Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина осы маусымдағы эйс саны бойынша көш бастады, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Теннисші 26 матчта 181 эйс жасады.
Рыбакинадан кейін чехиялық Каролина Плишкова (91 эйс) екінші, жапониялық Наоми Осака (70) үшінші орында келеді.
Майами WTA 1000 турнирінде Рыбакина 53 эйс жасады.
Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде Беларусь өкілі Арина Соболенконы ығыстырып, екінші орынға көтерілді. Ал Майами турнирінен кейін ол әлемдік рейтингіде өзінің төртінші орнын сақтап қалды. Үздік үштікте өзгеріс жоқ. ТОП-3 тізімінде Ига Швентек (Польша), Арина Соболенко (Беларусь), Коко Гауфф (АҚШ).
Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) рейтингісінде ТОП-50-ге жақындады.
Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына шығып, 68-ден бірден 52-орынға көтерілді.
Юлия Путинцева осы аптада Чарльстон (АҚШ) WTA 250 жарысында өнер көрсетеді. Оның алғашқы қарсыласы – аустралиялық Арина Родионова. Егер Путинцева Арина Родионованы жеңсе, екінші айналымда украиналық Леся Цуренкомен ойнайды.
Ерлер арасында ATP рейтингісінде Александр Бублик 18-сатыда қалса, Александр Шевченко 58-ден 56-ға көтерілді. Михаил Кукушкин – 134, Денис Евсеев 182-сатыда, Бейбіт Жукаев 201-орында, Дмитрий Попко 240-ші, Тимофей Скатов 277-сатыда тұр.