• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Таэквондодан ӘЧ: Назым Махмұтова жарыс жолынан шығып қалды (ФОТО)

    Бүгін Әзербайжанның Баку қаласында өтіп жатқан таэквондодан XXVI әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні болды. Жарыс жолына ұлттық құрама сапынан Назым Махмұтова (62 кг) мен Нұрқанат Қожахметов (74 кг) шықты, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    Осы чемпионаттағы ең жас спортшының бірі 16 жастағы Назым Махмұтова жапониялық Касуми Хирабаяшиды екі раундта ұтып, әлем чемпионатын жақсы бастады. Осыдан кейін ол әлемдік рейтингіде ұпайы аз болғандықтан көш басындағы таэквондошының біріне қарсылас болды. Былтырғы жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионы Сара Чааримен айқас тартысты өтті. Алғашқы раундта бельгиялық басым болғанымен, Назым таразы басын теңестіріп кетті. Алайда шешуші раундта тәжірибелі Сара Чаари басымдықты уысынан шығарған жоқ.

    Алғашқы жекпе-жек қиын болған жоқ. Бәрі жаттықтырушым айтқандай болды. Екі раундта да жеңіп шықтым. Содан кейін осы салмақтағы әлем чемпионына түсіп қалдым. Тактика бойынша қолмен көбірек ұрып, сосын теуіп, ұпай алуым керек болған. Екінші раундта солай болды. Ал үшінші кезеңде шаршап қалдым, -деді Назым Махмұтова жекпе-жектен кейін.

    Өкінішке қарай, тағы бір отандасымыз Нұрқанат Қожахмет алғашқы кезеңде сүрінді. Ұлттық құрама спортшысы (74 кг) Оңтүстік Корея таэквондошысы Же Вон Канға жол берді. Есеп – 0:2. Айта кетейік, осыған дейін 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионатында осы салмақта Қайрат Сарымсақов қола медаль жеңіп алған.

    Ертең — әлем чемпионатының соңғы күні. Қазақстан сапынан Азиза Қаражанова (53 кг) мен Руслан Жапаров (+87 кг) бақ сынайды.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *