Елімізге белгілі азамат Ислам Әбішев басқаратын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Бразилияда төл күресімізден Панамерика чемпионатын өткізді.
Бразилия төріне төселген кілемге Солтүстік жəне Оңтүстік Американың Мексика, Бразилия, Парагвай, Уругвай, Перу, Чили, Колумбия, Аргентина елдерінің палуандары қатысты.
Панамерика чемпионатында сегіз елдің өкілдері 80 және 80 килодан аса салмақ дәрежесінде күреске түсті.
Осы жарысқа Қазақстан делегациясын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Төкеев бастап барды. Ол чемпионат кезінде үйретуші маман ретінде күртеше киіп, кілемге де шықты. Жаттықтырушы болып талай мықты спортшының томағасын сыпырған маман Латын Америкасындағы атан жілік, апайтөс палуандарға ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілі мен ерекшелігін үйретті.
«Қолың мен тізең кілемге тисе, күресу тоқтатылатын, тек тік тұрып белдесуге бейімдейтін ұлттық спортымыздың бұл құрлықта дамығаны өте-мөте маңызды дейді», Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Нұрлыбек Ермағамбетов.
Нұрлыбек Ермағамбетов Бразилия жерінде палуандарға белдесудің қыр-сырын үйретумен бірге бапкерлер мен төрешілерге арнайы семинар, кеңестер өткізді.
«Қазақ күресінен Панамерика чемпионатын өткізудегі мақсатымыз – ұлттық күресіміздің насихатын арттыру. Алдағы уақытта Латын Америкасы елдерінде қазақ күресінің федерациялары ашылып, ұлттық спортымызбен шұғылданушылардың саны көбейсе – еңбегіміздің ақталғаны. Біздің басты мұратымыз – қазақ күресін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Алла сәтін салса, ол күнге де жетеміз. Қазақ күресінен әлемнің 40-қа жуық елінде федерациялар ашылды. Әлемнің 80-нен астам елінде федерациямыз болып, ұлттық күресіміз кеңінен таралса, төл күресіміз Олимпиада ойындарының төрінен көрінеді. Панамерика чемпионатын ұйымдастырудағы, арнайы семинар, кеңестер өткізудегі көздегеніміз де осы құрлықта федерациялар ашу», – дейді Серік Адамұлы.
Дзюдо күресі мен жекпе-жек спортына өте бейім алып денелі панамерикалықтар ұлттық күресімізбен шұғылдануға ерекше ықылас танытты дейді чемпионатты ұйымдастырушылар.
Қуаныш НҰРДАНБЕК
қай қалада және қашан өтті???
23-24 қарашада Рио-де-Жанейро мен Санту Адре қаласында болды