Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев футбол клубтарын, Футбол қауымдастығы мен Кәсіпқой футбол лигасын үш жылға барлық салықтан босататын заңға қол қойды.
Gazeta.uz сайтының хабарлауынша, Салық кодексінің 483-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес (уақытша салық жеңілдіктері) 2023 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін Өзбекстан Футбол қауымдастығы, оның өңірлік бөлімшелері, Өзбекстан кәсіпқой футбол лигасы, Футбол төрешілері орталығы, Өзбекстанның кәсіпқой футбол клубтары мен академиялары салықтың барлық түрлерінен (әлеуметтік салықты қоспағанда), шетелдік футболшылар мен мамандар үшін жеке табыс салығын төлеуден босатылды.
Сонымен бірге футболға арналған стадиондар мен ареналардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін әкелінген, Өзбекстанда өндірілмейтін жабдықтар, спорттық жабдықтар мен технологияларды, құралдарды, хабар таратуға арналған барлық құрылғылар мен жабдықтарды, фармакологиялық өнімдерді, спорттық тамақтануды, футбол (футзал) алаңдарына арналған жасанды жабындарды, арнайы желімдерді және кәсіпқой спорттық құрал-жабдықтар әкелу кезінде қосымша құн салығынан босатылады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
ФОТО: Gazeta.uz