Әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирін жеңіспен бастап, жарыстың екінші айналымына шықты.
Ол алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен ойнап, оны 6:7 (3:7), 6:4, 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Бірінші партияда тай-брейкте америкалық спортшы сәтті ойнап, Бубликті 7:6 (7:3) есебімен жеңді. Одан кейін екінші сетте есеп 4:4 болған кезде Бублик брейк жасап, есепті 6:4-ке жеткізді.
Үшінші сетте қазақстандық теннисші доп берген кезде қателік жіберіп, қарсыласының брейк жасауына жол беріп қойды. Дегенмен есепті 4:4 етіп, таразы басын теңестіре алды. Содан кейін тағы бір брейкке жасап, партияны өз пайдасына шешті. Есеп – 6:4.
Төртінші партияда Бублик тағы да брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Сосын партияны 6:4 есебімен аяқтады.
Ойын екі сағат 49 минутқа созылды. Матч аса тартысты болды. Осы ойында Бублик 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Енді ол екінші айналымда тағы бір америкалық, әлемнің 48-ракеткасы Джеффри Джон Волфпен кортқа шығады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА