға болатын еді.  Бәрі де түсінікті. Бәрі де біздің ойынды қарады. Біз ойынымызды алаңда ғана көрсетеміз. Бүгін сіздер соны көрсеттіңіздер.

    Ер адам көп сөйлемейді, сол сияқты ұлттық құраманың жейдесін киген футболшы бос сөйлемейді деп ойлаймын. Сіздер соны, тағы да қайталап айтамын, тағы бір рет көрсете алдыңыздар. Жалпы, үлкен жетістік ешқашан оңай келмейді. Оған жету үшін көп еңбектену керек, көп жұмыс істеу керек. Мен сіздердің аяқтарыңызға қарасам тізелеріңіз қан-жоса. Жеңіс осылай ғана келеді. Ал біз биікке ұмтылып жатырмыз. Осылай ғана жеңісті қай жерде болса да жұлып аламыз. Жігіттер, біздің командада мінез бар. Мінез болса бәрі болады. Соны сіздер бүгін тағы да көрсеттіңіздер, –  деді Адиев.

    Бүгінгі ойынның қаһарманы –  Абай Айымбетов те матчқа қатысты пікір білдірді. Ол Солтүстік Ирландия құрамасын сырт алаңда жеңіп, елімізге жақсы көңіл-күй сыйлағанын, соңғы минутта жеңіс голын салғанына өте қуанышты екенін айтты.

    Қазақ еліне жақсы эмоция сыйладық деп ойлаймын. Жеңіс құтты болсын! Соңғы минутта жеңіс әкелгеніме өте қуаныштымын!

    Ойынды айтсам, матч өте қиын болды. Бұл –  жалғыз менің еңбегім емес, бүкіл құраманың еңбегі. Біздің команда бір отбасыға айналып кетті. Қазір мен команданы отбасым деп айта аламын. Бұл менің артық айтқандығым емес. Біз өте қиын ойын болатынын білдік. Сондықтан сырт алаңнан үш ұпай алып кетіп жатқанымызға өте қуаныштымын, –  деді ол.

    Шабуылшы сонымен бірге осындай қиын матчта ұлттық құраманы қолдаған миллиондаған жанкүйерге алғысын білдірді.

    Аллаға мыңда бір шүкір! Бүкіл елімізді осындай маңызды матчта қолдап, жеңісімізге сеніп, сол жеңісімізді көргендеріңізге қуаныштымын! Сырт алаңдағы үш ұпай қазақ еліне керемет жетістік.

    Голды айтсам, орта алаңнан допты алып қорғаушыларды алдап, допты торға тулатқаныма әрине, қуанышым шексіз. Әртүрлі гол болады. Бірақ, голдың да голы болады екен. Маған матчтың алдында бас жаттықтырушы алаңдағы міндетімді айтты. Мен мүмкіндікті жіберген жоқпын. Голдың қайталауын әлі көрген жоқпын. Көргеннен кейін айтармын. Бәрі «жақсы гол салдың», деп мақтап жатыр.

    Қазақ еліне жеңіс әкелу мен үшін абырой, мәртебе. Ол өмір бақи есте қалатын дүние болады. Алла қаласа, голдар көбейсе тарихта да қалып жатармыз. Тарихта қалу әр футболшының арманы, мақсаты. Бірақ, біздің ең басты мақсатымыз – елге ұпай әкеліп, жеңіс сыйлау, жанкүйерлерді қуанту. Мен сұрмерген ретінде тарихта қалғым келеді, –  деді ол.

    Оның командаласы жартылай қорғаушы Абзал Бейсебеков те матчтың өте қиын болғанын жасырмады.

    Ойын өте қиын болды. Өздеріңіз көргендей, көбінесе қорғаныста болдық. Қарсы шабуылға шығуға тырыстық. Алланың қалауымен ұттық. Осы жеңсті біз бүкіл елімізге арнаймыз, – деді футболшы.

    Сондай-ақ ол ойын басталар алдында ешқандай қобалжудың болмағанын, команда 90 минут бойы өз ойынын ойнағанын айтты.

    Қобалжу болған жоқ. Бас жаттықтырушы айтқан тактиканы ұстандық. Қарсылас команда алғашқы 15 минутта алға жүгіреді деген оймен ойнадық. Сосын 15-20 минуттан кейін ашылып ойнай бастадық. Футболшылар 100 емес, 200 пайызға бар күшін салып ойнады. Соның арқасында үш ұпай алдық. Енді тек алға басамыз!, –  деді Абзал Бейсебеков.

    Ал құраманың тағы бір өкілі Марат Быстров матчтың алдында бас жаттықтырушының мотивациялық сөздер айтқанын, оның сөздері командаға күш-жігер бергенін атап өтті.

    Бас жаттықтырушы бізге ойын алдында киім ауыстыратын бөлмеде жақсы мотивация берді. Ол: «Бүгін Қазақстан халқы ұйқысын бөліп, біздің ойынымызды қарайды. Бұл матчты отандастарымыз көптен бері күтті. Сондықтан бүгін барлық қазақстандықтарға қуаныш сыйлайық» деген жалынды сөздерін айтты.  Оның осы сөзі бізге дем берді, қанаттандырды. Біз алаңға құлшынып шықтық.

    Ойын біткенде менің есіме жаттықтырушының осы сөздері түсті. Бүгін менің туған күнімде командамыз жеңіске жетті. Осы күнді мен ұзақ уақыт есте сақтаймын.  Біз жақсы ойнадық. Соңына дейін ойнап, жеңіске жеттік. Біз қорғанып ойнамадық. Өзіміздің ойынымызды ойнадық, – деді ол.

    Осылайша ұлттық құрама төрт ойыннан кейін тоғыз ұпай жинады. Енді келесі ойынды Қазақстан құрамасы өз алаңында 7 қыркүйекте Финляндиямен, одан кейін 10 қыркүйекте Солтүстік Ирландиямен өткізеді.

    Қазақстан құрамасының осы жеңісінен кейін H тобындағы турнир кестесі өзгеріп сала берді. Ұлттық құрама алдына Финляндия командасын салып, екінші орынға көтерілді. Үшінші орынға  Дания командасы жайғасты. Даттар сырт алаңда Словения жасағымен 1:1 есебімен тең ойнап, екі ұпайынан айырылып қалды. Төртінші орынға Словения, бесінші және алтыншы орынға Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино құрамалары орналасты.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *