Жапонияның Фукуока қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты болып жатыр. Бүгін Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті, деп хабарлады Мəдениет жəне спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.
Эдуард Ким көркем жүзу бәсекесінің техникалық бағдарламасында қола медаль иеленді. Отандасымыз 216 ұпай жинап, топ жарған испаниялық Диас дель Рио Сол Фернандо (224.5550) мен күміс жүлдегер америкалық Годе Кеннетке есе жіберді.
Ерлер арасындағы артистік жүзу биыл алғаш рет əлем чемпионатына қосылды. Жапониядағы айтулы бəсекенің финалында 10 спортшы алғашқы жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Бұл спорт түрінен атлеттер енді 22 шілдеде еркін бағдарламада бақ сынайды. Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасы суда жүзу, су добы (ерлер, әйелдер) және ашық суда жүзу жарыстарында өнер көрсетеді.
Дода 30 шілдеде аяқталады.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА